Жылыой өңірінің әдебиеті мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. 83 жасқа қараған шағында ардагер мұнайшы, ақын, «Көңіл шуағы», «Сезім бұлағы» жыр жинағы мен «Еңбек ер атандырады», «Ұрпақ парызы», «Асқар тау аласармайды» атты естелік-новеллалардың авторы Амандық Сасаев дүниеден озды.
Амандық Ашықбайұлы 1942 жылдың 28 қарашасында Құлсары поселкесінде мұнайшылар жанұясында өмірге келді. Мектеп бітіре сала әке жолын жалғап, 1961 жылы Құлсары мұнай кәсіпшілігінің бұрғылау бригадасында алғашқы еңбек жолын бастады. Кейін Прорва кәсіпшілігінде кен орнын алғашқы игеруші Мүтиғолла Маташевтың қарауында бұрғышының көмекшісі ретінде жұмыс жасады. Көп жылдар отбасымен Мұнайлы поселкесінде тұрды. Ондағы кен орнында қарапайым жұмысшы бола жүріп, цехтың кәсіподақ ұйымының жетекшісі қызметін қоса атқарып, басқарманың қоғамдық жұмысына да белсене араласты. Мұнайшылар өмірін қаламмен жырға, баянмен әнге қосып, басқарма атынан түрлі өнер сайыстарында топ жарды. Мұнайлыда еңбек майданының алдыңғы шебінен көрініп, 1975 жылы Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Жас жазушылардың республикалық жиынына да қатысып, қаламгерлік қабілетімен ерекшеленді. Кейін Қосшағыл, Ақінген мұнай өндіру цехтарында мұнайшы-оператор ретінде 45 жылға тарта еселі еңбек етті.
«Амандық – мұнайшы. Содан басқаға көніңкіремейтін мұнай тақырыбы оның оң жамбасына келіңкірейді. Әдебиет тарихында өзінің бүкіл болмысымен, мінез-табиғатымен, жүріс-тұрыс, сыр-сипатымен өзінің нағыз ақын екенін ешбір құжатсыз-ақ дәлелдеп, мүшелік билетсіз-ақ білдіріп тұратын ақындар болған. Сондай ақындардың бірі – біздің Амандық Сасаев», - деп жазды ақиық ақын Аманқос Ершуов замандасы жайлы. Расында да өмірі мен еңбек жолы сыңсыған качалкалардың арасында өтіп, жетіқат жер астынан атқылаған қара алтын қайнарын қара өлеңіне арқау еткен ақын табиғаттың тылсым сырымен тілдесіп, көңілінің шуағы мен сезімінің бұлағын да жыр етіп төгілтті. Туындылары әр жылдары «Қойнауы құтты Кең Жылойым», «Жылыой қаламгерлері» секілді ұжымдық жинақтарға, есімі «Атырау-Жылыой», «Жылыой жылнамасы» энциклопедициясына енді.
Ембі мұнайының дамуы жолында жарты ғасырға тарта уақыт еңбек сіңірген ардагер-мұнайшы Амандық Сасаев «Қазақстан мұнайына – 100 жыл», 120 жыл, «Ембімұнайгазға – 100 жыл», «Қосшағылға – 70 жыл», «Жылыой ауданына – 90 жыл» секілді мерекелік медальдар мен Құрмет грамота, Алғыс хаттармен наградталды.
Қазыналы өңірдің өсіп-өркендеуіне білектің күшімен ғана емес, жүректегі жыр-қаламының ұшымен де зор үлес қосқан ақын-азаматтың тырнақалды туындылары сол кездегі аудандық «Коммунизмге алға», «Ембі» газеттерінде үзбей жарияланып тұрды. Өңір қаламгерлерінің ұстаханасына айналған қара шаңырақ – «Кең Жылой» газеті редакциясымен өле-өлгенше байланысын үзген жоқ. Жүректен шыққан шынайы шумақтарын ойлы оқырмандарға жеткізуге асықты. Ол сонысымен де Жылыойдың жыр сүйер қауымының жүрегінде ұзақ сақталады.
Аудандық «Кең Жылой» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы ардагер мұнайшы, ақын, басылымның белсенді авторы, газет жанашыры Амандық Ашықбайұлы Сасаевтың қайтыс болуына байланысты отбасының, ағайын-тумасының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.
«Кең Жылой» газеті редакциясы