Атырау қаласында білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 900 орындық екі жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа білім ордалары Жұлдыз-3 ықшам ауданында және Ақсай 2 ауылында бой көтерді.
Жаңа білім ордаларының басты ерекшелігі – заманауи материалдық-техникалық база. Мектептерде STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, шығармашылық шеберханалар, инклюзивті оқыту кабинеттері қарастырылған. Сондай-ақ, ғимаратта лифттер, пандустар, бейнебақылау жүйелері, турникеттер және қауіпсіздік аймақтары орнатылады.
Оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында мектептерде 255 орындық асхана, мұғалімдерге арналған коворкинг аймағы, медициналық бөлім, кітапхана, акт залы және үш спорт залы болады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде Атырау облысында барлығы 9 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде олардың төртеуі пайдалануға берілді:
* Водниково ауылындағы – 1200 орындық мектеп,
* Береке ықшам ауданындағы – 1200 орындық,
* Сарыөзек ауылындағы – 300 орындық,
* Жұлдыз-2 ықшам ауданындағы – 900 орындық мектеп.
Қазіргі уақытта тағы үш нысанның құрылысы жалғасып жатыр:
* Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында – әрқайсысы 600 орындық,
* Жылыой ауданының Құлсары қаласында – 1200 орындық мектеп.
Жоба толық іске асқанда, аймақтағы үш ауысымды мектептер мәселесі шешіліп, оқушыларға заманауи әрі қауіпсіз оқу ортасы ұсынылмақ.


