2026 жылғы 6 қаңтарда Атырау қаласындағы Senim элиталық мектебінде «JasUp Mega Sumo Tournament – 2026» атты ашық республикалық робототехника турнирі өтті. Аталған жарыс Қазақстанның әр өңірінен келген оқушыларды, студенттерді және педагогтарды бір алаңға біріктірді.
Турнирдің негізгі мақсаты Атырау облысында STEAM-білім беру мен робототехниканы кеңінен насихаттау, балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық және инженерлік дағдыларын дамыту, сондай-ақ спорттық робототехника саласында педагогтар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау болды. Іс-шара «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын JasUp жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.
Жарыс барысында қатысушылар жапондық сумо күресіне ұқсас форматта автономды роботтарын сынады. Роботтардың басты міндеті қарсыласын ринг шекарасынан сыртқа ығыстыру болды. Робот сумосы әлемдегі ең танымал робототехникалық жарыстардың бірі болып саналады, және жыл сайын мыңдаған оқушы осындай сайыстарға қатысады.
Турнирде жапондық Mega Sumo ережелері қолданылды: роботтың өлшемі 20×20 см-ден, ал салмағы 3 килограмнан аспады. Барлық роботтар толықтай автономды болып, датчиктерден келіп түскен ақпарат негізінде адамның араласуынсыз өздігінен шешім қабылдады. Жеңіске жеткен командалардың роботтары жылдамдығымен, дәлдігімен, сенімділігімен, конструкциялық шешімімен және қарсыласын итеріп шығарудағы тарту күшімен ерекшеленді.
Турнирге 133 қатысушыдан құралған 57 команда қатысты. Қатысушылар Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Астана қаласынан келді.
«JasUp Mega Sumo Tournament – 2026» инженерлік ойлау қабілетін, командалық жұмысты және инновациялық әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды және Қазақстанда STEAM-білім беру мен робототехника саласының одан әрі дамуына серпін берді.



