Алаш деп ажал құшқандар

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жаңа дәуірін бастаған «алыптар тобы» - ірі ақын, іргелі прозаик және драматургтер Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толды. Осыған орай аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қазақтың үш бәйтерегі» атты оқырмандар конференциясы өткізілді. Ұлағатты адамдардың өмірі мен шығармашылық жолын жас ұрпаққа ұғындыру, азаматтық тұлғасын таныту, көпшілік алдында сөйлей білу, есте сақтау қабілетін дамытуды мақсат тұтқан бұл шараның берері мол болды. Онда жас оқырмандармен тілдескен аға буын өкілдері де өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, орамды ойларын ортаға салды. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі А.Амантайқызы:

-1894 – 1938 жылдар аралығында туған елі үшін еткен еңбектерімен шырқай көкке көтерілген, халқының болашағына жол сілтеп, ұлтының азаттығын аңсаған қазақ зиялылары кеңес өкіметі тұсында алашордашыл – ұлтшылдар атанып, ХХ ғасырдың 30-шы жылдар ойранында қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланды,-деді өз сөзінде. Конференция барысында №1 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары Мейірім Ерсайын, Аяулым Бисенбай, Мадина Рахметжанқызы, Аннафи Желдеш, Меденсұлу Нұрланқызы слайд арқылы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің өмірбаяны мен шығармашылығын оқырмандарға баяндады.

№2 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 8-9 сынып оқушылары өздерінің пікірлерін білдіріп, конференция көркін келтірді десек те болады. Арыстан Саламатовтай балғын ақын Ілияс Жансүгіровке арнаған өлеңімен көптің көңілінен шықты. Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісі Ж.Байгуршимова «Үш бәйтерек – үш діңгек» тақырыбында жасақталған көрмеге шолу жасады. Кітапхана директорының орынбасары Ж.Қапалова кеш соңында қорытынды сөз сөйлеп, конференцияға белсене қатысқан оқырмандардың бәріне алғыс айтты.

Иә, «Жеті ғасыр тарихын білмеген ел жетесіз» дегендей, Алаш деп ажал құшқан арыстарды ардақтай алмасақ, алға жылжи алуымыз да екіталай. Өйткені өткеннен ащы сабақ алмай, болашақтың бұлыңғыр болуы әбден мүмкін. Сондықтан, қазақтың әр баласы ел үшін еміренген азаматтардың есімін ұлықтап, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге қалдыруы – міндет.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT