Атырауда оқу жылы басталғалы 200-ден астам мектепте есірткінің зияны туралы дәріс өткізілді

Есірткі – бұл қоғамның ең түйткілді мәселесі. Ол– адамның көңіл күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті және заңмен тыйым салынған химиялық зат. Осы тұрғыда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында ұлтымызға қауіп төндіретін синтетикалық есірткімен күресті күшейтуді тапсырды.

«Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек»- деді Президент.

Мемлекет басшысы бұдан бұрын, Ұлттық құрылтайдың отырысында елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталып, есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына үлкен қауіп төндіретінін атап өткен болатын.

«Есірткісіз қоғам құру – әрбір қазақстандықтың алдында тұрған міндет» екенін айтқан ол Үкімет алдына бірқатар міндет жүктеді. Сонымен қатар есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін енгізу мақсатында бірқатар заңнамалық бастама жүзеге асырылуда.

Бұл ғана емес, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік те күшейтілді. Осы ретте, Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының үйлестіруімен 2024-2025 жылғы оқу жылы басталғалы 209 мектепте есірткінің зияны туралы дәрістер мен викториналық сабақтар өткізілуде. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына деректі фильмдер көрсетіліп, есірткіден аулақ болу қажеттілігі айтылуда.

Мұндағы басты мақсат - балалар мен жасөспірімдерге есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылық пен қылмыстық жауаптылықты түсіндіру, нашақорлыққа қарсы теріс иммунитетті қалыптастыру. Қазіргі уақытта Атырау облысы аумағындағы барлық білім беру орындарын толық қамту жоспарда тұр.

Өйткені, есірткіні қолдану мен таратудың салдарын нақты түсіндіре отырып мектеп оқушыларына, олардың ата-аналарына үнемі семинарлар мен дәрістер өткізу осы мәселелердің алдын алуға ықпал. Бұған дейін, полиция тарапынан нашақорлыққа қарсы 550 алдын алу іс-шарасын ұйымдастырып, шараға 10 мыңнан астам жасөспірім мен жастар қамтылды.

Айта кету керек, жыл басынан бері Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткіге қатысты 120 қылмыс анықтап, 5 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіледі. Бұдан бөлек, аса ірі көлемде есірткі сақтаудың 10 дерегі, есірткі жарнамасын қатысты 5 дерек және есірткіні интернет арқылы сатудың 40 дерегі анықталып, күдіктілер ұсталды. Айта кетейік, қолданыстағы заңға сәйкес, есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Осыған байланысты, заңның талаптарын сақтауға және басқаларға қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жасаудан аулақ болу керектігін ескертеміз. Жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, оның алдағы өміріне кері әсерін тигізері сөзсіз.

Есіңізде болсын! Қылмыстың құрбаны болмас үшін абай болып, сақтану шараларын да қабылдау қажет. Егер өзіңізге қатысты заңсыз әрекет жасалғалы жатыр деген ой туындаса немесе сондай әрекеттер жасалса, дереу «102» телефон нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз немесе көшедегі кез келген полиция қызметкеріне жүгініңіз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521