Американы бағындырған жылыойлық жеткіншек

Жақында мұхиттың арғы жағындағы Америка елінен киелі мекен – Кең Жылыойға сүйінші хабар жетті. Құлсары қаласындағы №16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Ислам Бисеналиев халықаралық математика олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақ елінің мерейін үстем етті. Әрине, бұл жеңісті жетістікке ол оңайлықпен жеткен жоқ.

Ол биылғы маусым айының 29-30-ы күндері Болгарияның Несебр қаласындағы “Шекарасыз математика” халықаралық олимпиадасында жүлделі III орынды иеленген еді. Енді, міне, шілденің 9-ы мен 10-ы күндері АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы әйгілі Райс университетінде өткен «Olympiad USA» халықаралық математика олимпиадасында Ислам I орын жеңіп алып, алтын алқа мен бағалы сыйлықтарды қанжығасына байлады. Бұл жас дарын иесінің жылдар бойына тынымсыз ізденісі мен табандылығының жемісі. Бұл жеңістің қыр-сырын, жас жеткіншектің қуанышын өз аузынан білу мақсатында Исламмен арнайы хабарласқан едік:

– Отбасында бес баламыз. Менің Икрам деген сыңарым бар. Ол екеуміз каратэ үйірмесіне қатысып, республикалық жарыстардан жүлде алып жүрміз. Ал мектепте оқу озатымыз. Биыл Назарбаев интеллектуалдық мектебіне оқуға түстік. Мен 3-сыныптан бастап аудандық олимпиадаларға қатысып жүрдім. 5-сыныпта математика пәнінен дәріс беретін ұстазым Лаура Нұрланқызы олимпиадаға арнайы дайындай бастады. Сол жылы ауданнан 1-орын иеленіп, облысқа жолдама алдым. Ал 6-сыныптан бас-тап “Білімге ниет” оқу орталығына қосымша дайындыққа бардым. Онда Сағиева Мадина апай халықаралық олимпиадаларға дайындап, іріктеу кезеңінен өттім. Осылайша мені финалға шақырды. Математикаға деген қызығушылығым, ата-анамның маған артқан сенімі және Мадина апаймен бірге жүргізген әзірлігіміз осы жеңіске жетуіме басты себеп болды. Нәтижесінде осы жазда қос бірдей халықаралық олимпиадаға қатыстым. Екеуінің де есептері бір-біріне ұқсамайды, әртүрлі бағытта берілді. Болгариядағы олимпиаданың есептері қиындау көрінді. Себебі онда өткен “Шекарасыз математика” олимпиадасында геометриялық есептер кездесті. Ал біз 6-сыныпта геометрияны әлі өтпеген едік. Сол себепті ІІІ орын алып қалдым. Ал Америкадағы есептер біздің мектеп бағдарламасына жақын келді,-дейді ол ағынан жарыла.

«Болашақта кім болғың келеді, қандай арман-мақсаттарың бар?» деген сауалымызға: «Әкем секілді инженер боламын. Сонымен қатар әлемде математикадан әлі де шешімі табылмаған 7 үлкен есеп бар. Болашақта сол есептердің шешімін тапсам деп армандаймын. Бұл – менің ең басты үлкен арманым» деді болашақ жылыойлық математик. Ислам Бисеналиевтің ата-анасының сөзінше баласының дарыны мектеп жасына дейін байқалған. «Исламның математикаға бейімділігін 3 жасында байқадық. Ол мектепке дейін-ақ көбейту кестесін өз бетінше жаттап алып, есептер шығаруға қызығушылық таныта бастады» дейді.

Әрине, Исламның бұл жеңісі – тек өзі мен мектебі, Жылыой жұрты үшін ғана емес, күллі Қазақ елі үшін үлкен мақтаныш. Біз «ғылымның атасын» меңгерген балғын дарынды, ата-анасы мен ұстаздарын жеңісті жетістігімен құттықтап, алға қарай да Исламның биік белестерден көріне беруіне тілектеспіз.

Әйгерім ҒАЛЫМЖАН, ҚазҰУ студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT