Атырауда өткен сурет байқауына 500-ге жуық мектеп оқушысы қатысты
«Менің анам - дәрігер» тақырыбындағы сурет байқауы Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен 23-5 наурыз аралығында өтті. Байқауға мектеп оқушыларынан 500-ге жуық сурет келіп түсті,- деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Сурет байқауына облыстың 1-ден 8 сыныпқа дейінгі жоғары және орта деңгейлі медицина қызметкерлерінің балалары қатысты. Байқау қорытындысы бойынша 1 орын И. Тайманов атындағы орта мектептің 4 «Ж» сынып оқушысы Азамат Самиголланың, 2 орын ІТ мектеп-лицейінің 8 «А» оқушысы Жалғас Сапаевтың суретіне берілді. 3 орынды Құлсары қаласы Жылыой ауданындағы М. Сатыбалдиев орта мектебінің 2-сынып оқушысы Арсен Бағытжан жеңіп алды.
Облыстық балалар ауруханасында өткен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысып, жас суретшілерге сәттілік тіледі.
-Бүгінгі күні пандемияға байланысты медициналық мамандық бүкіл әлемде бұрын-соңды болмаған сұранысқа ие. Сондықтан дәрігерлер мен медбикелердің қоғамдағы беделін мектеп қабырғасынан бастап көтеру өте маңызды. Дәрігерлердің балалары өз уақытының көп бөлігін жұмыста, науқастардың өмірін сақтаумен өткізетін аналарымен мақтанғанын қалаймыз, - деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.
Атырау облыстық денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі.