Анаға да ана керек...

Анаға да ана керек...
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Ана! Мен үшін тым нәзік әрі жұмбақ тақырып. Жұмбақ дегенім анам қайтқанда мен небәрі үш жаста едім. Анамның қайда екенін, тіпті әр адамның анасы болатынын да білмеппін. Оның барлығын ес біле келе аңғардым. Бірақ, шүкір деп айтайын, анамның жоқтығын сездірмеген біртуар азамат әкем жүрді жанымда. Әкемнің, анамның бауырлары болды. Олардан көп қамқорлық көрдік.

Дегенмен, «Мамаммен базарға бардым», «Мамам былай деді», «Мамам екеуміз» деген сөздерді естігенде іштей қызыға да, қызғана қарайтынмын. Менің де анам болғанда ғой, шіркін дейтін кездерім де жоқ емес. Бұл бала күнгі қиялым әлі де менімен бірге. Қазақтың ақын қызы Күләш Ахметованың мына бір жыр шумақтары осы сөздеріме дәлел іспетті:

Ішімнен тынам әлі мен,

Іздетіп қанша өтті ай, күн.

Керек ең маған бәрінен,

Әлі де сені жоқтаймын.

Өтінен қашып ызғардың,

Шешімге келдім неше осы:

Жанынан ерте қыздардың,

Кетпесе екен шешесі!

Менің анам Шара Көптілеуова Есмұқашқызы – бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ауданымызға белгілі ұстаз. Анамның қандай оқытушы болғанын шәкірттерінен, бірге жүрген дос құрбысынан естіп жүремін. Жұмысқа келгенде талапшыл, тәртіпті алға қоятын мұғалім, өз ісінің нағыз маманы болса, достыққа адал, ағайын-туысқа бауырмал, қамқор, жанашыр бауыр бола білді.

1990 жылы әкеммен шаңырақ көтеріп, аяулы жар атанып, артынша махаббаттарының жемісі өмірге мен келдім. Аз уақыт болса да аналық сезімді бастан кешіріп, отбасылық өмірдің бақытты шақтарын өткізді. Өмір жолының ең тәтті шағына келгенде дәм-тұзы таусылып, жұлдыздай ағып түсті. Орта жолда есеңгіреп жан жары, артында аңырап бауыр еті баласы, естерін жия алмай бауырлары мен достары қалды. Өмір өзінің жалған екенін тағы бір мәрте еске түсірді.

Сол кезде есімді білмесем де, есейе келе анамның жоқтығы жаныма қатты бататын. Жан жақтан қамқорлықты сезініп, еркелеп еркін өссем де, әттеген ай дейтін уақыттар көп кездесті. «Жеті жеңгең болса да, бір анаңдай бола алмас» деп бекер айтылмаса керек, қанша жерден жақын адамдарым қаумалап жүрсе де, анаңның басыңнан бір сипағанына зәру болады екенсің. Қазіргі уақытта өзім де анамын. Дегенмен анаға да ана керек екен. Кейде ата-анасын керек қылмай жүргендерді көріп жаным ашиды. Олардың да бір күні жоқ болатынын білсе, сезсе, түсінсе бұлай жасамас еді-ау...Еееех. бір кем дүние ай!!!

Қамшыдай ғұмырың үзілді ерте,

Көрмедің қызық, сапарың келте.

Анасы бар жанға қызыға қараймын,

Жебеп жүр, ана, қызыңды ерке.

Жалғызың сені аңсап жылайды,

Жаныңа жәннатты сұрайды.

Мәңгілік ұйқыңды білсем де,

Жүрегім қимайды, сыздайды.

Әлемнің жарығын сыйлап, өсірген жемісінің қызығын көре алмай кеткен анашымды қатты сағынамын...Іздеймін. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ», дүние салғанына 30 жылға жуық уақыт өтсе де сағынышпен өмір сүріп келеміз. Анам тірі болса қаңтардағы туған күнін тойлар ек! Бірақ, Құран бағыштатып еске алудан басқа амал нешік?! Алланың қалауы сол, еске алуға арналған дұға дастарханы ғана жайылады, өлі де болса рухы сезер деген ниетпен осы жазбамды арнадым. Ата-анамнан қалған жалғызы ретінде шырақтарының сөнбеуін перзенттік парызым деп білемін.

Асылжан Сабурова, қызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT