«Еліміздің өркендеуі өңірлердің дамуына тікелей байланысты. Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік, экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа. 2019 жылғы Жолдауда айтқан «Қуатты өңірлер, қуатты ел» деген ұстанымым – күні бүгінге дейін әлі өзекті мәселе», – деген еді Мемлекет басшысы.
Ал өңірлердің өркендеуі – әрбір жергілікті жерлерде жүйелі жүзеге асып жатқан нәтижелі жұмыстарға байланысты. Сондықтан аудан әкімі Жұмабек Қаражанов халық алдындағы есебін ауылдағы ағайынмен кездесіп, округтердегі қолға алынған нақты істен бастады. Шаруасы шалқыған шалғайдағы ауыл Аудан басшысы алғашқы кездесуін Жем өзенінің жоғарғы жағалауында орналасқан Ақкиізтоғай ауылынан бастады. Оған ауыл тұрғындары мен ардагерлер, шаруалар, сондай-ақ аудандық әкімдіктің бөлім басшылары қатысты.
Жұмабек Байрақбайұлы өз сөзін бірден биылғы атқарылған жұмыстардан бастады. - Биыл ауылға 5 шақырым жолдың құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Қалған 8,6 шақырым бойынша жоба жасақталып, сараптама қорытындысы алынды. Бұл міндетті мердігер мекеме «Казкомвервис» ЖШС-і атқарады.
Қазіргі таңда «Ақкиізтоғай ауылдық округі электр желілерін қайта жаңғырту» жобасы бойынша құрылыс жұмысы аяқталды. Жоба аясында бағаналар мен ұзындығы 3,4 шақырым болатын оқшауланған өздігінен жүретін сымдар тартылып, 4 трансформатор орнатылды. Сонымен қатар, 6300 қосалқы подстанциясы қосылды. Ендігі кезекте қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл істі мердігер мекеме «Еламан Ойл» ЖШС қолға алған болатын. Биыл Ақкиізтоғай ауылына жаңадан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым желілерін тарту қарастырылған-ды. Осы жұмыстардың негізінде ауыз су, газ желілері тартылып, іс ағымдағы жылдың шілде айында басталды. Бұл жобада ауыз су құбырын «Сұңқар Құрылыс» ЖШС, газ желілерін «Урал Комплект-KZ» ЖШС тартып, электр желілерін «Сұңқар Құрылыс» ЖШС келесі жылдың қаңтар айында толық аяқтайды деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Құлсары–Ақкиізтоғай тасжолына ақ жолақ сызылып, көктемгі су тасқыны кезінде бүлінген автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақ жолақ сызуды мердігер мекеме «Асыл бастау» ЖШС сапалы атқарып, жол жөндеу жұмысында «Казкомсервис» ЖШС ауылдағы көлік қатынасына бірқатар өзгеріс әкелді десек те болады. Одан бөлек, «Тағамбай» ЖШС «Жеңіс» саябағын жөндеп, халық игілігіне берді. Ауылдың орталық көшесінен спорт алаңының құрылысы аяқталып, бұл игі істі мердігер мекеме «Орлан» ЖШС жақсы атқарды. Ал Ақкиізтоғай ауылына кіреберіс жолдың жанына 430 түп тал егіліп, айналасы қоршалды,-деді. Осылайша бірқатар мәселенің шешілгенін айтқан аудан әкімі су мұнарасының да құрылысы аяқталып, бүгінде іске қосу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Ауылда мәдениет үйінің жоқтығы да сөз болды. Аудан әкімінің айтуынш, Ақкиізтоғайға 200 орындық мәдениет үйін салу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп, ТШО-ның «Игілік» бағдарламасына ұсынылған. Тағы бір мәселенің бірі - өрт сөндіру көлігінің жоқтығы еді. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда қандайда бір айтып келмес апат орын алса, қаладан өрт сөндірушілердің уақытылы келу, келмеуі неғайбыл. Бұл сұранысқа аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы:
-Ауылдарда өрт сөндіру көлігі үшін арнаулы орын, яғни өрт сөндіру депосын салу керек болады. Ал ол үлкен көлемді қаражатты талап етеді. Иә, қаладан басқа ауылдық округтерге қарағанда шалғай орналасқан екі ауыл бар. Олар - Майкөмген мен Ақкиізтоғай. Сондықтан олардың қаладан қашықтығын ескеріп, желтоқсан айының аяғына дейін өрт сөндіру көлігі болмаса да, қорға суды мол жинайтын автокөлік бергіміз келіп отыр,-деді. Жиында тасқыннан кейін құрылысы басталған шлюз мәселесі бойынша да сауалдар қойылып, шаруашылық иелерінің жеке мәселелері де қаралды. Келелі кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев та халықпен пікір алмасып, ұсыныстарын жазып алды. Жиын соңында аудан әкімі бірқатар азаматты жеке қабылдап, кейін ауылдағы түйінді мәселелерді аяқтай барып, көзбен көріп қайтты. Мүмкіндігі мол мекен – Майкөмген Қарақұмның қойнауындағы Майкөмген ауылдық округінде де көптеген жұмыстар жүзеге асып жатыр екен. Оған біз аудан әкімінің тұрғындармен өткен жүздесуінде көз жеткіздік. Майкөмген мәдениет үйінде өткен жиынға бөлім басшылары, ауыл тұрғындары, шаруа қожалық иелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жұмабек Байрақбайұлы жиын үстінде бірден іске көшіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға нақты тоқталды:
- Майкөмген ауылын электр желілерімен толықтай қамту мақсатында жоба аясында ауытқулар болды. Осыған байланысты түзетулер енгізуге шешім қабылданды. Бүгінгі таңда жоба сараптамаға жолданып, жақында қорытындысы шығарылады. Қазіргі таңда ұзындығы 2-3 шақырым болатын электр желісінің бағаналары және 4 толық трансформаторлық қосалқы станциясы орнатылды. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме "Монолит - Дизайн 2030" ЖШС 2023 жылдың наурыз айында бастады. Бүгінде ауылға 4,7 шақырым жол салу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 800 метр жерге ірі түйірлі тасжол қабаты төселді. Жалпы жол салу жұмыстары келесі жылы аяқталады. Нысан ауыспалы. Оны мердігер мекеме «Армандастар Атырау» ЖШС атқарады. Одан кейін биыл Сүйінғара Өргенішбай көшесіне әмбебап спорт алаңының құрылыс жұмыстары басталған-ды. Жоспар бойынша желтоқсан айында аяқталады. Жобаны мердігер мекеме «Орлан» ЖШС атқаруда. Аяқталған жұмыстың бірі көше жарығы еді. Ұзындығы 6,6 шақырым болатын бұл жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілді. Мердігер мекеме «Армандастар Атырау» ЖШС оны сапалы аяқтады десек те болады.
Сондай-ақ ауылды құм көшкінінен қорғау үшін 3700 м² жерге 1500 түп сексеуіл егіліп, тамшылатып суару желілері жүргізілді. Резервуар қойылды. Жан-жағы қоршалды. Бұл атқарылған ауқымды істе мердігер мекемелер «Болашақ өмір» мен «Шалқар аясы» ЖШС қатар жұмыс жасап, ауыл экологиясына зор септігін тигізді. Ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жылу жүйесіне қосымша батареялар орнатылды. Кіреберіс есігінің үстіне жылу айдайтын желдеткіш қондырып, терезелерінің резеңкесі ауыстырылды. Бұдан бөлек, демеушілік көмекпен жасалған жұмыстар да бар. Оның бірі - «ТШО» компаниясы. Соның көмегімен ауылдан 5 тонна топырақ, «НСС» мекемесі арқылы мал тезектері шығарылды. Жерлер тегістеліп, көгалдандыру жұмысы жүргізілетін 1,5 га жердің аумағы қоршалды,-деді аудан басшысы.
Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов алдағы атқарылар жоспардағы жұмыстарды да атап өтті. Соның бірі – ауылдағы 300 орындық білім ордасының құрылысы. Қазір жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткен және құрылысты жүргізу ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы арқылы іске аспақшы. Аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев та сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді.
Жиын барысында Майкөмген ауылдық округінің тұрғындары аудан әкіміне көкейде жүрген көп сауалын жолдады. Жеке мәселе бойынша келген азаматтар да жиыннан кейін әкіммен бетпе-бет жүздесіп, шешілмей жүрген проблемаларына нақты жауап алды. Жиынға қатыса алмаған қарапайым халықтың ұсыныс-пікірін жинақтау мақсатында ауылдық оркуг әкімі аппаратында арнайы жәшіктер қойылған еді. «Іnstagram» әлеуметтік желісі арқылы сұрақ қойған азаматтар да кездесті. Олар ауылдың басты мәселелеріне тоқталып, атап айтқанда, округтегі интернет желісінің нашарлығына, тоқ көзінің жетіспеушілігі мен мектептің құрылысына байланысты бүкпесіз сауалдарын қойды. Ұзақ уақыт бойы әкіммен кездесе алмай, шаруасы аяқсыз қалып жүрген азаматтың бірі Қойбағар Сейітов өз сөзінде: - Мен зейнеткермін. 2017 жылдан бері қожалығымның құжаттары үйлеспей, бір мәселенің төңірегінен әлі шыға алмай келемін. Былтырдан бері сол түйінді тарқату мақсатында алдыңызға 3 рет бардым. Алайда, тасқын қабаттасып, шаруам аяқсыз қалды. «Сабақты ине сәтімен» демекші бүгін, міне, өзіңізбен жүздесіп отырмын. Бұған дейін талай басшылармен сөйлестім, бірақ ешкім нақты шешіп бере алмады. Енді, жастарға, яғни сіздерге сенеміз,-деп қағазбасты мәселеден шаршағанын жеткізді. Аудан әкімі шаруагермен жиыннан кейін жеке қабылдауында сөйлесіп, оның сұрағына қанағаттанарлық жауап берді.
Жиын соңында аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы ауыл тұрғындарын келе жатқан Тәуелсіздік күні мен жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. құтты қоныс – Қосшағыл Елдің дамуында, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуде ұлттық жобалар шешуші рөл атқарады. Оларды жүзеге асыру мемлекет алдында тұрған түрлі міндеттер мен мәселелерді шешуге ықпал етеді және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Соның бірі - 2021-2025 жылға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Мемлекет басшысы ұлттық жобаның тізбесін 2021 жылы 13 қазанда бекітті. Ұлттық жобаның мақсаты – ел халқының негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту. Осы мақсатта тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама біріктіріліп, біртұтастықта жұмыс істей бастады. Нәтижесінде көптеген қордаланған мәселелер шешімін табуда.
Айталық, биыл Қосшағыл ауылдық округінде ауылішілік 2,7 шақырым автомобильдер жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарына қаражат бөлінді. Тапсырыс беруші – аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Мердігер мекеме - «Казкомсервис» ЖШС, құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтауды жоспарлаған. Бұл туралы аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қосшағылдықтармен кездесуінде мәлім етті. Сондай-ақ қаңтар айында басталған көше жарығының құрылысы тағы бар. Қазіргі таңда 1341 көшеге бағаналар қондырылып, электр жүйесі тартылған. Су тасқынынан зардап шеккен Қарағай елді мекеніне қатынайтын асфальт жол қайта жөндеуден өтіп, қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ аудан әкімі сол ауылдағы медициналық амбулатория ғимаратының құрылысы толықтай аяқталғанын, алдағы уақытта пайдалануға берілетінін жеткізді. Ауылдық округтегі №2 жалпы орта білім беретін мектеп жанына спорттық алаң салу жобасы жасақталған. Мердігер мекеме - «Орлан» ЖШС. Құрылыс жұмыстары биыл басталып, баскетбол, волейбол, кіші аяқ доп, спорттық алаңдар жасалды. Жұмыстар желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан соң тұрғындар сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олар, әсіресе ауылдағы интернет желісінің дұрыс жұмыс жасамайтынына көңілі толмайтынын жеткізді.
Сондай-ақ қосшағылдықтардың тарапынан мемлекеттік бағдарламалар, жұмыссыздық, жол, техникалық суға байланысты мәселелер айтылып, Ж.Байрақбайұлының тарапынан тиісті жауаптар берілді. Қосшағылда атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны жақсы екенін айтқан ауыл белсенділері, әсіресе, түнгі уақытта көшелердің самаладай жарқырап тұрғанына өз ризашылықтарын білдірді. Қалаға бергісіз кент Аудан орталығына жақын орналасқан Жаңа Қаратон кентінде де біраз жұмыстар атқарылды. Бұл туралы ондағы тұрғындармен кездескен аудан әкімі Жұмабек Қаражанов хабарлады. Көше жарығына 860 дана ескі жарық көздерін светодиодты шамдарға ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Кентте халыққа қызмет көрсететін 28 трансформатор болса, оның 12 данасы тоқ кернеуі көп қондырғыға ауыстырылды. Жалпы кент бойынша 33.4 шақырым жол салу жұмысын «Казкомсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, пайдалануға берген. Қазіргі таңда кент іші 98 пайыз автомобиль жолымен, сондай-ақ, 100 пайыз ауыз сумен қамтылып отыр. Биыл кентте 20 шақырым жаяу жүргінші жолы төселді. Жаңа Қаратон кенті газбен жабдықтау жүйесімен де толықтай қамтылған. Сонымен қоса, кенттегі №2-6 кварталдағы тұрғын үйлерге газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал кенттің интернет мәселесін түпкілікті шешу мақсатында «Радио Мост» құрылғысы қондырылып, желі нүктелері орнатылды.
Ендігі кезекте кентке «Алма ТВ» интернет желісін орнату жоспарлануда. Кентте 9 ойын алаңы бар болса, қазіргі таңда кент әкімі аппаратының бюджетінен бөлінген қаржыға №22 және №23 мектептің ауласына да балаларға арналған ойын және спорт алаңы салынуда. Жалпы кентке балалар алаңын футбол алаңымен қоса салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, оң қорытындысы алынды. Құрылыс жұмысы 2025 жылы басталады деп жоспарланған. Сондай-ақ кентте 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталғалы тұр. Аудан әкімінің хабарламасынан кейін тұрғындар сөз сөйледі. Олар жұмыссыздық мәселесін көтеріп, пайдалануға берілмей жатқан дәрігерлік амбулатория туралы құлағдар етті. Сондай-ақ №22 мектепке күрделі жөндеу жұмысы қажет екенін жеткізді. Малдың трассадағы жолға шығып кетуі көліктер үшін аса қауіпті болып тұрғанын айтып, осының бір шешімін табуды сұрады. Кездесуден соң аудан әкімі Ж.Қаражанов тұрғындармен жеке қабылдау өткізді.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ, П.ТӘЖІ