«Анашым, мені тыңдашы!…

Бүгін Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссиясы және Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен «Анашым, мені тыңдашы!..» акциясы негізінде мерекелік іс-шара өтті.
Аталған жиынға ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының мүшесі, Атырау облысының кураторы Альфия Адиева және Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссия төрағасының орынбасары Айгүл Әжіғалиева, комиссия мүшелері, ата-аналар, ұстаздар мен студенттер қатысты.

–Наурызнама мерекесімен астасқан шарада 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай ұлттық ойындар ойнау да қалыс қалмады. Жарапазан айтылып, Ұлыстың күнінің мәні айшықталды. Өнерлі студенттер домбырада күй шертіп, мың бұралған би мен әннен шашу шашты. Ана мен қыз бала әлеміндегі сәулелі сырды ашу үшін студенттер қойылым қойып, тақырыпқа назар аударды.

“Анашым, мені тыңдашы!.. деп жазылған жүздеген хат ортаға ұсынылды. Оны келген қонақтармен бірге ата-аналар да оқып, перзенттерінің алғысқа толы жазбаларына толқыған сезімдерін жасыра алмады, – дейді колледж директоры Айжан Қарабаева.

Жиында «Анашым, мені тыңдашы!..» жобасының авторы Альфия Адиева аталған жұмысының мәні мен маңызына айрықша тоқталды.

–Негізінен бұл жобаның авторы мен емес, авторы қоғам екенін атап айтқым келеді. жасыратыны жоқ, қазір таңмен тұрып ұялы телефонды ашып қалғанда неше түрлі сұмдық жаңалықтан, қатігездіктен шошимыз. Мұның түбіне үңілсек, «болып жатқан жайттың барлығы бүгінгі тәрбиенің осалдығының салдары ма?» деген орынды сұрақ туады. Өйткені қазір ана мен бала арасында диалог жоқ. Ана басқа тілде, қызы басқа тілде сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. “Сен менімен сөйлеспейсің, ватсапта отырасың” деген баланың ішкі жан дауысы бар. Соны тыңдай білейік, бір сәтке телефонды ысырып, баламызға мән беріп қарайықшы деген ойдан туған еді бұл жоба, – дейді идея авторы.

Айта кеткен жөн, бүгінде аталған колледжде 1309 қыз бала оқыса, жоба аясында анаға арналған 700-ден аса хат жазылған. Әрбір хаттың айтары бар. Сондықтан бүгінде қыз тәрбиесі үшін бұл жобаның маңызы жоғары. Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор басқосу “Қазақ қызы” әнімен қорытындыланды.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521