Атырау облысының оқушылары Қарағанды қаласында өткен республикалық қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы ғылыми жобалар конкурсында бірнеше жүлдені қанжығалап, үздік нәтижелер көрсетті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байқауда елдің әр өңірінен жиналған 8–11 сынып оқушылары ғылыми жобаларын қорғады. Атыраудағы №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары ағылшын тілінен, сондай-ақ №36 мектеп-гимназиясының оқушысы этномәдениеттану пәнінен І орын алды. №2 «Білім-инновация» лицей-интернаты қазақ тілінен ІІ орынға ие болса, Н. Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты әдебиет пәнінен және Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның оқушысы қазақ тілінен ІІІ орынға қол жеткізді. Сондай-ақ бірқатар қатысушы арнаулы грамоталармен марапатталды.
— Өңір оқушыларының бұл жетістігі – олардың табандылығы мен ұстаздарының жүйелі еңбегінің нәтижесі. Білім сапасын арттыру мақсатында облыс мектептерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, дарынды оқушыларды республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға дайындау жұмыстары тұрақты жүргізілуде, - деді “Таланттарды анықтау және қолдау” орталығының директоры Қайырғали Әзілов.
Айта кетейік, байқауға жалпы саны 200-ге жуық оқушы қатысты.




