Жылыойды зерттеген подпоручик Алексеев кім еді?

Жазуының анық әрі өте әдемі екендігінен оның білімді, мәдениетті, зиялы жан болғанын білуге болады.

Қазақтың ұлан-ғайыр жері мен Орта Азияға толық үстемдік ету үшін, «бұратана» халықты ассимиляцияландыра отырып, бұл жерлердің бәрін «Ұлы империясының» меншігіне айналдыру мақсатында 18-19 ғасырларда патшалық Ресейдің жымысқы саясат жүргізгені тарихтан мәлім. Ол үшін алдымен қазақ жерінің географиясын толық зерттеу қажет болды. Одан әрі бекініс-қорғандар салына бастады. Бұл қамалдардың бұрыштарында зеңбіректер тұратын бастиондар болған. Қабырға іргесінен айнала терең ор қазылған. Ор сыртынан шауып келе жатқан ат омбылап жығылатын үшкір тастары бірнеше қатар етіп қаланған тағы жайдақ қоршау. Географиялық-картографиялық зерттеу ісіне офицер шенді топографтар жұмылдырылды.

Белгілі ғалым, поручик, штабсротмистр Шоқан Уәлиханов Санкт-Петербургтегі Азиялық департамент жанындағы әскери қызметінде жүргенде осындай зерттеу еңбектерін жазған. Бірақ қазақтың дана ұлының еңбектерінде өз еліне деген махаббат лаулап тұр. Осындай зерттеулер біздің Жылой жеріне жасалғандығын біреу білсе, біреу білмес. Ендеше бүгінгі мақаламызда сонау 1851-52 жылдары Үстірттің жер бедерін зерттеген ғылыми экспедицияның мүшесі, Ресей империясы Бас штабының топографы, подпоручик кейін штабскапитан Петр Вагапович Алексеев туралы айтпақпыз. П.Алексеев осы сапары туралы 1853 жылы жарық көрген «Солтүстік Үстірттің Жемге дейінгі аралығының топографиялық сипаттамасы» атты үлкен очеркін жазған. Оқырмандарға қызықты болу үшін П.Алексеевтің осы еңбегін газетімізде жарияламақпыз. Кезінде Петр Вагаповичтің бұл еңбегін оқыған қазақ ғалымдары орыс офицері туралы білмек болады. Бірақ өкінішке орай, ол туралы деректер табылмайды. Тіптен архивтерде де жоқ болып шығады. Осы мақаланы алғаш көрген белгілі журналист Әбілқайыр Спан «Топограф Алексеев және Маңғыстау» деген кітабын жазды. Бұл кітапты қалай жазғандығы жөнінде былай дейді: «1973 жылдың қоңыр күзі. Алматы. Марқұм ағам Қабиболла Сыдиықов өзі қызмет жасайтын Ғылым академиясының орталық кітапханасына әкелді. Қолыма біраз әдебиеттердің тізімін берді.

- Осыларды оқып конспект жаса. Маңғыстаудың тарихы қозғаусыз жатыр. Олай болатыны іздеушісі, жоқшысы жоқ. Жалғыз Есбол ағаң. Оның да мүмкіндігі шектеулі қалды. Әрі денсаулығы дімкәс. Мен әдебиетшімін. Сол өзімнің төл тақырыбымның ауанынан ауыспай қалып жатамын және сол денсаулығы түспегір менде де мәнді емес. Ендігі жерде туған жердің өткенінің жанашыр жоқшысы болатын өздеріңсіңдер, - деген ақыл, өсиетін айтқаны жадымда. Енді міне, сол бағыттағы менің ілкі қадамымды ғылым ордасы, оның кітапханасынан бастатпақ. Сонда менің қолыма түскен кітаптардың бірі "Первые русские научные исследования Устюрта" болды. Үстіртке әр жылдары келген орыс ғалым зерттеушілерінің жазғандары топлтаған жинақ. Бас салып оқи жөнелдім. Бәрі құнды, қызық. Солардың ішінен менің назарымды ала бөтен аударғаны Алексеев деген автордың "Топографическое описание северной части Устюрта и прилегающие к нему пространства до реки Эмбы" деген еңбегі болды. Жалпы көлемі 40 беттей. Ішінде қолмен салған бірнеше сурет». Бір қызығы, орыс офицерінің зерттеу еңбегін оқыған Ә.Спан, оның авторы П.Алексеев туралы мағлұматтарды таба алмайды. Тіптен архивте де жоқ. Мұның себебі Ресей зерттеуші офицерлерінің есімдері мен олар жинақтаған еңбектердің қазірге дейін құпия ұсталатындығында екен. Бұл «құпиялылықтың» аржағында бір кездегі отарлау саясаты мен империяшылдық пиғылдары білініп қалмасын деген сақтық жатқан жоқ па екен? Патшалы Ресей офицер шенді топографтардың еңбектерін неге құпия ұстады? Бұл сұраққа жауапты сәл кейінірек берелік. Әуелі П.Алексеев туралы. Белгілі ақын, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбек «Жұмбағы мол Алексеев кім?» деген мақала жазды. Ақын ағамыз архивтерді қопара отырып, Петр Алексеев туралы мол деректерді әйтеуір тапқан тәрізді.

«Алексеевтің кім болғаны енді ғана Москвадағы Мемлекеттік әскери орталық архивтегі оның қызмет жолының бетшесі, еңбектерінің қолжазбасы, оған қатысты құжаттар қолымызға түскен соң ғана анықтала түсті. Айта кетелік, ол осы уақытқа дейін орыстардың өздері үшін де жұмбақ болумен келеді. Соның дәлелі - осы еңбекті жазар алдында Орынбор облыстық мұражайына ол жайлы сұрау сұрағанымызда ештеңе білмей шықты. Кезінде Орынбор губерниясының топографиялық картасын жасаған адамды Орынбор білмейді! Өкінішті-ақ емес пе? Қазақ "Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас" дейтін еді. Құдды соның кебі. Солдаттың баласы, қара тірлігімен қатарға қосылған байғұс топограф Алексеев тарих тозаңының астында қала барыпты. Көптеген экспедицияға қатысты, негізгі ауыртпалық жүгін көтерген, қара жұмыс жасаған осы адам. Бірақ атақ басқалардікі,- деп жазады ақын ағамыз мақаласында.

Сонымен осыған дейін жұмбақ болып келген топограф Алексеев кім?

Ресейде ұлы мәртебелі Император ағзамның бас штабы, оның квартирмейстрлік бөлімі, топографтар корпусы деген болған. Шетелдерге, әсіресе Азия елдеріне елшілік деген желеумен жіберілетін сансыз миссиялардың құрамында жол бойының бағыт-бағдарын қағазға түсіретін, пайдалы қазбаларына зер салатын арнаулы мамандар-әскери барлаушылар болған. Бұлардың жұмысына әлгі ұлы мәртебелі Император ағзамның бас штабы деген мәртебелі құзырлы мекеме басшылық жасап отырған.Бас штаб жанындағы квартирмейстрлік бөлімді генерал шеніндегі ұлық басқарған. Губерниялық әскери қосындардағы квартирмейстрлік бөлімге тікелей бағынышты бөлімше топографиялық корпус деп аталды. Мұнда білімді, жазуға, сызуға, сурет салуға бейімі бар әскерилер қызметке алынған. Орынбор топографиялық корпусына біздің кейіпкеріміз П.В.Алексеев кедей отбасынан шықса да сондай қабілетімен іліккен. Орыстарда Алексеев дейтін фамилиясы бар адамдар көп. Солар топографиялық корпустарда да баршылық болған, оларды шатастырып алмау үшін тегінің қасына «Алексеев 1», «Алексеев 2» деген белгілер соғылып отырған. Мәселен сондай Алексеевтердің біреуі, әскери шені штабс-капитан, Орал әскери сызба бөлімінің меңгерушісі, кезінде Сарайшық қаласын зерттеуге көп үлес қосқан адам екен. Ал біздің Жылойымызды зерттеген офицер Алексеевіміз «Алексеев 2» деп белгіленген. Сонымен Алексеев 2 туралы.

Алексеев Петр Вагапович 1809 жылы Башқұртстандағы Уфа губерниясында өмірге келеді. Мамандығы - әскери топограф. Оның одан арғы өмірбаяны туралы өз қолымен жазған мына рапортынан білуге болады. "Сіздің Ұлы мәртебелі императорлық қызметіңізге мен Алексеев солдат отбасынан 1824 жылы 16 августте ішкі Уфа гарнизондық (қазір оныншы Орынбор линиялық батальоны) батальонына қатардағы солдат болып кірдім. 28-жылы 2-класты топограф, 26.10.1830 жылы топографтар корпусында унтер-офицер, 02.12.1833 жылы үздік қызметім үшін, сонда мен 24 жаста едім, жеке Орынбор корпусы жанындағы топографтар корпусына тіркелген және армия қатарындағы прапорщик болдым. 18.04.1837 жылы топографтар корпусына ауыстырылдым. Сол корпуста 19.04.1842 жылы подпоручик, 1848 жылы поручик болдым. 10.05.1832 жылдан Каспий теңізінің солтүстік шығысындағы әскери экспедициясының құрамында Жайықтың төменгі сағасында, Жем бойында Каспий теңізінде Қайдақ шығанағында, Тұманды тауларында және Үстіртте, Бозашы түбегі мен Түркменияның солтүстік батыс жеріндегі Қошақ пен Маңғыстау шығанақтарында, Сарытас, Өңеже пристандарында болып, түсірім жасадым. Осы соңғы қызметім үшін Жоғарғының мейірімді әмірімен армия бойынша прапорщикке өткізілдім. 1834 жылы 10 апрельден 1 декабрьге дейін Жоғарғы мәртебелінің әмірімен Каспий теңізінің шығыс жанынан салынған Ново-Александрова бекінісінің түсірім жұмысында болдым. Сонда Ұлы мәртебелі Император ағзам флоты Бас теңіз бөлімі бастығының адъютанты Васильевпен Бозашы түбегінің батыс бөлігінің Қошақ шығанағы мен Сарытастан төмен қарай теңіз бойлап Қарағия, Жаңа Маңғыстау пристандарын қоса түсірім жасауға қатыстым. Содан кейін осы өңірдің картасын жасауға пайдаланылдым; барлық уақытта экспедиция құрамында есепте болдым; барлық кезде өзіме жүктелген міндетті қызметімді мүлтіксіз орындадым".

Бұл рапортын ол ақ қағазға қара сиямен жазған. Жазуының анық әрі өте әдемі екендігінен оның білімді, мәдениетті, зиялы жан болғанын білуге болады. П.В.Алексеев топографтығының үстіне тамаша суретші де болған. Оның қолынан шыққан суреттер әуесқой суретшінің емес, нағыз табиғи дарын иесінің қолтаңбасын білдіреді. Әйтсе де ол империялық пиғылдағы Ресейдің солдаты еді. Ресейдің Ново-Александровск бекінісін салуы - Орта Азияны отарлаудағы шешуші қадамының бірі болды. Оның біту құрметіне 1834 жылы Орынбордан генерал губернатор Перовскийдің өзі келіп, той өткізіліп, оған жергілікті қазақтардың билері, батырлары, ақсақалдары, құрметті қонақ болып қатынасып, ат бәйгесі өтті. Ново-Александровск қамалын салу кезіндегі үздік қызметі үшін П.Алексеев Жоғары мәртебелі атынан 450 соммен марапатталады. 450 сом ол кезде қыруар ақша. Уызына жарымаған жарлының баласы солайша бір байып қалады. 1838 жылдың октябрінде үлгілі қызметі үшін Жоғары мәртебелі атынан 600 соммен марапатталады. 1838 жылдың 16 қарашасында ерекше Орынбор корпусының бұрынғы командирі генерал лейтенант Перовскийдің қарамағындағы Хиуаға жорық жасаған экспедиция құрамында Орынбордан Қазақ даласына жорыққа шығады. 22 декабрьде Жемге, аты Жақсы өзенінің құяр сағасына келіп жетеді. П.Алексеев 1837 жылғы 12 желтоқсаннан әскери қызметте болыпты. Аттай 11 жылдан кейін ғана ең кіші офицер-прапорщиктікке қолы әзер жеткен. Осы жылдар ішінде ол жылына 33 сом 60 тиын жалақыны қанағат тұтқан. Офицер болды деген сөз - жоғарғы ақсүйектер қауымының өкілі болды деген сөз. Ол дәрежеге кез келген төменгі тап өкілі жете алмаған. Ресей Хиуаға қайта-қайта әскери жорық жасайды. Үшінші жорығында Хиуа хандығы жеңіледі. Бұл жорыққа Ресей қазақ даласы арқылы өтеді. Бұл кездер - қазақ тарихындағы қаралы кезеңдердің бірі. Қазақтар соғыстағы қара жұмысқа жегіледі.

"...1841 жылдың 18 майынан мен Хиуа мен Бұхараға баратын миссияны алып жүретін Бас штаб подполковнигі Бларамбергтің отрядында болдым. 24 майда қасымда 12 Урал казагы бар Керуен көлге трангуляция жасау үшін жіберілдім. Көлге жақындай бергенде жалпы саны 100-ден астам қазақ барымташыларын кездестірдім. Конвойдың саны аздығын көрген олар шұғыл шабуылға көшті, бірақ бірнеше рет беттері қайтты. Сонда мен жараландым, мылтық оғы оң аяғымнан тесіп өтіп, найза саусағымды жаралады. Сондағы ерлігім үшін сол жылдың 28 июлінде Жоғары мәртебелінің мархабатымен лентаға тағылған үшінші дәрежелі Анна орденімен наградталдым",- депті жазбасында.

Шабуыл жасаған қазақтардың қай батыр аталарымыз болғаны бізге әлі беймәлім. Алқисса, 3 айдан соң жарақаты жазылған Алексеев қайтадан қызметіне кіріседі. Петр Вагапович Алексеев бұрынғы Орынбор губерниясы - қазіргі Россияның Орынбор облысын, Қазақстанның Орал, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының жерін картаға түсірген ең алғашқы картограф геодезист. Өзі, отбасы туралы өмірбаянында былай дейді: "Орыс тілінде оқып, жазатын сауаттымын, Құдай заңы, грамматика, геометрия, жазық тригонометрия, 2 сатылы теңдеуді шешетіндей дәрежеде алгебра, география, суретке салу мен жергілікті жерді түсіруді білемін. Үй тұтқынында, айыпкер санатында болғаным жоқ, ескерту сөгістерден адамын. Отбасылы, балалы-шағалымын. Балаларым 5,3,2 жастарда, бәрі православие дінінде, барлық уақытта марапатталуға, кезекті шенімді алуға мүлтіксіз ұсынылдым, қызмет есептерім тиянақты, бұл жөнінен арыз-шағымға ілінгенім жоқ, қызмет барысында ескерту алғаным жоқ, қарамағымдағылар арасында тәртіпсіздік пен әділетсіздікке жол берген емеспін, жеке тәртібімде көзге түсердей, сөз етерліктей бөтен, бөгде жайттар болып көрген емес, православие дініндемін, қазір 40 жастамын",- деп қол қойған Хиуа, Бұхара жолында алған жарақатынан П.Алексеевтың аяғы жарымжан болып қалады. Сіңірі қиылғандықтан сылти басып, қолына таяқ ұстап жүруге мәжбүр болады. Жарасы сыздап, жанына батады. Бірақ емделейін десе ақшасы жоқ. Сол себепті 1848 жылдың 2 желтоқсанында Жоғары мәртебелі патша ағзам 1814 жылы 18 августте бекіткен қаулының 6-томындағы 1048-тармақ бойынша өзін жаралыларға жәрдем комитетінің қарамағына алып, тегін дәрігерлік көмек көрсетуді өтінеді. Бірақ Орынбордағы қайдағы бір солдаттың баласы, кіші офицердің жағдайына Бас штабта отырған биік мәртебелілер онша қинала қоймаса керек. Кейін оны корпустан шығарғанмен, әскери қызметінен босатпай, әлі де пайдалана тұрғысы келеді. Тек ұзақ жыл бірге жүрген досы, полковник Бларамбергтің көмегімен отставкаға әрең қолы жетеді.

Отставкаға шыққан соң ол іссапарлары кезіндегі күнделіктер, ғылыми жазбалар жазумен айналысқан. 1855 жылы Орыс географиялық қоғамының жаршысында "Жем өзенінің топографтар корпусының подпоручигі Алексеев 1853 жылы түзген топографиялық сипаттамасы" деген атпен шағын үзіндісі жарияланған.

Ия, бодандықтағы қазақ елін және Орта Азияны, одан әрі Шығыс Түркістанды отарлау және империясын одан әрі ұлғайтуды көздеген патшалық Ресейдің экспедициялары Алексеев 2 секілді әскери барлаушылардан тұратын. Олардың еңбектері құпия болғандығы да сондықтан. Алайда туған жеріміздің географиясы мен тарихы туралы құнды мәліметтер беретіндіктен олардың еңбектері қазіргі Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан біздер үшін маңызды. Ендеше осы жазбаны оқырмандарымыздың назарына ұсынбақпыз.

Сәулеш ШӘТЕНОВА

Жалғасын газетіміздің №14 санынан оқи аласыздар

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521