«Ұзын-сонар мақаланы ешкімнің оқуға зауқы жоқ»

Қазан айы осындай тосынсый ұсынады деп кім ойлаған?! Өзім жұмыс жасайтын «Атырау - Ақпарат» медиахолдингі мен бүкіл елдің қаламгерлерінің ордалы үйі - Қазақстан Жазушылар одағы аймақ журналистері үшін бұрын-соңды болмаған жобаны жүзеге асырды.

Біз, осы холдингке қарасты облыстық және аудандық газеттердің жауапты хатшылары, бас кеңсемізден «Алматыға барасыңдар!» деген шұғыл хабарды естісімен бір тәуліктің ішінде жолдорбамызды әзірлеп алдық та, 6 қазан күні шойынжолдың бойымен Алатауды бетке алдық. Атыраудан шыққан онымыз рухани астанамызда «Журналистика: заманға сай креативті даму» атты оқу-семинарға қатыстық. Семинар десе құлаққа қасаң естіледі, бірақ сапарымыздың өзегіндегі идеясы ұлық. Сөз ұстап, қалам ұштаған аймақ-аймақтың қаламгерлерін бір-бірімен араластыру арқылы түпқазық тақырыбымыз – ұлт мүддесі жолында бір тудың астына жиналу.

Пойыздан түскен бойда бізді өзін Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесшімін деп таныстырған Нұртас Тұрғанбек құшақ жая қарсы алды. Қағылез, пысық жас жігіт қарапайым да екен: кейін білсек, керемет ақын, «Сезімді қайтейін», «Мазалама» сияқты көптеген танымал әндердің авторы боп шықты. Біз кезінде Ғабит Мүсірепов бастаған қазақтың ай маңдайлы ақын-жазушылары тынығып, шығармаларын жазған Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық үйіне, Әл-Фараби қонақүйіне тоқтадық.

Сол күні үш кездесу болды: былайғыда қол жете бермейтін үш тұлғаның пікір-пайымы, ой-толғаныстарын көсіліп отырып тыңдадық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали бүгінгі әдебиеттегі негізгі бағыттарды тарқатып айтты. Тарихи шығармалар өзегінде нақты деректер аз екендігін, ал бұл тарихты бұрмалауға әкелетінін зерделеді. Мәселен, нағыз тарихи оқиғаға құрылған М.Әуезовтың «Абай жолы» шығармасы болса (өйткені жазушы мұнда өзі білетін жерді, өскен ортасын жазған), мұнда да Әуезов сол замандағы цензураның қысымымен Құнанбайға обал жасайды. Ол кедейлерге тізесін батырған қайырымсыз зорлықшы бай бейнесінде сипатталады. Жазушының мұндай құрбандыққа баруы түсінікті де: бұлай болмайынша кітап туралып тасталар еді. Ал қазіргі әдебиеттегі бағыттың бірі - постмодернистік шығармалар. Жаңашыл бағыттың бүгінгі көрнекті өкілі Дидар Амантай болса, оның шығармаларын көпшілік түсініп оқи алмауы мүмкін: бұл үшін терең білім керек. Түйіндеп келгенде профессор журналистерді тілдің тазалығын сақтауға шақырды. Себебі ұлтты сақтап қалатын ең негізгі қазық – тіл.

Заманымыздың көрнекті жазушысы Дулат Исабеков бізді қазіргі әдебиет әлеміне жетектеп апарды. Ол қазір романдардың дәурені өткенін, қысқа повестер мен әңгімелер жазу актуальді екенін айтты. Тақырып таңдауда да келелі кеңестерді құлағымызға құйып алдық.

Саясаткер Айдос Сарым әлбетте еліміздегі басты жаңалық – Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелерге екпін жасады. Ақырында Жолдауда қала тақырыбы, урбанизация мәселесі көтерілгенін, сондықтан қалаға шоғырлану дамуға жетелейтінін айтты. Бірақ ол үшін не қажет екенін де астын сызып көрсетті: қала қазаққа жат емес, жайлы болуы керек. Саясаткер тіл мәселесінен де айналып өтпеді, оның ішінде күнделікті тұрмыстағы банктерде, электронды қызметтерді пайдаланғандағы қазақ тілінің ахуалына мән беруге назар аударды. Өйткені ойшылдарша айтсақ, «менің тілімде жоқ нәрсе – менің өмірімде жоқ».

Ертесі күні қазақ әдебиетін жасаған алып тұлғалардың табанының табы қалған алып ғимарат – Қазақстан Жазушылар одағы үйіне имене ендік. Алдымен, қаламгерлердің ордалы үйінің ордабасы Ұлықбек Есдәулетке Атыраудың сәлемін жеткіздік. Онда одақтың төрағасымен бірге бізді ақын Есенғали Раушанов қарсы алды. Қарымды қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі жай-жапсарымен таныстырды. Қозда жатқан көп істің қозғалып, қоғамның пайдасына жарап жатқанын білдік. Олардың айтуынша, одақтың 800-дей мүшесі бар екен, ал оның 500-дейі жасы келген жазушылар екен. Демек, одақ жас қаламгерлерді күтеді.

«Бір терінің пұшпағын илеп жатқан» журналистер әлбетте газет-журналдар редакциясына бас сұқпай кетпейтіні анық. Біз бір-екі күнді қазақ газет-журналдарын аралауға арнадық. «Жұлдыз» редакциясы ұжымы бізді алыстан келген бауырдай жылыұшырай қарсы алып, дөңгелене отырып, шығармашылық жайлы әңгіме-дүкен құрдық. Редакцияның шығамашылық құрамы төрт-ақ адамнан құралған: бас редактор Ғалым Жайлыбай бастаған көпшіліке танымал «Мен - жындымын» романының авторы Тұрысбек Сәукетай, атырауда кіндік қаны тамған талант Жұмабай Құлиев, Кенесарының басын іздеп жорыққа шыққан, нәтижесінде «Хан Кененің қазасы» кітабын, «Кенесары - Күнімжан» тарихи драмасын, «Кенесары хан» деректі фильмдерін халқына тарту еткен Думан Рамазан тәрізді мүйізі қарағайдай жазушылар.

«Қазақ әдебиеті» газітінің бас редакторы Атыраудың бел баласындай боп кеткен Дәурет Қуат екен. Бірақ біз барғанда ол іссапарға кетіп, онымен жолығудың сәті түспеді. Біздің сапарымыз тұсында өмірден өткен, тұлғалы жазушы Шерхан Мұртазаның қазасына орай газет кезектен тыс нөмір дайындап жатыр екен. Қарбалас сәтке тап болсақ та, бас редактордың орынбасары Қанағат Әбілхайыров газет процесімен таныстырып шықты.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» балалар театрының редакторы - бұрын «Жас алаш» газетінің редакторы болған журналист, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Ол журналистерге бүгінгі журналистиканың хал-ахуалы туралы әңгімелеп, мейлінше практикалық ақыл-кеңестерін берді. «Қазір газеттердің көбі «аш та жап» боп кетті. Қазір шұбалаңқы материалдарды ешкімнің оқуға уақыты да жүйкесі де жетпейді. Ақпаратты объективті пікір, қысқа көлем, тартымды тақырып, көркем дизайнмен беруді қолға алған жөн. Өйткені оқырман оқымады дегеннің өзінде газеттің бетін ашқанның өзінде ақпарат алады. Оқырманның бір тақырыпты көзі шалып қалғаны - біздің мақсатқа жеткеніміз. Өйткені бүгінгі күнде ақпарат – ауамен тең», - дейді ол.

«Түркістан» газетінің редакторы ақын Бақыт Беделхан ұлттық рух тақырыбында терең ой толғады. Теларналар мен баспасөздердегі тіліміздің сұйылып бара жатқанын, қазақылықтан алшақтап бара жатқанын нысанаға ілді. Түп тамырымызға үңіліп, оны заманауиландыру деген желеумен бұрмалап, ұлттық фиософиямыздың шәт-шәлекейін шығарып, шатаға айналдырмау қажеттігін тілге тиек етті. «Ер Төстік» - ертегі емес философия, түркіліктің түп тамыры. Бүкіл ертегілер осыдан тарайды. Ер Төстікке Краусқа мультфильм түсіртіп, өзімізді-өзіміз мазақтадық», - деп рухнаи құндылығымызды арзандатқандарға сын айтты.

Кіммен сұхаттасса да, нені жазса да, сол саланың маманынан кем білмеуі тиіс журналистер үшін үнемі білімді жетілдіріп отыру ауадай қажет. Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына кірген сәтте «Шіркін-ай, мынадай мол байлықтың бір пұшпағын болса да бойымызға жисақ, қандай ғанибет! » деген ой құшағына бөлендік. Айтқандай-ақ табалдырықтан бізді қуанышты сәт күтіп тұр екен: кітапхана әкімшілігі бәрімізге оқырман билетін табыстады. Халықаралық кеңістікте ірі кітапханалардың бірі ретінде танымал бұл білім ордасы сонау 1931 жылы құрылып, ғимараты 1971 жылы арнайы жобамен салынған екен. Кітапханадағы ең көне кітап - 12 ғасырдағы Құран кітабы.

Жазда адамзаттың Айтматовының «Ғасырдан да ұзақ күн» романын оқып бітірген болатын. Әкем театры атанып кеткен М.Әуезов атындағы театрға барғанымызда түркі әлемінің көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай дәл осы романның желісі бойынша түсірілген спектакльге бармасымыз бар ма? Міне қызық, сананың ойыны деген осы шығар!

Алматының шуақты бір күнінде ұлт қайраткерлері, әдебиетіміздің классиктері М.Әуезов, С.Мұқанов және Ғ.Мүсіреповтер тұрған үйлерде бардық. Бүгінде бұл орындар, әрине, музейлерге айналған. М.Әуезовтың үйінде барлығы жазушының көзі тірісіндегідей қаз қалпында сақталған екен. Жазушының талғаммен жиыстырылған үйіне қарап, сол заманның аристократиясының өмір салты көз алдыңа келеді. Жазушының жұмыс бөлмесіндегі кітапқа сықа толып тұрған сөрелер, алыс шетелдерден қаламгердің өзі әкелген кәделі бұйымдар, бөлмелердегі жиһаздар мен ыдыстардың арасында сол дәуірге еніп, жазушының отбасымен қауышқандай болады екенсің. «Көрікті ойды келісті жеткізудің қиыны-ай!» деп осындайда айтатын шығар, сірә. С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың музей үйлерінде де мол мағлұмат, қызықты деректерге куә боп, алып жазушылардың алақанының табы қалған құндылықтарды аялап қайттық.

Сапарымыздың соңғы күндерінің бірінде шыңынан Алматы алақандағыдай көрінетін Алатаудың бөктеріндегі көрікті жер – Көктөбеде басымыз қосылды. Саф ауа, жанарыңды жылыұшырайтын әйбат көрініс көңіліміздің сарайын ашты. Басын қар жапқан тауларға, мұнартқан аспанға, шыршалар мен аршаларға қарап, неше күнгі көрген-білгенімізді, естіген-түйгеніміз көз алдымыздан киноның лентасындай өте шықты. Иә, сапарымыз да тұйықталып келеді, Алматыдағы оқиғаларды түйіндер шақ та келді. Не көрдік? Не естідік? «Түгел сөздің түбі бір» демекші, ел ағаларының айтқаны бір арнада тоғысты, ол – не жазсаң да, ал журналист үшін тақырыптың үлкен-кішісі болмайды, түп негізінде қазаққа керек, ұлттық мүддеге үлес қосу мақсаты жатуы керек.

16 қазан. Алматымен қоштасар күн де туды. Таңертеңгілік жолға дайындалып, буынып-түйініп алдық. Тағы бір тосынсый: бәріміз қонақүй фойесіне шақырылдық. Қаламгер Бауыржан Жақып Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Журналистика: заманға сай креативті даму» атты оқу-семинарға қатысқаны үшін деген сертификатты табыс етті. Сол күні Алматыда болған он күнде бір үйдің баласындай боп кеткен Атыраудан шыққан онымыз Алатаудың баурайындағы ұмытылмас сәттерді артқа тастап, өскен өлкемізге қарай бағыт ұстадық.

Салтанат ЖАКУПОВА.

Құлсары – Атырау – Алматы – Атырау – Құлсары.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521