100 мың бонус иегерлері

«Баға ал да, бонус ал!».

Енді үздік оқитын оқушылар өз білімін ақшаға айналдыра алады. Бұл мүмкіндік «Kundelik.kz» пен «Halyk Bank»-тің бірлескен жобасы аясында жүзеге асып отыр.

Қыркүйек айында ауданның әр мектебінен 2–11-сынып оқушыларының ішінде үздік көрсеткішке қол жеткізгендер анықталды. Соның нәтижесінде жоғары баға алған 30-ға жуық оқушы 100 000 бонус иегері атанды. Солардың бірі – №22 жалпы орта білім беретін мектептің 7 «В» сынып оқушысы Амира Құнанбай. Мектебінің мақтанышы саналатын Амира оқу үздігі болумен қатар, мәдени және спорттық шараларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

– Бұл жоба менің оқуға деген қызығушылығымды арттырып, үлкен мотивация берді. Оқу үлгерімімді тұрақты түрде жоғары деңгейде ұстап келемін. Қазір бонусымды тиімді пайдалану үшін техника дүкендерінің жеңілдіктерін қадағалап отырамын. Өзіме қолайлы шарт болған кезде керек затыма жұмсамақпын,-дейді білімге құштар оқушы. Амираның ұстаздары да шәкіртінің жетістігіне риза. №22 мектептің мұғалімі Эльвира Қайырқосова өз пікірін білдірді:

–Амира – ерекше қабілетті оқушы. Математика пәніне қызығушылығы жоғары, шығармашылыққа бейім. Сонымен қатар «Kerim Ai Dance» би тобының мүшесі. Республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – оқушының табандылығы, ата-ананың тәрбиесі мен ұстаз еңбегінің жемісі. Біз шәкіртімізге алдағы уақытта да биік белестер тілейміз,-деді ұстазы.

Бонус иегерлерінің қатарында №22 мектептің 2 «Ә» сынып оқушысы Аян Теміржан да бар. Үлгілі оқушының бұл алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін ол «Кенгуру», «Алтын сақа», «Ақбота-2025» сияқты зияткерлік олимпиадаларда жүлдегер атанған. Сондай-ақ сабақтан тыс уақытта шахмат ойнаумен айналысады.

–Бұл жоба оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырады. Бар болғаны жақсы оқысаң – бонусқа ие боласың. Сол бонус арқылы өзіңе керекті затты алуға болады. Бұл – үлкен мүмкіндік. Осы жетістікке жетуіме қолдау көрсеткен ата-анама және ұстаздарыма алғыс айтамын,-дейді Аян Теміржан.

«Halyk Bank» бұл жобаны 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жүзеге асырып келеді. Бұған дейін бағдарламаға тек 5–11-сынып оқушылары қатысқан болса, биылдан бастап 2–11-сынып оқушылары да қатыса алады. Бағалар үшін берілетін бонустар «Kundelik.kz» жүйесі қолжетімді аймақтарда ғана есептеледі.

Бонустарды алу үшін оқушылар мен ата-аналарға Halyk Bank мобильді қосымшасында немесе «Kundelik.kz» сайтында карта ашу жеткілікті. Сәйкестендіру рәсімінен өткен соң карта дайын болады.

Жоба жайлы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының Жылыой аудандық басқарма басшысы Ақмарал Нұрғалиева былай дейді:

–Басты мақсат – оқушыларды білімге ынталандыру және қаржылық сауаттылықты арттыру. Қазақстан бойынша 1000 бала 100 000 бонус иеленеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Атырау облысынан 233, ал Жылыойдан 30 оқушы жеңімпаз атанды. Бұл – өте жақсы нәтиже. 100 000 бонус – 100 000 теңгеге тең. Оқушылар бұл қаржыны өз қалауы бойынша жұмсай алады. Сонымен қатар мектеп асханаларында Halyk QR арқылы төлем жасауға мүмкіндік қарастырылып жатыр. 2025 жылдың 20 қазанынан 2026 жылдың 20 қаңтарына дейін Halyk Easy картасы арқылы қоғамдық көлікте жолақы төлеу кезінде «100% BONUS» акциясы өтеді. Ата-аналар балаларға осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жағдай жасауы қажет,-деді ол.

Бағдарлама оқу жылының соңына дейін жалғасады. Білім мен еңбек бағаланған қоғамда табысқа жету- әр оқушының қолында.

А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT