Асық – қазақ халқының көне ұлттық ойыны. Асық ойыны балалардың ойлау қабілетін, ептілігін, мергендігін дамытуға арналған. Асықтың төрт негізгі қыры бар: алшы, тәйке, бүге, шіге. Әр асықтың түсу қалпына байланысты ойын ережелері өзгеріп отырады, бұл баланың қызығушылығын арттырады.
«Мейірім» бөбекжай-бақшасында қаңтардың екінші аптасында ортаңғы «Еркетай» тобына “Асық – асыл қазынам” атты іс-шара ұйымдастырылды. Онда тәрбиеленушілерге асықтың маңызы, пайдасы, түр-түсі туралы ақпараттар берілді. Ойын түрлері:шыр, асық ату, ханталапай. Балалар ойынға белсене, қызығушылықпен қатысты. Ойын барысында балалар көзбен мөлшерлеуді, қол қимылын дәл үйлестіруді, жеңіске жетуге ұмтылуды үйренді. Сонымен қатар асық ойнау балалардың бір-бірімен қарым-қатынасын жақсартып, достық пен ұйымшылдықты одан әрі нығайта түсті.
Балабақша жасындағы балаларға асық ойыны өте пайдалы. Ол саусақтардың ұсақ моторикасын дамытып, баланың зейінін тұрақтандырады. Оған қоса көз бен қолдың үйлесімділігін жақсартып, кезек күтуге, сабырлылыққа, нақтылыққа үйретеді. Асықты санау арқылы балалардың математикалық түсінігі қалыптасады, ал түстерге бөлу арқылы танымдық қабілеті артады.
Қазіргі таңда асық ойыны ұлттық құндылық ретінде қайта жаңғырып, балабақша мен мектеп бағдарламасына енгізілуде. Бұл – өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің, салт-дәстүрді сақтаудың тиімді жолы.
Асық ойнау – жай ойын ғана емес, баланың денсаулығын нығайтатын, ой-санасын дамытатын, ұлттық тәрбие беретін баға жетпес мұра. Оны балалар өміріне кеңінен енгізу – болашақ ұрпақ үшін аса маңызды.
Жадыра Кемелханова,
«Мейірім» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі,
жас маман




