Жылыойлық шаруагер малшаруашылығын түлетіп отыр

Елімізде агроөнеркәсіпті дамыту, азық-түлікпен қамтуда ауыл шаруашылығы  саласының алатын орны ерекше. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану негізінде мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын жасау туралы айтқан болатын.

Соның ішінде мал шаруашылығы –   ежелден келе жатқан ата кәсіп. «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» дегендей, ата-бабаларымыз көшіп-қонып жүріп мал шаруашылығына аса мән берген. Ықылым замандарда қазақ халқының өмір сүру дағдысы, салт-дәстүрлері осы кәсіппен тығыз сабақтасқан. Өндіріс дамып, қалалар мен мегаполистер көбейгенмен ауыл шаруашылығы маңызын жоймайды. Өйткені табиғи сапалы өнімді тек ауыл шаруагерлері өндіреді. Біздің киелі мекенімізде  ауыл шаруашылығы саласы жолға қойылған. Ауыл-аймақтарда бір-шаруашылықтың пайдасын көріп отырған жандар көп. Осы тұста, аудан бойынша ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген Шоқпартоғай ауылдық округіндегі шаруагер Жаймұхан Жұбанов туралы сөз қозғағалы отырмыз. Көшпенді қазақ халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығын дөңгелетуде өз үлесін  қосып жүрген «Дархан дала» жеке шаруа қожалығының жетекшісі Жаймұхан 1972 жылы Шоқпартоғай ауылдық округінде дүниеге келген. Қарапайым отбасыдан шыққан кейіпкеріміз жастайынан еңбекке араласып өседі. 1992 жылы ауыл шаруашылығына келген.  Ол алғаш совхозда тракторшы болып жұмыс жасап, мал азығын дайындап, шөп шауып, техникамен жұмыс жасаған. Кейін сиыр бағып, 3 жыл совхозда мал шаруашылығымен айналысқан. Одан кейін өндіріс орындарында жұмыс жасап, 2004 жылы туған ауылға қайта келген.


- 2004 жылы әкемнің шақыртуымен ауылға келдім. Әкем де совхозда жұмыс жасап, шопыр болды. Мал шаруашылығы, су тасу, шөп дайындау тағы да басқа жұмыстарды атқарды. Кейін совхоз тарап, әкем шағын қожалық құрды. Сол шаруашылықты өзі басқарып, ұйымдастыра білді. Алайда ол сырқаттанып қалған соң мені ауылға шақырды. 2005 жылы әкем өмірден озды. Ал ол құрған қожалықты әрі қарай өзім жүргіздім,-дейді шаруагер Жаймұхан.


Асқар тау әке құрған қожалықты таратпай, әке салған сара жолды жалғаған азамат бүгінде ауданымызға белгілі кәсіпкерлердің бірі. Бүгінде тек мал бағумен ғана емес, шөп сатып, мал азығын дайындаумен де қатар айналысады. Інілері жәрдемші болып, шаруашылықты  кеңейткенін айтады ол.  «2008 жылы және  2012 жылы жаңадан техникалар сатып алдық.  Трактор, УАЗ машинасы, шөп тегістейтін техникалармен жұмыс жасадық. Осылайша әкемнен қалған азын аулақ мал басын көбейттім»,- дейді ол. Бастапқыда 30 бас сиыр, 100 шақты қой, 20 бас түйемен ғана шағын шаруашылығын аяқтан тұрғызған Жаймұхандар бүгінде мал басын еселеп көбейткен. Атап айтар болсақ, қой басын мыңға, түйе басын 100, сиыр-жылқы басын 200 ге жеткізген. Бұл еселі еңбектің нәтижесі екені сөзсіз. Алға қарай мал басын бұданда өсіргісі келетінін айтады.  Десе де, ауыл шаруашылығы саласында қиындықтар көп екенін,  кей жылдары болатын қуаншылық пен шөптің жоқтығы шаруагерлерге қиынға соғып тұрғанын жасырмады. Расымен соңғы жылдары аудан аумағындағы жайылымдарда шөп болмай, қуаншылықтың шаруагерлерге зор қиындық келтіргені жасырын емес. Бұл 2 жыл шаруагерлер үшін қиын сынақ кезеңі болды. Бірақ олар  жан-жаққа барып шөп алып, қыстықтың қамын жасады. Жылыойлық қожалық иелері  үшін шұрайлы жер мәселесі де біраз әбігерге салатыны рас.


-Әкемізден қалған мал басын еселі еңбектің арқасында осылайша көбейттік. Бұдан да көбейткіміз келеді. Десе де, жеріміз сортаң, суымыздың жоқтығы кедергі болып отыр. Соңғы екі жыл төңірегінде ауданымызда қуаншылық болды. Шабындық жер болмады. Осының бәрі мал басының өсуіне кедергі келтіріп отыр. Өзге аймақтардан шөп алдық. Бұлардың барлығы өзімізде болса, бізге қаржылық салмақ та болмас еді. Мал өсімін де көбейтер едік,-дейді Жаймұхан Жұбанов.18 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан шаруагер мал жайының қыр-сырын жете біледі. Қожалықтағы бар жұмысты отбасында бауырлары да, балалары да бірге атқарысады. Ешқандай жалдамалы жұмысшы жалдап көрмеген. «Балаларым да менің ізімді жалғап, шаруашылықты жалғастыратын болады. Қожалықты одан әрі ұлғайтып, дамыту - біздің мақсатымыз. Алдағы уақытта су биылғыдай мол келіп, жер шұрайы жақсарса бұдан да үлкен нәтижеге жетеміз деген үміттеміз. Алдағы бір жоспарымыз-  асыл тұқымды мал өсірмекпіз. Қазір осыған жұмыстанып жатырмыз»,-дейді кейіпкеріміз.

Мал шаруашылығын дамытуға ауданға үлесін қосып отырған шаруагердің  өнімдері бүгінде ауданда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен облыстарда сатылып жүр. Тіпті, Астанада болатын шаруашылық жәрмеңкелеріне де қатысып,  жыл сайын сапалы ет, сүт өнімдерін өзге өңірлерде танытып жүр.


-Әр аптада Құлсары қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысып, өнімдерімізді сатып жүрміз. Шоқпартоғайдың шаруа қожалықтарымен бірігіп облыстарға да, республикалық шаруашылық жәрмеңкелеріне қатысып, етімізді, айран-шұбатымызды сатылымға шығарып жүрміз,-дейді Ж.Сағидоллаұлы

Бүгінде елу жасты еңсерген шаруагердің берекелі шаруашылығы осындай.


Түйін: Ежелден күнкөріс пен тіршілік көзі саналған ата кәсібіміздің өнімін молайтуға, экспорттық әлеуетін арттыруға жүйелі жұмыстар жүргізілсе, мал шаруашылығы одан әрі дамитыны сөзсіз.

 

А.Жұмаберген

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521