Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде кеңінен танымал болып, жергілікті тұрғындар арасында «мұз ұлы» атанған Ерасыл Айдарұлын бүгінде жылыойлықтардың көбі танып алды. Қыстың қақаған аязында Жем өзенінің мұзын ойып, салқын суға түсіп жүрген ол бұл тірлігін өз-өзін тәрбиелеу деп түсінеді. Алғашында қызығушылық үшін пайда болған әрекет кейіннен оның күнделікті ісіне айналды.
Шоқпартоғайлық жас биылғы қыс мезгіліндегі ең қызықты оқиғалардың бірі болғаны рас. Ол туралы сайттар жарыса жазып, халық аузынан түсірмеді. Бірі қайсар мінезді жігіттің денсаулығына алаңдаса, бірі бұл істің себебін білгісі келді. Бес балалы отбасынан шыққан Ерасыл бұл туралы өз ойын ашық айтып, алғашында жылы суға түсетінін, кейіннен өмірінде ауыр кезең орын алуына байланысты өз-өзін жинау үшін салқын суға түсіп бастағанын жеткізді. Мектеп қабырғасында жүргенде ол тек сабағымен ғана емес, сахнадағы өнерімен де танылды. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқып, түрлі мәдени байқауларда жүлделі орындар иеленіп келді. Өлең арқылы ой айтып, сөз арқылы сезім жеткізу – оның жанына жақын болды. Сол жылдары болашақта актер болуды армандап, сахнамен ғұмыр кешуді қалады. Алайда өмір әрдайым адамның жоспарымен жүре бермейді. Мектеп бітірген соң актерлік мамандыққа бет алғанымен, түрлі себептер бұл арманды кейінге қалдырды. Соған қарамастан Ерасыл мойыған жоқ. Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе сервис» колледжінде аспаз мамандығын меңгеріп, бірнеше жыл осы салада адал еңбек етті. Әсіресе жапон асханасына қызығып, шығыс мәдениетінің тәртібі мен нақтылығын кәсібіне енгізе білді. Ас үйдегі тәртіп пен төзімділік кейін оның өмірлік ұстанымына да айналды. Кейіннен Ерасыл Қайырбай өзін тек бір мамандықпен шектеу тарлық ететінін сезінген. Бүгінде ол маркетинг саласында, нақтырақ айтқанда, контент бағытында жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде тым белсенді. Оның парақшасынан тек мұзға түскен Ерасылдан бөлек ой, идея, өмірге деген көзқарас көрінеді. Ол үшін әлеуметтік желі – еркін ой айту алаңы. Бұл туралы өзі:
– Өмірге көзқарасым жеңіл. Қолымнан келіп тұрса барлығын да тәжірибемнен өткізіп көргім келеді. Ал мұзды суға келетін болсақ, салқын суға түсу әдеті кенеттен пайда бола салған ермек емес. Бұл – ішкі күрестен туған таңдау. Алғашында жай ғана қызығушылық болғанымен, кейін өзін-өзі тәрбиелеудің бір жолына айналды. Алғашында жылы суға түсетінмін. Кейін өмірімде ауыр кезең болды. Сол уақытта өзімді жинау үшін салқын судан бастадым. Қазір мұзды суға түсу өз-өзіммен күрес секілді. Бірінші қадамды жасасаң, қалғанын денең мен ойың өзі алып кетеді. Өз-өзіммен күресіп, өзімді жеңген ұнайды. Ата-бабаларымыздан қалған қайсарлық бізде де бар. Сол мінезді жоғалтпай, балаларымның да бойына сіңіргім келеді. Тұлғалы, жауапты азамат өссе, ол – менің еңбегімнің ақталғаны, -дейді өз сөзінде. Бүгінде мұзды суға түсу арқылы көптің есінде қалған ол егіз бір ұл мен бір қыздың әкесі. Бұл ретте ол өзін қатал тәртіптің адамы санағанымен, балалары оның ең әлсіз тұсы екенін жасырмайды.
– Жасап жүрген ісімді қызыма үлгі етпеймін. Ол менің ең әлсіз жерім. Ол еркелесе менің суық мінезім бірден еріп кетеді. Ал ұлымды қасыма ертіп жүріп, үлгі болғым келеді. Дүниенің бір қызығы бала деген. Ұлым менен де асқан аспаз, шебер, тұлға болса деп тілеймін. Оның үстіне қазір жастар арасында «грин флаг» ұғымы бар ғой. Тәрбиелі, талантты, білімді, қыз баласын сыйлай білетін, иманды, адамгершілігі мол, бір бойынан бірнеше қасиет табуға болатын жігіттерді осылай айтып жатады жастар. Міне, сондай нағыз «менің күйеу балам болса екен» дейтіндей ұл өсіруге барымды саламын. Өзім Құнанбай атамыздай тәрбие беріп, Абайдай адамды шығарғым келеді,-дейді Ерасыл Айдарұлы жанұясы туралы ойын кеңінен ашып.
Иә, қыстың қақаған суығы көпшілік үшін қауіп, ал Ерасыл үшін темірдей тәртіп. Десек те оған ауылдастары да, жақындары да алаңдайды. Оған «Қысты күні суға түскеннен не пайда?», «Ауырып қалмайсың ба?» деген сұрақтар легінің көптеп қойылуы да дәлел. Әсіресе анасының уайымы бөлек. Бірақ ол бұл сөздерді қарсылық емес, қамқорлық деп қабылдайды. Шоқпартоғайлық тұрғын мұзды суға түсу батырлық емес екенін жиі айтады. Бұл дайындықты, сабырды, өзіңді тануды талап ететін жол. Сол үшін ешқашан бірден мұзға секіруге үндемейді. Оның сөзінше алдымен денені біртіндеп үйретіп, қауіпсіздікке мән беру керек. Содан кейін қозғалыс, жүгіру, ішкі қызуды қалыптастырып, міне, содан кейін ғана суға түсуді құптайды.
Әңгімемізге арқау болған кейіпкердің бұл біз естіп, көріп жүрген қырлары ғана. Таңын мұзды судан бастайтын ол бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрды.
Міне, осындай табандылық пен тәртіпті серік еткен Ерасыл Айдарұлының болмысын көпке үлгі ету – біздің парыз. Сондықтан дарынды жасқа тек сәттілік тілейміз!
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



