Өткен аптада Құлсары қаласында алғаш рет «Жүзім фестивалі» және «А-дан Я-ға дейін жүзім өсіру» жобасының ашылу салтанаты өтті. Фестиваль кезінде құлсарылық Бауыржан Хасан есімді азаматтың қолдан өсірген әртүрлі сорттағы жүзім түрлері қатысушылар назарына ұсынылды. Келуші қонақтар 10-нан аса жүзім сортының дәмін көріп, шараның басында дегустация ұйымдастырылды.
Бауыржан 2013 жылдан бері әртүрлі тұқымды жүзім түрлерін өсірумен айналысып келеді.
- Жүзімді баптап өсіруге деген қызығушылығым «YouTube» желісінен көрген бейнежазбадан басталды. Қазақстанда өз бағытым бойынша білімнің аздығынан, Беларусь, Ресей, Украина мемлекеттерінен тереңірек білім алып, тәжірибе жинадым. Барлығы бірден жүзеге асты деп айта алмаймын, төзім мен ізденістің, табанды еңбектің арқасында осы күнге жеттім, - дейді кейіпкеріміз.
Жоба авторы үстіміздегі жылы «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қоры мен Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялық қоры жүзеге асыратын «Жарқыра» бағдарламасының жеңімпазы атанған болатын. Яғни, ол аталған бағдарламаға өзінің «А-дан Я-ға дейінгі жүзім өсіру» жобасын ұсынып, конкурс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, ол тәжірибе алмасу үшін шетелдерде тегін тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Бұған дейін өз тәжірибесімен тек қазақстандықтарға ғана емес, көршілес Ресей, Өзбекстан, Түркия, Индонезия елдерінің азаматтарымен бөлісіп келген екен. Енді, ол өзінің 9 жылдық тәжірибесін жүзім өсіру кәсібіне қызығушылық танытқан қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, оқушылар мен студенттерге тегін үйретпек. Оқу онлайн және оффлайн форматта қараша айында басталмақ. Бауыржанның мұндағы мақсаты – Атырау облысы қоғамдастықтарының әлеуметтік, экономикалық және экологиялық проблемаларына тұрақты бизнес-шешімдерді ұсынуға бағытталған инновациялық-әлеуметтік бастамаларға атсалысу.
Бұл бағдарламаны Instagram әлеуметтік желісінен көріп, бірден қатысуға өтініш білдірдім. Өзімнің жобамды ұсындым. Сөйтіп, жеңімпаз атанып, шетелде тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдым. Өте қуаныштымын. «Жарқыра» бағдарламасын қаржыландырып отырған «Теңізшевройл» компаниясына үлкен алғыс білдіремін! – дейді Бауыржан Хасанұлы.
Фестивальға қатысушылардың бәрі де Бауыржанның ісіне асқан қызығушылық танытып, кәсібіне сәттілік пен береке тіледі.
Ш.ХАМИТОВА