Жылыойлық сазгердің алғашқы бейнебаяны

Рамазан айында Youtube желісінде «Шүкір де» атты бейнебаян көпшіліктің назарына ұсынылғаны белгілі.

Басыңдағы бағың мен қолыңдағы барыңды бағалауға, өмірде жасалған жақсылықтың да, жамандықтың да қайтымы бар екенін ұқтыруға һәм шүкіршілік айтып, тәубеге келуге үндейтін бейнебаянды жалпы жұртшылықтың біразы тамашалап үлгерді. Күні бүгін әнбаян аталған желіде 80 000 қаралым жинап отыр, ал саз әлеміндегілер мен өнерсүйерлер туынды жайлы жағымды пікірлер айтуда. Алдағы уақытта туынды еліміздің барлық музыкалық арналарында және қырғызстандық «Тұмар» музыкалық арнасында көрсетілмекші. «Шүкір де» әнінің орындаушылары - Қуат Әбілов пен Қуаныш Кеңес. Соның ішінде жылыойлық Қуат Әбілов - осы әннің музыкасын жазған сазгер де. Бұдан бұрын да танымал қазақ әншілерінің репертуарындағы әндердің авторы, өзінің де көмейіне өлең ұя салған Қуаттың бұл жаңалығы - өнер әлемінде әншілік қырымен танылудағы сәтті қадамы. Біз бүгінде сол талантын шыңдау үшін алып шаһар - Алматыда жүрген өнерпазға қоңырау шалып, бейнебаян жайлы бірер сауал қойдық.

-Дәстүрлі сұрақтардан бастайық. «Шүкір де» әні қалай туды, бейнебаяны қалай туындады? Көпшілік «Жайдармандағы» «Сағыз» құрамасының әзілқой ойыншысы ретінде танитын Қуаныш Кеңеспен шығармашылық байланыс қайдан басталды?

-Түсінікті болу үшін сәл шегініс жасайын. Мен Қуанышты бұрын сырттай ғана танитынмын. Бірақ ол - көпшілік білетіндей тек жайдарманшы ғана емес, әнші әрі сазгер. Былтыр ақпан-наурыз айларында Атырауда «Сезім толқыны» атты композиторлар сайысына қатыстық. Мен Бас жүлдені иеленсем, Қуаныш жүлделі ІІ орынға ие болды. Содан бастап бірігіп жұмыс жасай бастадық. Гастрольдерге шығып, түскен ақшаны өнерге саламыз деп жоспар құрдық. Ол мені өзінің ән кештеріне кеш қонағы ретінде ертіп жүрді. Дегенмен жинаған қаражатымызды ақылдаса келе Қуаныштың Атырауда өткен есеп беру концертіне жұмсадық. Өз туындымыз бен талантымызды үлкен өнерде сынау мақсаты сол күйі өзекті тұрды. Басымыз қосыла қалса, соны қалай жүзеге асырудың жолын қарастырамыз. Сондай басқосулардың бірінде ауылдасым, құрдасым әрі досым Мейрам Жалғасбаев та бар еді. Біздің жоспарымызға қаныққан ол: «Жігіттер, мен сіздерге демеуші болайын, сендер әндеріңді жазыңдар», - деді. Сөйтіп, Мейрам досым біздің ән жазудан бөлек жолымыз бен жатын жерімізге дейін көтеріп алды. Биыл 14 сәуірде салып ұрып Лұқпан Жолдасовтың студиясына келдік. Көп өнер адамдарымен таныстық. Ән жазудың жолдарын қарадық. 20-25 күн осыған кетті. Мен Алматыға 10 жаңа әнмен келген едім. Осының ішінен қазіргі «Шүкір де» әнінің сазын таңдап алдық. Әннің сөзін ақтөбелік ақын Оразбек Қинбаев жазды. Сөйтіп, 15 мамырда бейнебаян түсірдік.

-Бейнебаянның ерекшелігіне тоқталсаң...

-Бейнебаянның режиссері – Мерей Маханов. Бірігіп сценарийін құрдық. Жас ұрпаққа тәрбие болатындай негіз таңдадық. Өзегінде – кімге не жақсылық жасайсың, сол алдыңнан шығады деген пәлсапалық мағына жатыр. Бейнебаянның ерекшелігі – бастан-аяқ бір кадрмен түсірілгендігі. Мұндай бейнебаян Қазақстанда төрт-ақ рет түсіріліпті. Кәсіби әртістермен бірге Мейрамның анасы, Қосшағыл ауылындағы жапырағы жайылған үлгілі шаңырақтың отанасы, көпбалалы Ханбибі ана да түсті. Әзірге «Той-думан» арнасы эксклюзив сұхбат алып, Youtube желісіне бейнебаянымызды жүктеді. Алдағы уақытта бейнебаян еліміздің он арнасына және Қырғызстанның ән арнасында көрсетілетін болады. Бүгінде «Шүкір де» 80 000 қаралым жинады. Бейнебаян туралы теріс пікір келген жоқ. Көпшіліктің қазіргі қазақ әндерінің шеруіне мән-мағынасы бар саналы бағытпен ендіңіздер деген пікірін естіп, қуанып жүрміз. Ал болашақта бұдан да басқа әндеріміз өзінің сәтін күтіп тұр.

Сұхбаттасқан: С.МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521