Жылыойлықтар құрылысқа жұмысқа тұруға неге құлықсыз?

Күні бүгін онда барлығы 120-ға тарта қызметкер жұмыс жасап жатыр

Жақында жолымыз түсіп Құлсары қаласындағы жаңадан салынып жатқан 75 орындық аудандық орталық аурухананың құрылыс алаңында болдық.

Құрылысты жұмыстарын жүргізіп жатқан атыраулық «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Рустам Досмырзаның сөзінен жаңа нысанның қадалары қағылып, онда, негізінен, еңбек етіп жатқан жұмысшылардың өз компаниясының еңбеккерлері екенін білдік. Оның айтуынша, 75 орындық ауруханамен бірге маңынан көпсалалы диагностикалық орталық та бой көтере бастайды. Күні бүгін онда барлығы 120-ға тарта жұмысшылар мен осы саланың мамандары жұмыс жасап жатқан көрінеді.

Әрине, аудандағы сақалды құрылыс Құлсары қаласының қақ төрінен жүргізіліп жатқан соң, онда жергілікті жұмыссыздардың көптеп қос қолға бір кәсіп көзін тапқанын қалағанымыз анық. Өйткені елдегі карантиндік режимге байланысты қазіргі таңда өндірісті өңіріміздегі мекеме-кәсіпорындар жұмыс көлемін қысқартып, ауданда да жұмыссыздық мәселесі мықтап бой көтере бастағаны жасырын емес. Бірақ бас директордың бізге берген мәліметі көңілімізді көншітпеді.

Рустам Досмырзаның сөзіне сенсек, аудандық жұмыспен қамту орталығына жолдаған ұсыныс бойынша құрылыс жұмыстарына қажетті 20 адамға сұраныс берген екен. Алайда оның ішінен тек 5 жылыойлық қана аудандық аурухананың құрылысына атсалысып, компанияға жұмысқа орналасуға ниет білдірген көрінеді.

-Біз өзімізге қажетті құрылыс саласының мамандарына сұраныс бердік. Бірақ ондай кәсіби шеберлер ауданнан табылмады. Қазір құрылыс алаңында жұмыс жасап жүрген жылыойлықтың 5-еуі де қатардағы «разнорабочий» жұмысшылар, - деді бас директор.

80 мыңнан астам халқы бар ауданнан не бары 20 жұмыссызды сұратуы ,әрине компания үшін өте аз. Ал оның ішінен тек бес адамның ғана еңбек етуге тілек білдіруі бізге сын. Өндірісті өңірде құрылысшы маман шеберлері жоқ деуге ауыз бармайды. Демек бізге табыстан бұрын намыс жетіспей жатқандай!

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521