Ақпарат ағынындағы адаспайтын дара жол

Жыл сайын жаңарып, үздіксіз дамып келе жатқан бұл заманда адамдар да, олардың талғамы да күн сайын өзгеріп отырады. Бір кездері қағаз бен қаламның көмегіне жүгінсек, қазір онлайн жүйенің ықпалында өмір сүріп жүргендейміз. Цифрлық қоғамның дамығаны соншалық, бүгінде «қағаз бен қалам адам өміріне қажет емес» деген түрлі сыбыстардың да бар екені жасырын емес. Тіпті сан ғасырлар бойы ақпараттың асыл көзі ретінде қалыптасқан, қазақтың талай арысының құнды шығармашылығын бүгінгі күнге жеткізген газеттің құндылығын бағаламайтын адамдар да кездеседі.

Бірақ, жаһандану дәуірі үздіксіз жалғасын тауып, технологияның буы өмірімізге толықтай сіңіп кетсе де, газет өз құндылығын, өз тарихын, өз шежіресін өшірмейтін аса құнды құрал болып қала бермек. Себебі газет - уақыттың айнасы. Онда елдің тағдыры, қоғамның тынысы, халықтың үні мен үміті жатыр. Жаңа технологиялар ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамығанымен, газеттің шынайылығы, салмақтылығы мен сенімділігі оның беделін әлі де биік ұстап тұр. Сондықтан бүгінгі мақалада «Неліктен біз газетті әлі күнге дейін құрметтеуіміз керек? Газеттің рөлі өзге ақпарат құралдарынан несімен жоғары?» деген сұраққа жауап іздеп көреміз.

Газет – тек ақпарат жеткізуші құрал емес, ол елдің тарихи шежіресі. Ұлттың өткені мен бүгіні осы газет беттерінде сан ғасырлардан бері сақталып келеді. Қазақ баспасөзінің тарихы басталған алғашқы «Түркiстан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Серке», «Қазақ» секілді газеттерде халықтың көзін ашуға ұмтылған, білім алуға құштар етіп, заманның қарсылығы мен қысымына қарамай еңбек еткен ұлы тұлғаларымыздың құнды дереккөздері мен шығармашылығы жазылған. Олардың шығармалары мен өлең-күйлерінің жоғалып кетпей, архив беттерінде сақталып, бүгінгі күннің мұрасына айналуы осы газеттердің арқасында еді. Тарих қойнауына көз тастар болсақ, тәуелсіздікке ұмтылған әр ел ең әуелі өзінің баспасөзін шығаруға тырысты. Сол арқылы халықтың көзін ашып, жастарды оқу-білімге, ғылым мен дамуға құштар етуді көздеді. Осы жолда газеттің халық арасында кең таралғаны соншалық, өкімет тарапынан қысым да күшейе түсті. Демек, газет бүтін бір елдің саяси көзқарасының қалыптасуына, рухани сана-сезімінің жетілуіне әрі тәуелсіздікке ұмтылуына демеу бола білді.

Уақыт өте келе теледидар, радио, интернет секілді түрлі ақпарат құралдары пайда болды. Дегенмен, газеттің жөні бөлек. Оның артықшылығы ресмилігінде, салмақтылығында, сенімділігінде. Әлеуметтік желіден оқыған ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз. Ал газет бетіне шыққан әрбір мақала - редакциялық сүзгіден өтіп, тексерілген, нақты дерекке сүйенген дүние. Сондықтан да газеттің тағы бір құндылығы сауаттылық деңгейінде.

Иә, қазіргі заманның жастарын кітап оқымағаны үшін сауаты мен тіл байлығы төмен деп кінәлаймыз. Ақиқатында жастарға том-том кітаптарды оқуды талап етпестен бұрын газетті оқуға құштар қылуымыз қажет. Бала күнінен шағын мақала, өлең шумақтары мен өзекті жаңалықтарды оқып өскен бала үшін кітаппен дос болу да қиын емес. Газетті оқуға машықтанған мектеп оқушысының ой-өрісі мен өмірге деген көзқарасы, жазуға деген қабілеті қалыптасып, әрдайым дамып отырады. Ендеше, күні-түні телефонға телміріп, рухани аштықтан ішкі жан-дүниесі құлдырап бара жатқан ұрпағыңды сауатсыздық сауытынан құтқарғың келсе, онда, ең алдымен, газет оқуға дағдыландыр, көкірек көзін соқырлықтан құтқар, сол арқылы ойлау, жазу мәдениетін меңгеруге үйрет!

Бүгінгі таңда да өңірлік басылымдар мен республикалық газеттер ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналуда. Соның ішінде өзіңіз оқып отырған «Кең Жылой» газеті Қазақ мұнайының туған жері - Жылыой өңірінде болып өткен тарихи сәттер мен түрлі іс-шаралардан қапы қалдырмай, ресми ақпараттарды жариялайды. Одан бөлек заман талабына сай «Кең Жылой» деп аталатын ресми сайты мен басылымның өз әлеуметтік желілеріндегі парақшалары арқылы ел ішіндегі жаңалықтарды тынымсыз таратып, халықты хабардар етіп отырады. Бірақ газеттің цифрлы нұсқасы шықты екен деп, оның қағаз түрінен толық бас тарту өз тарихыңды ұмытумен бірдей.

Газет – халықтың жүрегінен шыққан үн, елдің шежіресін арқалаған рухани мұра. Біз цифрлық технологиялар дәуірінде өмір сүрсек те, уақытпен бірге өшпейтін, ұлттың рухын сақтап қалатын газеттің орны ерекше. Сондықтан газетті оқу – тарих пен шындыққа, рухани байлық пен ұлттық мұраға қол созу екенін ұмытпаңыз, құрметті оқырман!

 

Әйгерім ҒАЛЫМЖАН, Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің

журналистика факультетінің 2-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT