Ағылшынша дәріс бергеннің айлығы көп

Аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Қазақстанды цифрландыру: білім беру жүйесі үшін талаптар» тақырыбында аудандық білім беру қызметкерлерінің аудандық Тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісі болып өтті.

Оған аудан әкімі Азамат Бекет, мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов, облыстық Білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық білім бөлімі, қала , поселке, ауыл әкімдері, аудан мектептерінің мұғалімдері мен ұстаздар қауымы, білім беру саласының ардагерлері қатысты.

Кеңеске қатысушылар, ең алдымен, мәдениет үйінің залына қойылған «Жаңашыл ұстаз – шығармашыл шәкірт» атты көрмені тамашалады. Тамыз кеңесіне қатысушыларды №7 Есқайыр Халықов атындағы орта мектептің оқушылары жалынды жыр жолдарымен құттықтап, ардагерлерге гүл шоқтарын ұсынды. 2017-2018 оқу жылындағы білім беру саласы бойынша жасалған жұмыстардың ақпараттық хабарламасы арнайы дайындалған бейнежазба арқылы баяндалды.

Құттықтау сөз алған аудан әкімі Азамат Бекет ауданның Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген түлектер үшін аз маңдай тер төкпеген ұстаздар еңбегіне ризашылығын білдірді. Бір топ педагогты аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен алғысхатымен марапаттады. Аймақта жас ұрпақты мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 94,2 пайызға дейін өскенін қуана жеткізген облыстық Білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Рысқалиұлы ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалімдер еңбекақысына қосылған үстемақы, жаңа оқу жылынан бастап енгізілген өлкетану пәні, Үкіметтің және облыс әкімінің тарапынан бөлінген гранттар хақында біраз жаңалықтармен бөлісті. Сөз соңында республикалық Тамыз кеңесіне қатысып, Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған Жаңа Қаратондағы №22 орта мектептің директоры Балерке Мұханбетәлиеваны шын жүректен құттықтады. Бір топ ұстаздарды Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы мен алғысхатымен марапаттады. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Жанар Қазиева жаңа оқу жылындағы жаңалықтармен бөлісті. №3 мектеп директоры Ш.Оңғарбаева, №8 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Д.Елтезерова және басқалар жарыссөзге шығып, тақырыпты толықтыра түсті. Ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуов түрлі деңгейдегі оқу орындарын тамамдап, мектепке мұғалім болып оралған жас мамандарға еңбек кітапшаларын тарту етіп, ақ батасын берді.№15 С.Қарабалин атындағы орта мектептің жаңа оқытушысы Әйгерім Серікқалиева ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады. Мәдениет үйі мен Саз мектебінің өнерпаздары әсем әннен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Пленарлық мәжіліс соңында білім беру саласы қызметкерлерінің аудандық Тамыз кеңесінің ұсыныстары бірауыздан мақұлданды.

Е.Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521