Дүйім дүниенің, жалпақ жалғанның әні мен сәні, үні мен гүлі, сұлуы мен жылуы әйелдер екенінде дау жоқ шығар, сірә?! Ананың ақ сүтін іздеген іңгәлаған сәбиден, ананың алақан жылуын аңсаған қарияға дейін әйел қауымына тағдыры байланатыны рас.
«Әйелсіз қонды бақ қашан, әйел деп түстік отқа сан. Әлемнің тілін таппайсың, әйелдің тілін таппасаң!» деп ақын Жүрсін Ерман жырлағандай, әйелсіз түндік ашылып, әйелсіз бақ дарымаған. Себебі олар нәзік те қайсар, ұяң да өжет, сұлу да сырлы болмыстың иелері. Осындай аяулы нәзік жандылар ауданда да аз емес. Солардың бірі де бірегейі - жасымас жігері мен қажырлы қайраты, адал еңбегінің арқасында мемлекеттік қызметтегі міндетін мінсіз атқарып, өңір басшылығына дейін көтерілген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Өзінің айтуынша, ол аудан әкімдігінде жұмыс жасаймын деп мүлде ойламаған. 2013 жылы күтпеген жерден әкімдік ғимаратына заң кеңесшісі болып қызметке орналасады. Мамандығына деген сүйіспеншіліктің, құрметтің арқасында бұл қызметте 3 жыл қатарынан тынбай еңбек етіп, 2016 жылы мемлекеттік қызметкер қатарына қосылады. Және сол жылдан бастап аудан әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы қызметін атқарады. Білікті маман 2019 жылы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалады. 2022 жылы ауданға жаңа басшы болып Жұмабек Қаражанов тағайындалған-ды. Бұл уақытта білімі мен біліктілігіне қоса, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі де толысқан Гүлнафис Аязберікқызы еңбекқорлығымен жас та іскер әкімнің көзіне түседі. 2023 жылдың 31 қаңтарында аудан әкімінің орынбасары лауазымына көтеріледі. Өзінің сөзінше, аудан әкімі жаңа қызметке тағайындағанда оны «Ел ішін жақсы біледі, бірігіп қызмет қылсақ, нәтижелі жұмыс үлгісін көрсетеміз» деп таңдаса керек-ті. Содан бері міне, бірнеше жыл өтті.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тұрғыдан өсіп-өркендеуі жолында бір азаматтай еңбек етіп келеді. Оның жауапты мемлекеттік қызметті атқарған жылдары ел басына төнген небір қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келді. Әсіресе, 2020 жылы басталған тәж тажалынан аудан халқын аман сақтау үшін жүргізілген сақтық шаралары мен күрес кезінде өз өмірін талай қатерге де тікті. Өткен жылғы алапат су тасқынында да аудан әкімімен бірге қала тұрғындарының қасынан табылды. Сын сағатта өзінің қызметтік орнында түнеп те қалған кездері кездесті. Жаны нәзік болса да, қаталдыққа қарсы тұра білген ол сіз бен біз біле бермейтін қаншама күрмеуі қиын күрделі мәселенің түйінін тарқатып шешіп жүр. Осындай қайтпас қайсар мінезіне, мықтылығына қайран қалған жерлес ақынымыз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбаев өткен жылы ауданға келген сапарында Гүлнафис Айшуақованы «Жылыойдың Маргарет Тэтчері» деп атады. Әйел затына бұдан асқан қандай баға керек?!
Иә, оның «Железная леди» атануына толық құқығы да бар еді. Ол аудан басқарғалы ел басынан небір ауыр күндер өтті. Ажалдай аранын ашқан пандемия пәрмені, қаһарлы Қаңтар оқиғасы, қорқынышты түстей көрінген алапат су тасқын сияқты сындарлы сағаттардан да сүрінбей өткен оның қазақ қызына тән мінезін батыстың батырларының қанына біткен қайсарлығына теңесек артық айтқандық болмас. Киелі мекен - Кең Жылой үшін қолынан келгенінше қызмет атқарып жүрген ол, негізінен, қасиетті Қызылқоға топырағынан түлеп ұшқан.
- 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдап, Құлсарыға келдім. Әкімдік ғимараты орталықта орналасқан соң шаруамызбен әрлі-берлі өтеміз ғой. Бір күні әдеттегідей орталық көше бойымен өтіп бара жатқанымда күн сәулесінің осы әкімдік үйіне ерекше түсіп, айрықша нұрландырып тұрғанын көзім шалып қалды да, ұзақ қарап тұрдым. Сол сәт іштей «Мен осы жерде қызмет атқарғым келеді» деген ой келді де, армандап, қиялға беріліп, біраз кідірдім де, әрі қарай кете бардым. Араға бірнеше жыл салып, арман - тілегім орындалып, аудан әкімдігіне өз мамандығыммен жұмысқа орналастым. Содан бері, міне, қызығы мен қиындығы қатар жүретін мемлекеттік қызметте жұмыс атқарып келе жатқаныма да біраз жыл болыпты. Кез келген қызметтің өзіндік ауырлығы бар, әрине. Бірақ бұл жолды таңдағаныма бір сәт те өкінген емеспін. Қанша уақытым тығыз болса да ата-анама көмектесіп те, жеке қызығушылығыммен айналысып та, жұмысымды жасап та үлгеремін. Иә, тасқын кезінде жұмыс орнымда отырып ем қабылдап, тіпті түнеген де уақытым болды. Ол сондай қиын кезең еді ғой. Біздің қызметімізге қандай мін тағылмады, не айтылмады? Десе де, қала халқына ешқандай ренішім болған емес. Мен бұл қызметтің осындай ауыртпашылығын біліп келдім ғой, өзім келістім. Сол үшін бәріне көндігіп, бәріне де төзеді екенсің. Дәл осы тұста адамдар мен уақыт бізге кітаптан да көп нәрсе үйрететінін ұмытпау керек,-дейді шынайы ойын жеткізіп.
Рас, мемлекеттік қызметкер тұрмақ қарапайым үй шаруасындағы ананың да таңы тез атып, күні тез батады. Таусылмайтын тынымсыз тіршілікте бос уақыт тауып, баскетболмен де айналысып, кітап оқып, ағайын-бауырға да көңіл бөліп жүрген Гүлнафис Айшуақова желкілдеп өсіп келе жатқан қыздар қауымына өмірде қайтып келмейтін үш нәрсенің барын жеткізгісі келеді. Ол - уақыт, сөз, мүмкіндік. Және кез келген адам кез келген уақытта шешім шығара білсе, эмоциясын ұстай алса, шыдамды бола білсе, шығар шыңы шырқау биік болатынын жеткізді. Ендеше, жауапкершілік жүгі ауыр, міндеті одан да көп қызметті қайыспай арқалап, абыроймен атқарып жүрген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, қызметіне алға қарай да сәттілік тілейміз.
Д. ІЗБАСАРҚЫЗЫ