Атырау облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Ардагерлер – асыл қазына» жобасы аясында «Ардагерлер әуендері» атты VI ардагерлер арасындағы облыстық ән фестивалі өткен еді.
Байқауға қатысқан 17 ардагер Қазақстан халық композиторларының және жергілікті Атырау сазгерлерінің бір әнін орындап бақ сынады. Әр өңірден келген, атап айтқанда Махамбет, Мақат, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер, Исатай аудандары мен өзіміздің Жылыой намысын қорғап барған қатысушылардың ешқайсысы кәсіби әнші емес-ті. Дегенмен олардың өнері ән саласының жілігін шағып, майын ішкен сахна саңлақтарының орындауынан кем түспеді десек артық айтқандық болмас.
Облысқа ат басын бұрып, ауданнан арнайылап барып, үздік өнер көрсеткен ардагеріміз Мұхит Өтегенов өз сөзінде:
-Музыка саласында мамандығым жоқ. Ән айту менің бала кезден келе жатқан хоббиім. Бүгінде жасым 64-те болса да ауыл арасында, той-томалақтар мен мерекелік басқосуларда ән орындап, қошеметтің астында қалып жатамын. Күйдің де құдіретін жіті түсінген қазақпыз ғой. Арасында домбыраның құлағында ойнап, бір шабыттанып алатыным бар. Ал сайысқа келетін болсақ, облыстық байқау болғандықтан қашанда жоғары деңгейде өтеді ғой. Және оған кіл мықтылар қатысатыны да айдан анық. Дегенмен әділқазылар шешімімен үздіктер бір қадам алға шығып, тиісті жүлделерін иеленді,-дейді.
Фестиваль жеңімпаздарын анықтап, қатысушыларға төрелік еткен азаматтардың қатарында Атырау облысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Қалжанұлы, белгілі әнші Қуандық Нұғымаровтар болып, байқаудың лайықты қорытындысын шығарды.
Нәтижесінде Қазақстан халық композиторларының әндері номинациясы бойынша бас жүлде Индер ауданынан келген Бақыт Габдулинаға бұйырса, жүлделі І орынға аудан мерейін өсірген Мұхит Өтегенов лайық деп танылды. Ал ІІ орынды Махамбет ауданының қатысушысы Гүлжиян Сабенова иеленіп, ІІІ орынды Атырау қаласы мен Исатай ауданының намысын қорғаған Тұрлан Бисенбаев пен Жоламан Жұмабаевтар қанжығалады. Ал жергілікті сазгерлердің әндері номинациясы бойынша өнер көрсеткен ауданымыздың ақ жаулықты анасы Сұлубике Мейірханова Алғыс хатқа ие болды.
Д.ДЕРБІС