Жылыойлық жастар жалғызбасты анаға жаңа баспана сыйлады

Игі дәстүр жуырда тағы да жарасымды жалғасын тапты

Биылғы наурыздан бастап жылыойлық жастардың ұйымдастыруымен мұқтаж жандардың ескі үйін жаңа баспанамен ауыстыру үрдісі қалыптасқан еді. Сол игі дәстүр жуырда тағы да жарасымды жалғасын тапты.

Нақтырақ айтқанда, Құлсары қаласында ескі ғимаратта тұратын жалғызбасты анаға тура кеше ғана жаңа баспананың кілті табыс етілді. «Көп түкірсе, көл» демей ме, қайырымды шараға аудан тұрғындары қаржылай қолдау көрсетті. Сондай-ақ, көптеген жас кәсіпкерлер мен іскер азаматтар үй құрылысына тікелей өздері атсалысты.

janauy

Осылайша, Құлсары қаласындағы сегізінші ауыл тұрғындары Диас пен Абылай бастаған жақсылықты аудан жігіттері жалғады. Олар жұмысшы жалдамай, өз қолдарымен үйдің іргетасын құйып, құрылыс жұмыстарымен де өздері айналысты.

Құрылысқа қажетті цемент, ПГС, қайыршақтас, топырақ және басқа да заттарды аудандағы алыстан ауыр жүк таситын «Камаз» жүргізушілері жеткізіп берді. Міне, «біздің кермет жігіттер» деп осыны айтыңыз, сірә!

Осындай жігіт ағаларының үлгі боларлық үлкен ісіне сүйсінуші ауыл жастары да қарап қалмады. Олардың бірі үйдің төбесін жапса, енді бірі ішін майлап, сыртын сайлады.

janauy

Тағы бірі көздің жауын алар көркем тастармен аула ішін жайнатып жіберді. Басқалары жарық пен жылу, газ бен су желілерін жүргізді.

Ал, қыз-келіншектер жағы терезеге арналған әдемі жапқыштар тігіп, шеберліктерін танытты. Иә, мұның бәрі бір адамның қолынан келер ме?

Тек «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмыс жасағанда ғана осындай нәтижеге қол жеткізуге болады. Демек, біріккен істің берекесі бар деген сөз. Аузын ашса, жүрегі көрінетін жомарт жандар үй ішін жиһаздармен толтырып тастады.

Салтанатты рәсімде осынау қуаныш иесіне кілтпен қоса үй құжаттары да тапсырылды. Ендеше, жақсылық жасауға жаны құмар жастар қатары қалыңдай берсін деп тілек білдірейік!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

atr.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521