Атырауда «JasUP» білім беру жобасының тоғызыншы легі қорытындыланды

Қорытынды шарада қамыс өрттерін ерте анықтауға арналған смарт-дрон, МӘМС жүйесін оңтайландыруға бағытталған MedAI цифрлық экожүйесі, өндірістік автоматтандыру шешімдері, роботтандырылған құрылғылар және экологиялық-әлеуметтік веб-платформалар таныстырылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Жоба өткен жылдың наурызынан бастап KazRobotics республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы арқылы іске асты. Бастама қолға алынғалы бері Атырау қаласы мен Жылыой ауданынан 3732 мектеп оқушысы, студент және педагог қатысты. Олар жыл бойы жобалық жұмыстың толық циклінен өтіп, идея әзірлеуден бастап прототип дайындау және оны көпшілік алдында қорғау кезеңдеріне дейінгі барлық процесті меңгерді, - деді жоба менеджері Асқар Алдан.


Қорғау кезеңінде Атырау қаласы мен Жылыой ауданынан 13–24 жас аралығындағы 45 оқушы мен студент өңірдің әлеуметтік, экологиялық және технологиялық мәселелерін шешуге бағытталған 25 қолданбалы инженерлік және IT жобасын ұсынды. 

Жобалар робототехника, баламалы энергетика, экология, медицина, цифрлық сервистер, веб-әзірлеме, бағдарламалау, жасанды интеллект және 3D модельдеу бағыттарын қамтыды.

Айта кетейік, «JasUP» – Теңізшевройл компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба. Бастама жастардың инженерлік ойлау қабілетін дамытып, өңірдегі өзекті мәселелерге инновациялық шешімдер ұсынуға бағытталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT