«АЛҒА, ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕРІ!»

Аудан 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесін ауқымды шарамен атап өтті. Махамбет даңғылы бойындағы Орталық сахна алаңында ұйымдастырылған іс-шарада мектеп оқушылары «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнін қаншалықты жақсы меңгергенін дәлелдесе, спорт мектебінің шәкірттері де қалыспай өз өнерін көрсетті. Жергілікті әнші Жандарбек Ералиевтің орындауындағы «Алға, қазақ жігіттері!» әнімен шымылдығы ашылған мерекелік шара әрі қарай өңір өнерпаздарының патриоттық әндерімен жалғасын тапты. Онда №1, №5, №7, №9, №16, №18, №19 мектептің әскери патриоттық клуб мүшелері мен №9 мектептің «Жас полиция жасақтары» сыныбы саптық жаттығу жасап, автоматты бөлшектеп және қайта жинақтаудан, сондай-ақ белдікке (турник) тартылудан алдарына жан салмады. Ал аудандық №1 балаларжасөспірімдер спорт мектебінің таэквондо үйірмесінің спортшылары мен «Сүлеймен» спорт мектебінің жас каратэшілерінің спорттық көрсетілімі көрерменді тәнті етіп, ел ертеңінің жүрегіне патриоттық сезім ұялатты. Іс-шара аясында биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» байланысты ауданымызда қызмет ететін арнайы техникалардың таныстырылуы өтті. Онда полиция қызметкерлері жастарды тәртіп сақшылары қызметіне қуанақуана шақыратынын жария етті. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Бүркіт Жайымов:

- Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде 260 қызметкер жұмыс жасайды. Бұл жауапкершілігі мол, абыройлы қызмет қой. Сондықтан біздің салаға келем деген ұл-қыздар болса жұмысқа шақырамыз. Бүгінде Қостанай, Қарағанды қалаларынан білім алып келген қаншама жас маман Атырау облыстық полиция департаментінде де қызмет атқарып жүр. Ол үшін оқушылар қазірден бастап лайықты дәріс алып, жалқаулықтан алыс болуы қажет. Сонда ғана бірауыздан ел тыныштығы үшін еңбек етеміз, сонда ғана іргесі берік ел боламыз,- дейді Отан қорғаушылардың қызметін ұлықтап. Мерекелік бағдарлама соңында еліміздің бас қаласы Астананың төріндегі Тәуелсіздік алаңында Отан қорғаушылар күніне орай өткен Қазақстан Қарулы күштерінің әскери шеруі тікелей эфирде LEDэкран арқылы жұртшылық назарына ұсынылды. Жастарға патриоттық сезім сыйлаған салтанатты шарадан аудан жұртшылығы көңілді тарқасты.

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАҒЫ «АЙҚАС»

Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығы ауылдық округтерде де кеңінен аталып өтті.

Айталық Қосшағыл ауылдық округінде өткен «Ер мақсаты – ел қорғау» атты ұлттық спорт сайысы - соның бір көрінісі. Шараны Қосшағыл ауылдық округінің әкімдігі, аналар кеңесі және «Қосшағыл» мәдениет үйі бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның ашылуында Қосшағыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әлия Лұқпанқызы сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты қос мерекемен қатар құттықтады. Ұлттық спорт сайысында мектеп оқушылары тоғызқұмалақ пен бес тас ойынынан сынға түсті. Тоғызқұмалақ – қазақ халқының зияткерлік, логикалық ойлау мен стратегиялық шешім қабылдауға баулитын ұлттық мұрамыз. Ал бес тас – көз мөлшері мен ептілікті талап ететін көнеден келе жатқан ойын.

Нәтижесінде: бес тастан жүлделі I орынды Асылсезім Наурызбай жеңіп алса, II орынды Айлана Наурызбай иеленіп, Азима Сарт III орынды місе тұтты. Тоғызқұмалақтан жүлделі I орынды Гүлзипа Бекішбаева, II орынды Асылбек Қуанышев, III орынды Алмажай Адалбаева қанжығасына байлады.

КІШКЕНТАЙ ПАТРИОТТАР

Қара-Арна ауылдық округінің орталығы Шоқпартоғай ауылындағы «Шоқпартоғай» мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіске рух берген ән» атты патриоттық әндер байқауы өтті.

Байқауда балғын өнерпаздар жас шамасына қарай екі топқа бөлініп, патриоттық әндер шырқады. Нәтижесінде кіші топтан бас жүлдені балауса әнші Айсезім Науқанбай жеңіп алса, I орынды Жанарыс Төлеген мен Кәусар Төлеп иеленіп, ал II орын Аягөз Науқанбай мен Айзереш Құсайыноваға бұйырды. Орта топтан бас жүлдені Ернұр Маратұлы қанжығасына байлады. Ал І орынға Ризабек Нұрлыбайұлы лайықты деп танылса, ІІ орынды Жанарыс Орынғали мен Арсен Бекенұлы жеңіп алды. Ал Оразалы Бақытұлы мен Ердәулет Рахым ІІІ орынды місе тұтты.

ТЕК ҚАНА ҚЫЗДАР... 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай және қазақтың батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Майкөмген ауылында алғашқы әскери дайындық сайысы өтті. Оған аудан мектептерінен жиналған жоғары сыныптың оқушы қыздары ғана қатысты.

Сайыс «Ұлы Отан соғысы» туралы эссе жазу, «Нысанаға көздеп ату» (тир), «Автоматты шашып-жинау», «Оқжатар жабдықтау», «Білімді сарбаз – сенімді қорған» – сұрақ-жауап түріндегі бірнеше кезеңнен тұрды. Нәтижесінде І орынды Әйгерім Айса жеңіп алса, ІІ орынды Айкөркем Аманбайқызы иеленді. ІІІ орын алған Назкен Мұсақызы да жеңімпаздар санатынан көрінді. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Осылайша ауылдық округтерде өткен тағылымды шаралар ел қорғаған ерлердің есімін ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына елжандылық пен отаншылдық сезіммен қатар рухани құндылықтарды да сіңірудің жарқын көрінісіне айналды.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ, А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT