Жылыойлықтар диктант жазды

Қазақстанда қарашаның 14-і күні қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі бойынша алғашқы жалпыхалықтық диктант өтті.

Бұл шара Құлсары қаласы мен барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылды. Таңертеңі сағат 9-дан бастап №7 мектептің спорт залына диктантқа қатысушылар жинала бастады. Үлкен экраннан латын әліпбиінің мәмлесі көрсетіліп тұр. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев бүгінгі өткізгелі отырған шараның маңыздылығын түсіндірді.

Сағат 10-да диктант жазу басталды. Мазмұны да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған латын әліпбиі жөнінде болды. Диктант 80 сөзден құралған. Аудиожазба арқылы 2 рет тыңдалады. Жазылып болған соң қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері диктанттың грамматикалық қатесін тексеріп, бағалайды. Сөйтіп жазылуына қарай «3», «4», «5» деген бағалар қойылады.

Латын әрпімен диктант жазуға аудандағы балабақша тәрбиешілері мен емхана қызметкерлері, жастар ресуртық орталығының мамандары мен кітапханашылар, «Жылыоймұнай-газ» мекемесі, Құлсары мұнай құбырлары басқармасы, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім, статистика мен тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының мамандары, аудандық мұрағат, музей, жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері зор ынтамен диктантқа қатысты.

Қатысушылардың бірі психолог Құралай Қосшиева бастап жазғанда қобалжығанын, сәлден соң қолы үйренгенін айтады. Ал жастар ресурстық орталығының бас маманы Дана Баймағанбетова диктанттың латын әліпбиін тез үйренуге көмектесетінін, сондықтан жиі ұйымдастырылып тұрса деген ниетін жеткізді. Міне, осылайша Қазақстан халқы жаппай латын әрпімен жазуға, оқуға көшпек.

П.ҚИЗАТОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521