«Ақындар ауылындағы» айтулы шара

Таңмен таласа тұрған бір топ ұстаз ақпанның аязы мен ызғарлы желімен жарысып, аудан орталығынан шалғайдағы Ақкиізтоғай ауылына жол тарттық. Пір Бекеттің туған жері - Ақмешітке іргелес, Жем бойындағы киелі мекенге келіп табан тіреді. Білім ошағының алдынан бізді қарсы алған №10 Амангелді атындағы орта мектептің директоры Шамшырақ Қобанова мен мектеп ішіндегі оқушылардан құралған оркестрдің орындауындағы күмбір күй, «Білімі терең, өмірі өлең құт мекен» атты стенд, сынық білте шам, ескілікті телефон секілді көненің көзіндей болған құнды жәдігерлер ауданнан ат арытып келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне көтеріңкі көңіл сыйлады.

Тілші-әдебиетші ұстаздар

Оқушылар «Ақындар ауылы» атанған құт мекеннен түлеп ұшқан ақындардың ата күлдігі-ауылының ауасы мен аспандағы «ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттарына», ең арысы иісі бұрқыраған бозтөбедегі жусаны мен аузын ашса, жүрегі көрінетін ақеден ауыл адамдарына арнаған өлеңдерін төкпелетіп, туған ауылын ән-жырмен таныстырды.

Иә, бұл 2023-2024 оқу жылындағы әдістемелік кабинеттің аудан мектептерінің тілші-әдебиетші мұғалімдеріне арнап ұйымдастырған №10 Амангелді атындағы жалпы орта білім беретін мектепте басталған «Мәнмәтіндік тапсырмалар арқылы оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту» атты семинар-практикумның алғашқы тұсау кесері еді. Ол мектеп психологтары А.Ақмұрзиева, Г.Жаншиналардың ұйымдастыруымен өткен тренингтен бастау алып, семинарға қатысушылар асықтан жеребе суырып, «Осы шақ», «Өткен шақ», «Келер шақ» арқылы өздерін таныстырып өтті. «Бір мақал - бір тілек» сәтінде бір мақал айту арқылы сандықшадан бір тілектен таңдасты. Одан әрі қарай бүгінгі семинар атауымен байланысты ҰБТ, ББЖМ бұрышымен, мектепті әр жылдары басқарған оқу ордасының басшылары, алтын ұядан түлеп ұшқан «Алтын белгі» иегерлері бұрышымен танысты.

Ақындар мектебі

Семинар-практикум былтыр ғана 80 жылдығын атап өткен ауыл перзенті, ақын Аманқос Ершуов атындағы ақын шығармашылығына арналған атаулы кабинетте ашылды. Семинар-практикум, негізінен, педагогтардың кәсіби шеберлігін жетілдіру және өзара тәжірибе алмасу, мәтіндерді оқытудағы тиімді әдіс-тәсілдерді талқылау, құнды ақпараттар беру арқылы тәжірибедегі проблемалардың шешу жолдарын табуды мақсат тұтты. Күн тәртібіне педагогтарға әдістемелік бағдар беру мақсатында білім алушылардың жетістігін бағалауда тиімді тәсілдерді талдау, инновациялық-педагогикалық тәсілдердің ерекшелігін көрсету, мәнмәтіндік тапсырмаларды орындауда педагогикалық тәсілдерді жетілдіріп, мұғалімдердің белсенділігін арттыру міндеті қойылды. Сондықтан да семинар ұстаз, қазақ тілі мұғалімі Айнұр Рахметжанованың тәжірибе алмасу бағытындағы «Білім алушылардың білім жетістігін мониторингілеу кезінде тапсырмаларды талдау (ББЖМ)» сабағынан басталды. Қатысушы мұғалімдер киелі Ақкиізтоғай бауырынан түлеген ақындардың өлең тақырыптары бойынша «Аман Жанкеев мектебі», «Аманқос Ершуов мектебі», «Қабиболла Сыдиықов мектебі», «Меңдекеш Сатыбалдиев мектебі» болып 4 топқа бөлініп, әрқайсысы өздеріне берілген мәтіндермен жұмыс жасады. «Мәтінді талқылау арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру (ҰБТ)» бөлімінде ұстаз Айгүл Нұрмұқашеваның ұйымдастыруымен әр ақынның өлең шумақтары бойынша 4 топқа бөлініп, жұмыс түрлері жүргізілді. Қос ұстаз да мәтінмен жұмыс жасап, қатысушылар берілген мәтіндердің негізгі ой, стилін, жанрын, басқа да қажетті ақпараттарды анықтап, желпуіш әдісімен толтырды.Топтық жұмыстар орындалып, әр топтан мұғалімдер шығып, жұмысты қорғап шықты. Оған креативті ой түйіндеуші ұстаздар баға берді. Qr код әдісі бойынша әр топқа тапсырма беріліп, ол ноутбук көмегімен орындалып, нәтижесі интерактивті тақтадан көрсетілді.

«Ақкиізтоғай! Жерұйық сенде ғана...»

Семинар-практикум бағдарламасына сай семинар соңы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Н.Тілеуов ұйымдастырған «Ақкиізтоғай! Жерұйық сенде ғана...» атты ашық шараға жалғасты. Онда мұғалімдер мен оқушылардың күшімен күй тартылып, ән шырқалып, осы өңірден түлеп ұшқан ақындардың өлеңдері оқылды. Әсіресе, мектеп ұстаздарынан жасақталған хордың орындауында ән көңілге жылылық ұялатты. Ақкиізтоғай ауылы, Алтын адам табылған Аралтөбе, қасиетті Ұшқан ата, Иманқара тауларындай киелі жерлері туралы мол мағлұмат берген бейнебаян қасиетті жердің құдіретін ұғындыра түскендей. Бір сөзбен айтқанда, шара шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.

Ақын кабинетіне қайта бас сұққан ұстаздар семинар-практикумды қорытындылады. Алдымен, қатысушы пән мұғалімдерінің ой-пікірлерін тыңдаған аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Хадиша Нұрғанова ұйымдастыру барысына жоғары баға берді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері А.Рахметжанова мен А.Нұрмұқашеваға білім бөлімінің сертификатын табыстады.

«Қазақтың кеңдігін көргің келсе, ауылға кел» деген қанатты сөз Ақкиізтоғай ауылына қаратып айтылса керек. Расында да, 25-тей ақын-жазушыны бауырынан түлеткен «Ақындар ауылында» өткен семинардан ақпанның өңменіңнен өтер ақшұнақ аязы мен қара суық желіне бой алдырмай, алған әсерімізден бойымыз жылып, қанаттанып қайттық.

Айна Құрманова,

№21 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT