Абай әлеміне саяхат

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай №1 қалалық кітапхана «Абайдың сөзі - ақылдың кені» атты викториналық шара өткізді. Танымдық кеш «Достық» саябағында ұйымдастырылып, жастардың рухани мұраға терең бойлауына, Абай шығармаларын жаңаша қырынан тануына мүмкіндік берді. Аталған викториналық кеш тек бір ғана бағытпен шектелмей, түрлі заманауи ойындар мен викториналық сұрақтар арқылы мазмұнды әрі қызықты форматта өтті.

Осындай тағылымды кешті ұйымдастырған №1 қалалық кітапхананың меңгерушісі Нұрсұлу Бердібекова:

- Бұл шара арқылы Абайдың рухани мұрасын жаңа қырынан таныту, балалардың ойлау, есте сақтау және шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ жастарды кітап оқуға, дана сөздің мәнін ұғынуға және сөз өнерін құрметтеуге баулуды басты мақсат еттік. Шара барысында ең алдымен ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныстырдық. Рухани кешіміз «Кім жылдам?», «Жапырақтағы дана сөз», «Өлеңнің жалғасын тап», «Абайды жүрекпен сезу», «Суретпен сырласу», «Абайдың сөзін қимылмен жеткіз», «Абай әлеміне QR арқылы саяхат» секілді бөлімдер арқылы жалғасты. Бұл сәтте оқырмандар тек тыңдаушы ретінде емес, белсенді қатысушы ретінде өз білімдерін сынға салды. Ұйымдастырылған викториналық тапсырмалар оқушылардың шапшаң ойлау қабілетін, тапқырлығын және шығармашылық қырларын ашуға бағытталды. Қатысушылар түрлі түсті қағаз жапырақтарға ілінген сұрақтарға жауап беріп, өлең жолдарын жалғастырып, Абай шығармаларын пантомимо арқылы сахналап, алған әсерлерін суретпен бейнеледі. Сондай-ақ кітапханашы Ғалия Қалдыбаева «Абайды оқы, таңдан да, тағылым ал» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, ақынның өмірі мен шығармалары, қара сөздері, Абай жайлы зерттеу еңбектер мен классиктердің жазбалары туралы тың мәліметтермен бөлісті. Кешке Ердәулет Теңелбайұлы, Бекасыл Тұрарбек, Расул Қуаныш, Мерей Оразәлі, Мейірхан Ержанұлы, Нұралы Кенжеғали, Омар Тұрарбек сынды оқырмандарымыз белсенді қатысып, өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетіп, Абай даналығына жүрекпен үңіле білді. Ал іс-шара соңында оқырмандарға алғыс білдіріп, белсенді қатысушыларды марапаттап, естелік сыйлықтарымызды табыстадық. Кешті оқырман Тұрарбек Бекасылдың орындауындағы Н.Тілендиевтің «Ерке сылқым» күйі түйіндеп, ұлттық әуен шараның рухани әсерін одан әрі күшейтті,-деп тағылымы мол кештің мәні мен мазмұнын тереңнен тарқата баяндады.

Расында, Абайға арналған бұл тағылымды кеш жас ұрпақтың жүрегіне рухани шырақ жаққан әсерлі сәттердің бірі болса керек. Ұлы тұлғаларымызды дәріптеуге бағытталған осындай рухани шаралар жас буынның әдебиетке, дана сөзге деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға жол ашады деп білеміз. 

Әйгерім ҒАЛЫМЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT