Соңғы жылдары қоғамда сталкинг, некеге мәжбүрлеу және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өткір әлеуметтік түйткілге айналды. Бұл тақырып Қазақстан Республикасының Ұлттық құрылтайы отырысында да көтеріліп, құқықтық тетіктерді күшейту мен алдын алу шараларын жүйелеу міндеті қойылған болатын. Өйткені адамның жеке қауіпсіздігі мен еркіндігі мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Осы өзекті мәселе төңірегінде Аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Жазира Молдабаевамен сұхбаттасқан болатынбыз. Маманның айтуынша, әр адам өзінің жеке шекарасы бар екенін және оны қорғауға құқылы екенін терең түсінуі қажет. «Жеке шекараны бұзу, қудалау немесе қысым көрсету бұл жай ғана тұрмыстық мәселе емес, заң аясында жауапкершілікке әкелетін әрекет. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған адам үнсіз қалмауы тиіс», -дейді ол.
- Соңғы уақытта сталкинг мәселесі қоғамда жиі айтыла бастады. Сіздің тәжірибеңізде мұндай фактілер қаншалықты жиі кездеседі?
- Сталкингке қатысты шағымдар расында да әлем бойынша көбейіп келеді. Бұрын мұндай әрекеттер көп жағдайда «жеке мәселе» немесе «арадағы түсініспеушілік» ретінде бағаланып, ресми тіркеуге алынбай қалатын. Қазір азаматтардың құқықтық сауаты артып, жеке шекараға қол сұғу заң бұзушылық екенін түсіну деңгейі жоғарылады. Дегенмен аудан бойынша полицияға осы мәселе бойынша жүгінетін тұрғындар жоқ. Көпшілігі сталкинг туралы заң бар екенін және оған құқықтық жауапкершілік қарастырылатынын білмейді. Жалпы сталкинг көбіне бұрынғы жұбайлар, таныстар немесе жақын қарым-қатынаста болған адамдар арасында кездеседі. Қудалау қоңырау шалу, үздіксіз хабарлама жазу, әлеуметтік желілер арқылы бақылау, жұмыс орнына немесе үйінің маңына келіп мазалау түрінде көрініс табады. Кей жағдайда бұл әрекеттер психологиялық қысыммен қатар қорқыту сипатында болуы мүмкін. Егер азаматтың қауіпсіздігіне қатер төнсе, қорғау нұсқамасы шығарылады, профилактикалық әңгіме жүргізіледі немесе заң аясында жауапкершілік қарастырылады. Ең бастысы мұндай жағдайды елемей қалдырмау. Себебі уақытылы тоқтатылмаған қудалау әрекеті кейін ауыр құқық бұзушылықтарға ұласуы мүмкін.
- Өзіңіз атап өткендей қорғау нұсқамасы қандай жағдайда беріледі және оның тиімділігі қандай? Мысал ретінде өткен жағдайларды айтып берсеңіз?
- Қорғау нұсқамасы жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын уақытша, бірақ өте тиімді құқықтық шаралардың бірі. Бұл нұсқама көбіне сталкинг немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері анықталған кезде, жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына нақты қауіп төніп тұрған жағдайда беріледі. Сондай-ақ, қудалаушының жәбірленушімен байланысын шектеу немесе оны кездестіруден мүлдем аулақ болуын қамтамасыз ету қажет болған жағдайда қолданылатын шара болып табылады. Мысалы, егер қудалаушы адамның үйіне, жұмыс орнына немесе балаларының мектебіне жақындап, психологиялық қысым жасаса, қорғау нұсқамасы дереу шығарылуы мүмкін. Қорғау нұсқамасы бірнеше нақты ережелерді қамтиды: қудалаушы жәбірленушіге белгілі қашықтықтан жақындамауы тиіс, байланысқа шықпауы немесе телефон, әлеуметтік желі арқылы хабарлама жібермеуі қажет, кейде уақытша тұру мекенжайын ауыстыруға дейін шара қолданылуы мүмкін. Мұндай шектеулердің барлығы жәбірленушінің қауіпсіздігін сақтауға және психологиялық қысымды азайтуға бағытталған. Қорғау нұсқамасының тиімділігі өте жоғары. Ол жәбірленушінің күнделікті өмірінде қауіпсіздік сезімін қалыптастырады, қорқыныш пен стресс деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары нұсқаманы бұзу фактілерін дереу тіркеп, қудалаушыны қосымша жауапкершілікке тарта алады. Бұл тек жәбірленушіні қорғаумен ғана шектелмей, қудалаушының қайта құқық бұзушылық жасауына тосқауыл болады. Мысал ретінде полиция тәжірибесіндегі нақты жағдайларды қарастырайық. Бірнеше ай бұрын өңірде бір азамат бұрынғы жұбайын әлеуметтік желі арқылы тұрақты түрде қудалап келген. Ол үнемі хабарлама жазып, кездесуге шақырып, тіпті жұмыс орнына келіп қорқытып тұрған. Жәбірленуші қорқыныштан арыздануға батылы жетпей жүрген. Полицияға хабарласпаған күннің өзінде, бұл әрекеттер психологиялық қысымға, ұйқының бұзылуына және күйзеліске әкелген еді. Полиция тарапынан дереу қорғау нұсқамасы шығарылды: қудалаушы жәбірленушіге 100 метрге жақындамауы тиіс, әлеуметтік желі және телефон арқылы хабарласуға тыйым салынды. Нәтижесінде, жәбірленуші қауіпсіздігін сезініп, үйінде және жұмысында тыныш өмір сүре алды. Қудалаушы ережелерді бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын біліп, әрекеттерін тоқтатуға мәжбүр болды. Тағы бір мысал тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі. Полицияға келген әйел өзінің күйеуі тарапынан физикалық және психологиялық қысым көріп жатқанын айтты. Қорғау нұсқамасы шығарылып, ер адам үйден уақытша шығарылады, жәбірленушіге қауіпсіздік кепілдігі берілді. Бұл шараның арқасында әйел тыныштық тапты, медициналық және психологиялық көмек алды, әрі ары қарай соттық іс қозғалса, ол қауіпсіздік жағдайында құқығын қорғай алды. Осыдан көріп тұрғанымыздай, қорғау нұсқамасы тек формальді заң шарасы емес. Ол жәбірленушінің қауіпсіздігін дереу қамтамасыз ететін, психологиялық қысымды азайтатын және қудалаушының әрекеттерін тежеуге бағытталған нақты құрал. Полиция тәжірибесі көрсеткендей, мұндай нұсқамаларсыз кейбір жағдайларда қудалау әрекеттері кейін ауыр құқық бұзушылыққа ұласасуы мүмкін, сондықтан бұл шара қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте шешуші рөл атқарады. - Сталкинг фактілеріне қатысты қандай заңнамалық жауапкершіліктер қарастырылған және бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының қай заңы бойынша жазаланады? - Сталкингке қатысты заңнамалық жауапкершілік қазір Қазақстанда нақты реттелген. Бұрын бұл әрекет көбіне жеке мәселе немесе психологиялық қысым ретінде қаралып, ресми түрде тіркелмейтін. Алайда 2025 жылы Қылмыстық кодекске «Сталкинг» туралы 115-1 бап енгізіліп, жүйелі түрде адамның еркіне қарсы жасалған, психологиялық немесе әлеуметтік қысым тудыратын заңсыз қудалау әрекеттері арнайы қарастырылатын болды. Оған тұрақты түрде хабарласу, бақылау, қорқыту, әлеуметтік желілер арқылы үнемі қудалау сияқты әрекеттер жатады.Заң бойынша сталкинг үшін әртүрлі жазалау шаралары қарастырылған. Мысалы, қудалаушыға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзету жұмыстарына тарту, немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу сияқты жауапкершілік қолданылуы мүмкін. Айта кетерлігі, 200 айлық есептік көрсеткіштің сомасы әр жыл сайын мемлекеттік АЕК мөлшеріне сәйкес есептеледі, сондықтан айыппұлдың нақты сомасы өзгеріп отырады. Егер қудалау әрекеті адамның психологиялық немесе физикалық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірсе, қылмыстық жауапкершілік одан да ауыр түрде қарастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, полиция жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу қорғау нұсқамасын шығара алады. Бұл нұсқама қудалаушының белгілі қашықтыққа жақындамауын, байланысқа шықпауын міндеттейді. Егер нұсқаманы бұзса, қудалаушы қосымша әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жалпы алғанда, бұл бап енді сталкингке құқықтық баға беріп қана қоймай, жәбірленушінің қауіпсіздігін дереу қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Полиция тәжірибесінде мұндай заңнамалық негіз өте маңызды, себебі ол қудалау әрекеттерінің алдын алу, қайталануын болдырмау және жәбірленушінің психологиялық қауіпсіздігін қорғау тұрғысынан шешуші рөл атқарады. -Құқық қорғау органдары сталкинг пен тұрмыстық зорлық зомбылықты алдын алу үшін қандай нақты жұмыстар атқарып жатыр және осы шаралардың тиімділігін қалай бағалайсыз?
- Құқық қорғау органдары сталкинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы бағытта өткен аптада ауданымызда алғаш рет «Қауіпсіз қоғам сталкингке жол жоқ» тақырыбында ауқымды форум ұйымдастырылды. Аталған форумға Ішкі саясат басқармасы, прокуратура, Полиция бөлімі, Әкімдік жанындағы Отбасын қолдау орталығы және білім беру ұйымдарының спикерлері қатысып, бұл мәселенің өзектілігін жан-жақты талқылады. Форумның негізгі мақсаты қоғамда сталкинг мәселесінің алдын алу, оның қауіптілігін кеңінен түсіндіру және құқық қорғау органдарының тәжірибесін ортаға салу болды. Бұл өз кезегінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, аудан көлемінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан», сондай-ақ ағымдағы жылдың 15-22 ақпан аралығында өтіп жатқан «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылуда. Бұл шаралар аясында қолайсыз және әлеуметтік осал отбасылар анықталып, олармен жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Аталған жұмыстар тек ақпараттық-түсіндірумен шектелмей, азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері бірлесіп, нақты көмек көрсетіп, отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдайды. Сонымен қатар, Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі және Жастар орталығы сияқты қоғамдық ұйымдардың қатысуымен алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жалпы, атқарылып жатқан бұл шаралардың тиімділігі қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарының күшеюінен, азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуынан және осал топтарға көрсетілетін нақты көмектің нәтижелілігінен көрініс табуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сталкинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға өз үлесін қоса береді.
- Сталкинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған немесе сондай қауіп барын сезген жандарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Ең алдымен, мұндай жағдайға тап болған жандарға үндемей қалмауға кеңес беремін. Өз қауіпсіздігіңізді бірінші орынға қойып, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Атап айтқанда, 102 нөміріне қоңырау шалу арқылы немесе жергілікті учаскелік полиция қызметкерлеріне тікелей жүгіну арқылы көмек сұрауға болады. Сонымен қатар, жақын туыстарға немесе сенімді адамдарға жағдайды айтып, қолдау сұрау да маңызды. Бүгінгі таңда азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсететін арнайы орталықтар жұмыс істейді. Сондықтан әрбір азамат өз құқығын біліп, кез келген заңсыз әрекетке төзбеуі тиіс. Құқық қорғау органдары тарапынан әрбір өтініш назарға алынып, тиісті шаралар қабылданады. Қорытындылай келе, кез келген қудалау немесе зорлық-зомбылық жағдайында дер кезінде 102 нөміріне хабарлау немесе учаскелік полиция инспекторына жүгіну азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды әрі тиімді жолы болып табылады.Қудалау немесе қысым көру жағдайында әрбір азамат заң аясында қорғалу құқығына ие. Әрбір арыз назарға алынып, тиісті шаралар қабылданады. Қажет болған жағдайда қорғау нұсқамасы шығарылып, жәбірленушінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сталкинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі. Онымен күрес тек жазалау шараларымен шектелмей, алдын алу, түсіндіру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру арқылы нәтижелі болмақ. Қауіпсіз қоғам құру баршамызға ортақ міндет.
А.Ерденқызы




