Армандарға жетелеген алғашқы қоңырау!

Өткен сейсенбі күні аудан мектептерінде 1-ші және 11-сыныптар үшін алғашқы қоңырау соғылып, жаңа 2024-2025 оқу жылы басталды.

Дәстүрге айналған Білім күні өңірдегі барлық жалпы орта білім беру ұйымдарында «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты шара ұйымдастырылып, ұстаздар мен шәкірттер бір-бірімен қауышты. Биыл 18 871 оқушы алтын ұя есігін айқара ашса, олардың ішінде 1871 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттады.

Таңғы самалмен балғын балдырғандардың гүлге толған құшағы, мектепке асыққан алғашқы қадамы мен ата-аналардың жүрегін кернеген қуаныш пен толқу сезімдері білім ордаларының табалдырығын шаттыққа толтырғаны рас. Өйткені, күздің алғашқы күні қай бала үшін де ерекше мерекеге айналған. Бұл күн тек күнтізбедегі жаңа күн емес, әр оқушының өміріндегі жаңа белес, болашаққа бастар тұңғыш қадамы болып есте қалары хақ.

Биылғы оқу жылы аудан үшін тарихи сәттердің бірі болды. Себебі жыл басында жаңадан ашылған №13 жалпы орта білім беретін мектепте тұңғыш рет алғашқы қоңырау салтанаты өтіп, өз шәкірттерін қабылдады. Жаңа ғимаратқа бастаған бүлдіршіндер үшін алғашқы қоңырау сыңғыры жүрекке мәңгі сақталар естелікке айналды десек артық айтқандық болмас. Мұндағы шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Алмабек Абдолов арнайы қатысып, жас ұрпақты, ұстаздар мен ата-аналарды құттықтады. Ол өз сөзінде:

- Білім – ел дамуының басты кепілі. Ізденістен тайынбаған әрбір шәкірттің алар асуы биік болмақ. Ал оқушы жетістігі – ата-ананың қуанышы, ұстаз еңбегінің жемісі. Сондықтан, құрметті шәкірттер, алдымен, дұрыс білім алуға тырысыңыздар. Өйткені ел келешегі – білімділердің қолында. Зейіндерің ашылсын, жетістік тұғырынан көрініңіздер. Ата-ана үмітін ақтап, озат оқыңыздар. Шамшырақтарың сөнбесін!-деп ақ тілегін білдірді. Сондай-ақ ұлағатты ұстаздарды да жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Иә, биыл жаңа оқу жылы ресми түрде 2 қыркүйектен басталды. Алғашқы күннен-ақ барлық сыныптарда жас буынның бойына отансүйгіштік қасиетті дарытып, елжандылық сезімді оятуға бағытталған «Менің Отаным – Қазақстан» атты бірыңғай тәрбие сағаттары өткізілді. Бұған дейін оқу жылына дайындық барысында аудан мектептеріне ішкі және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушыларға жайлы орта қалыптастырылды. Әсіресе, Құлсары қаласындағы №19 мектептің жағдайы айрықша назарға алынды. 2024 жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен білім ошағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Реновация» жобасы аясында толықтай күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде материалдық-техникалық базасы қайта жаңартылған мектеп 2025-2026 оқу жылында шәкірттерін қуана қарсы алды.

Ендеше, жаңа оқу жылы баршаға жақсылық, еліміздің білім саласына тың серпін әкелсін. Алғашқы қоңырау сыңғыры жас жүректерді арманға жетелеп, саналы қоғамның болашағын қалыптастыруға жол ашсын демекпіз!

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT