Арманға алыс шақырған сыңғырла, соңғы қоңырау!

Көк аспаннан төгілген күннің шуағы ерекше — ол жас жүректердің үмітін, болашаққа деген сенімін әлдилеп тұрғандай. Мектеп ауласын соңғы рет баяу басып өткен түлектердің жүрегінде бір толқу, бір сағыныш... Қоңырау үні енді оларға балалықтың емес, үлкен өмірдің есігін айқара ашып тұрғандай естіледі.

Көктемнің әр күні үміт пен қуанышқа толы. Дәл осы мезгілде мектеп өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі – соңғы қоңырау, түлектермен қоштасу, үлкен өмірге жолдама алу секілді ерекше кезеңдер басталады. Бұл – әр шәкірттің есінде мәңгі сақталатын, жүрек тебірентер шақ. Әр сәт – алдағы болашаққа жасалған сенімді бір қадам.

Жылдағы дәстүр бойынша, аудан мектептерінде соңғы қоңырау 24 мамыр, сенбі күні сағат 10:00-де өтеді. Бұл – түлектерге арналған ерекше әрі әсерлі кез. Әр мектеп ауласы гүлге толып, алтын ұямен қоштасу әндері шырқалып, ұстаздар мен ата-аналар ақ жол тілейтін әсерлі сәт туады.

Мектеппен қоштасу – жай ғана бір кезеңнің аяқталуы емес. Бұл – балалықтың бал күндеріне тағзым, ұстазға деген алғыс, болашаққа бастар жаңа жолдың бастамасы. Алда арман асулары, мақсат мекендері, сын мен серпіліске толы өмір жолы жатыр. Әрбір түлек – туған елдің ертеңі, халқымыздың үміті. Бүгін мектеп табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқан жастар – ертең мемлекеттің тізгінін ұстар азаматтар. Олар алған білімін ел игілігіне жұмсап, Отанын сүйетін, өз саласында үлгі бола білетін тұлға болып қалыптасады деп сенеміз.

Жалпы 2024-2025 оқу жылы ауданымыз үшін табысты әрі жемісті жыл болды. Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Гауһар Әубекердің берген мәліметіне сүйенсек, биыл 9-сыныпты 1661 оқушы аяқтаса, оның 82-сі «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Бұл – білімге деген шынайы құштарлық пен ұстаздар еңбегінің нақты нәтижесі. Сондай-ақ, 902 оқушы 11-сыныпты бітіріп, алтын ұя – мектебімен қоштасып, өмірден өз жолын таңдауға дайын. Оның ішінде 42 түлек «Үздік аттестатқа», ал екі оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Білім сапасы мен ұлттық құндылықтарды қатар ұстанған түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуге де белсенді қатысып жатыр.

Сонымен қатар, 5-8 және 10-сынып оқушылары үшін қазақ тілінен аралық емтихан өткізіледі. Ал 9 және 11-сыныптар мемлекеттік қорытынды емтихан тапсырады. Бұл кезең – оқушылардың тек білімін емес, жауапкершілігін, тәртібі мен табандылығын да сынайтын маңызды белес.

Ендеше, үлкен өмірге қадам басқан сапарларың сәтті, білімге ұмтылған жолдарыңыз ашық болсын, жас түлектер дегіміз келеді!

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT