Жақында аудандық мәслихаттың кезекті ХХХ сессиясы өтіп, онда аудан әкімі Жұмабек Қаражанов мәслихат депутаттары алдында «Жылыой ауданының 2024 жылғы әлеуметтік–экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы» баяндама жасады. Ондағы айтылған өңірімізде жүзеге асып жатқан жарқын жобалар мен жүйелі жұмыстардың маңыздылығын ескеріп, аудан басшысының сөзін оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегінде «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің алдағы жасалатын жұмыстарының бағыт-бағдарын айқындап берді. Өндірісі өркендеген өлкеміздегі жарқын жобалар мен жоспарлы жұмыстар Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмалар мен міндеттемелерге сәйкес жүзеге асырылып келеді,-деп бастады өз сөзін аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы –байырғы егіз сала
- Өңір мұнай мен газ өндіруге және өңдеуге бағытталған. Бүгінде аудан Теңіз кен орнын игерудің орталығы саналады. Өлкеміздің өнеркәсіп өнімінің көлемі 2024 жылы 9087,9 млрд. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,7% кеміп отыр. Былтырғы 12 айда 30,5 млн. тонна қара алтын өндірілсе, 2023 жылы 31,5 млн. тоннаға жеткен еді. Ал газ өндіру көлемі 15 млрд. текше метр болса, алдыңғы жылы 16,2 млрд.текше метр көгілдір отын алынды. Былтырғы жылмен салыстырғанда қара алтын 3,2%-ға, көгілдір отын 7,4%-ға кеміп отыр. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 96,3%-ды (2023 ж. – 99,7 %) құрады.
Өткен жылдың 12 айының қорытындысымен аудандағы мүйізді ірі қара 19 934 басқа дейін жетті. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мал басында өсім бар деген сөз. 2023 жылы өңірде 13237 ірі қара болды. Яғни, бұл көрсеткіш 150,6%-ға артты. 2023 жылы қой мен ешкі 81 544 бас болса, былтыр 93285 басқа дейін өсті. Жылқы бір жылда 12 119-ден 20 998 басқа, түйе 9701-ден 11478 басқа көбейді. Ауданда былтыр 5367,8 тонна ет өндірілсе, былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда жоспар 100,3% орындалды. Сүт өндіру де 2368,2 тоннаға жетіп, 100,5% құрады,-деді аудан басшысы.
Инвестиция иірімдері
Өңір басшысының сөзінше, былтыр негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 1129,2 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 2001,1 млрд теңге еді. Нақты көлем индексі – 54,5% (2023 ж.-99,6%). Құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылы 911,9 млрд теңгеге жетсе, былтырғы жылы 515,2 млрд.теңгеге төмендеді. Ауданда өткен 12 айда 80 882 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76,3% құрады. Оның ішінде халық қаражаты есебінен 59 087 шаршы метр, ал 2023 жылы 64991 шаршы метр үй салынған еді.
Ауданда жергілікті бюджетке 213 077,3 млн.теңге (2023 жылы-64 999,3 тг) кіріс кіреді деп жоспарланып, нақты 217 187,5 млн.теңге (2023 жылы - 69 116,1 млн.тг) түсті. Жоспар 101,9%-ке (2023 жылы-105,5%) орындалды. Ал шығыс бөлігі бойынша 220 687,7 млн.теңге (2023 жылы-78162,7 млн.тг) жоспарланып, нақты орындалысы 218891,5 млн.теңгені (2023 жылы-77666,8 млн.тг) құрады. Яғни, жоспар 99,2%-ке (2023 ж.-99,4%) іске асты.
Еңбек нарығы: кәсіпкерлік пен жұмыссыздық
- Аудандағы ірі саланың бірі – кәсіпкерлік. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеппен өңірде 6719 (2023 жылы – 6976) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Ресми мәліметпен олардың 6495-і нақты жұмыс жасап тұр. 2023 жылы бұл көрсеткіш 6706-ны құраған еді. Қызмет көрсетіп тұрған кәсіпкерлер қатары тіркелген субъектілер санына қарағанда 96,7% құрап отыр. Жыл басынан бері 248 адамға Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына сәйкес түсінік берілсе, 174 азамат онлайн түрде кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Аудан кәсіпкерлерін қолдау бағытында мемлекеттің қаржылық немесе қаржылық емес қолдаулары жүзеге асырылып келеді. Олар: несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, шағын несие, несиені ішінара кепілдендіру, мемлекеттік гранттарды иеленуге мүмкіндік алды. Аудан бойынша 269 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны осындай мемлекеттік бағдарламалар арқылы субсидия, кепілдендіру, грант, несие алып, өз бизнесін ашуға жол ашты. Ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл Аманаты» жобасы іске қосылды.
Өткен жылы 25 адам 200 млн.теңгенің несие көлеміне өтінім бергенімен облыстан бұл мақсатқа қаражат бөлінген жоқ. Ал 2023-2024 жылдары «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Жарқыра» Евразиялық қоры арқылы 44 адам 1,5-4,5 млн. теңге аралығында қаржылай қолдауға ие болып, өз бизнесін бастауға мүмкіндік алды. Өткен жылы 43 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Аудан көлемінде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді. 2024 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде «Мансап» орталығына 9 331 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп (2023 жылы – 7 766), 4 645 азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды (2023 ж. – 2 708).
Есепті кезеңге қалған жұмыссыздар саны 1467 адамды құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 1368 адам болған еді. Оның ішінде «Жастар тәжірибесіне» 301 адам жіберіліп (2023 жылы – 293), 41 азамат әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылды (2023 ж. – 56). Ал ақылы қоғамдық жұмысқа 598 адам (2023 жылы-809) тартылды. 2024 жылы 4 рет жұмыссыздық жәрмеңкесі өткізілді (2023 жылы – 3 жәрмеңке). Бұл кейбір азаматтардың өз мамандығына сай екі қолға бір кәсіп көзін табуына жәрдемдесті. Осы мерзімде 62 отбасына 30 млн 867 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек (2023 жылы – 74 отбасына 23 млн 686 мың теңге) тағайындалды. Ал бір жастан алты жасты қоса алғанға дейін аралықтағы 116 балаға 4 млн 741 мың теңге қосымша өтемақы (2023 жылы – 70 балаға 3 млн 058 мың теңге) төленді.
Өткен жылдың қорытындысымен ауданда 2820 мүгедектігі бар жан тұрады. Соның ішінде 249-ы – I топ, 964-і – II топтағы, 1070-і III топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Оның 537-сін (2023 жылы-2715, I топ –172, IІ топ – 882, III топ – 1116, бала саны - 545) балалар құрайды. Мүгедектігі бар адамдар үшін инватакси және әлеуметтік такси қызметін көрсету мақсатында 2024 жылдың наурыз айынан бастап «Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік такси қызметтерін көрсетіп келеді. Осы жұмыстармен қатар өткен жылы ауданда әлеуметтік қолдау бағытында біраз жұмыстар жүзеге асты.
Айталық, сәуір айында ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлік жастағы адамдарды белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіру қызметін көрсетіп келеді. Ал қарашада өз жұмысын бастаған Отбасын қолдау орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған әйел адамдарға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесуді мақсат тұтқан.
Дәрігер мен мұғалімдер жетіспейді
Бүгінгі таңда ауданның денсаулық сақтау саласындағы жаңа орталық аурухана мен емхана бөлімі, екі емхана филиалы және ауылдық округтердегі 6 дәрігерлік амбулаторияда барлығы 583 жұмысшы-қызметкер жұмыс жасайды. Аудандық ауруханаға 12 дәрігер жетіспейді. Тарқатып айтсақ, өңірге әлі бір-бір акушер-гинеколог, реаниматолог, оташы, бір балалар невропатологі, бір-бір кардиолог пен онколог қажет. Оның үстіне, ауылдық округтерге 6 жалпы тәжірибелі дәрігер де керек.
Жалпы жұмысшылар саны 604 болса, (2023 жылы - 591), оның 104-і дәрігер мамандар саналады. Ауданда өткен жылы 1454 сәби өмірге келді (2023 жылы - 1620). Жалпы 347 адам қайтыс болса (2023 жылы -336), оның ішінде сәби өлімі 17 (2023 жылы - 23), ана өлімі 2024 жылы тіркелмеді (2023ж-1). Туберкулезбен алғаш ауырған адамдар саны 33 (2023 жылы-39), қатерлі ісікке шалдыққандар қатары 92 адам (2023 жылы-69) болса, 34 тұрғын түрлі жарақат алып, улануға (2023 жылы-28) ұшырады. Ауданда гемодиализ орталығы бар. Созылмалы бүйрек ақауы (хроническая почечная недостаточность) диагнозымен 55 науқас диспансерлік есепте тұрса, оның 34-і осы гемодиализді қабылдайды. Өңірде 20 жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс жасайды. Оның 13-і Құлсары қаласында,ал 7-еуі ауылдық округтерде орналасқан. 11 орта мектеп қазақ тілінде, 9 мектеп қазақ және орыс тілдерінде аралас білім береді. Ондағы жалпы оқушылар саны – 18 461 бала.
Мектептер 100 пайыз интернет жүйесіне қосылған. 2023-2024 оқу жылының екінші жартыжылдығының қорытындысымен білім сапасы 53,2 пайызды құрады. Алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда көрсеткіш 0,5% пайызға жоғарылап отыр. Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге 550 түлек қатысып, аудан бойынша орта балл – 63,5 болды. Ауданның білім беру саласында барлығы 1744 мұғалім қызмет жасайды. Осы оқу жылында 93 маман жұмысқа орналасты. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы шеңберінде 11 жас маман келді. Қазіргі таңда ауданға 71 мұғалім қажет. Олар: орыс, қазақ сыныптарына математикадан 18, физика пәнінен 4, орыс тілі мен әдебиетінен 22, химиядан 4, алғашқы әскери дайындық пәнінен 5, орыс бастауыш сыныпқа 2, тарихтан 6, дене тәрбиесінен 1, информатикаға 4, технологиядан 2, биологиядан 1, музыка пәнінен 2 мұғалім керек. Мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде 25 балабақша болса, оның ішінде төртеуі жекеменшік саналады. 7 мектеп жанындағы 15 шағын орталықта 250 бала тәрбиелену үстінде. Мектепалды даярлық сыныптарында барлығы 1291 бала болса, балабақшаларда 4763 бүлдіршін тәрбиеленіп, оқытылуда.
Десек те, 1886 бөбек мектепке дейінгі мекеме кезегіне тіркеліп отыр. Жалпы ел ертеңін балабақшамен қамту 76,9 пайызды құрайды. Мектептен тыс 4 мекеме қызмет көрсетеді. Олар: №1 Т.Құлтумиев атындағы Құлсары балалар саз мектебі мен Құлсары балалар өнер мектебі, Жас техниктер станциясы, Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубы. Қосымша біліммен 4499 оқушы қамтылған. Бұл көрсеткішті көбейту мақсатында «Үміт» жекеменшік орталығы ашылып, 120 баланы оқытып отырғаны рас. Жалпы аудан көлемінде мектеп оқушыларын қосымша біліммен қамту 24,4 пайызға жетті.
Қылмыс азайып келеді
Ауданда 16 мәдени мекеме халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олар: «Кең Жылыой» мәдениет үйі, 11 кітапхана, Қосшағыл, Тұрғызба және Шоқпартоғай ауылдық мәдениет үйі. «Атамұра» аудандық тарихи-өлкетану музейі де аудан халқының сұранысын өтеуде. Өңірдегі мәдени қызмет көрсету деңгейін көтеру мақсатында қыркүйек айының қорытындысымен «Кең Жылыой» мәдениет үйі мен «Қосшағыл» ауылдық мәдениет үйінде барлығы 130 мәдени көпшілік іс-шара өткізіліп, 84 941 көрерменді қамтыды.
Қазір ауданда 7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Орталық стадион бар және жеке нысандар қызмет көрсетіп келеді. Онда 2024 жылдың желтоқсан айының қорытындысымен 1549 адамды қамтыған 25 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде облыстық 9 және 16 аудандық жарыс өтті. Өңірде тұратын барлық тұрғындар арасында спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатын 21453 адам бар. Бұл жалпы халық санының 24,6% пайызын құрайды. Өткен 2024 жылы ауданда 448 қылмыс тіркелді (2023 жылы-482). Оның 2-еуі өте ауыр қылмыс болса (2023 жылы-10), 139-ы ауыр қылмыс (2023 жылы-140), 167-сі орташа қылмыс (2023 жылы-172), 70-і онша ауыр емес қылмыс (2023 жылы-88) түріне жатады. 59 ұрлық (2023 жылы-118) жасалып, 166 жол-көлік оқиғасы (2023 жылы-54) орын алды. 49 қылмыс қоғамдық орындарда жасалған (2023 жылы – 77), 27-сі көшеде орын алды (2023 жылы – 46), 30 қылмысқа мас күйінде жол берілсе (2023 жылы – 28), 16-сы топпен жасалды (2023 ж. – 28). Осындай қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан 17 адам қаза болып (2023 жылы – 24), 252 азамат жарақат алды (2023 жылы – 81). Әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті үшін бөлімнің жол полициясы, көші-қон полициясы, учаскелік полиция инспекторларымен 18 687 адамға 270,8 млн.теңге айыппұл салынып, оның 228,3 млн.теңгесі өндірілді, бұл - 84,3% (2023 жылы 20552 тұлғаға 259 млн.теңге айыппұл арқалатып, оның 214,5 млн.теңгесі өндірілген еді) құрады,-деп сөзін аяқтады Жұмабек Байрақбайұлы.
«Біткен іске сыншы көп»
Аудан басшысы, сондай-ақ, өткен 2024 жылы құрылысы аяқталған 21 нысанның жұмысын да атап өтті:
-Тұрғызба ауылында ұзындығы 12 шақырымға созылған көше жарығы орнатылған. Оны мердігер мекеме - "Компания Қазахстан Электрокомплекс" ЖШС атқарды. Жобалық құны 360,3 мың теңгеге бағаланып, қаражат толықтай игерілді. Қосшағыл ауылында да 25,7 шақырымға созылған көше жарықтандырылып, мердігер мекеме "Сұңқар Құрылыс LTD" ЖШС 846,5 мың теңгенің жұмысын атқарып, объектіні өткен жылдың желтоқсанында толық тапсырды. Дәл осындай жұмыстар Майкөмген ауылының көшелерінде жүзеге асырылды. Онда 6,6 шақырымға созылған жарықтандыру құрылысы жүргізіліп, "Армандастар-Атырау" ЖШС 105,2 мың теңгенің жобасын іске асырды. Ал Ақкиізтоғай ауылындағы жарықтандырылған көшенің ұзындығы 14,1 шақырымға жетті. Мұны да "Компания Казахстан Электрокомплекс" ЖШС атқарып, 191,6 мың теңгенің жұмысын межелі мерзімде бітірді. Жаңа Қаратон кентінде де 4,1 шақырымдық көше жарықтандырылды. "Жайыксити" ЖШС жобалық құны 84,8 мың теңгенің жұмысын атқарды. Өткен жылы Құлсары қаласында көп қабатты №27 тұрғын үй бұзылып, орнына дене шынықтыру кешені салынды. Құрылысты мердігер мекеме - "САЛА" ЖШС жүргізді. Қаладағы жаяу жүргіншілер жолын төсеу жұмысын "Өмірзақ" ЖШС мердігер мекеме ретінде жүзеге асырды. Шоқпартоғайдағы ауылішілік тротуарларды салуды "Жайык Сити" ЖШС өз міндетіне алды. Ал округ аумағындағы Моншақ, Шоқпар ата қауымына қоршау орнатуды "ПрофФасад" және "Наурыз" ЖШС-тері қолға алды. Жобалар уақытылы жүзеге асты. Округ орталығындағы Қабас ауылына балалар ойын алаңын салу құрылысы басталып, оны мердігер мекеме - "АтырауСтрой Стандарт" ЖШС атқарып, пайдалануға берді. Осы ауылдағы Ж.Таскарин және Б.Нұрмағанбетов көшелеріне автотұрақ салу құрылысын "ИКАС" ЖШС іске асырды.
Жаңа Қаратон кентіндегі №22, №23 мектеп аумағынан спорт алаңдары салынып, оны "Орлан" ЖШС қолға алып, толық аяқтады. Өткен жылы Тұрғызба ауылынан 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталғаны аян. Оны жүзеге асырған мердігер мекеме - ""Integrated Construction Group" ЖШС мәдениет ошағын тамыз айында тапсырды. Сондай-ақ осы ауылда демалу алаңы (парк) да салынды. Оның құрылысын мердігер мекеме - "СК Лира" ЖШС іске асырды. Тұрғызбадағы Тәжі қауымы, Бағыт қауымы мен А.Жұбанов көшесіндегі зираттарына "Salem Construction" ЖШС қоршау орнатты. Осы округтегі мектеп ауласынан спорт алаңының құрылысын "Орлан" ЖШС жүргізді. Объект жыл аяғында толықтай аяқталып, тапсырылды. Дәл осы тектес жұмыстар Қосшағыл мен Ақкиізтоғай ауылында да жүзеге асты. Ондағы мектеп ауласынан спорт алаңын салу құрылысын мердігер мекеме ретінде "Орлан" ЖШС қолға алып, аяқтады,-деді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.
Жоспар жүзеге асуымен құнды
Сөз соңында аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы мәслихат депутаттарының қойған сауалдарына жауап беріп, соған сай биылғы жылы алға қарай атқарылатын жоспарлы жұмыстарды да баяндады. Соның бірі – жалғасын табатын 31 нысанның құрылыс жұмыстары еді. Оның ішінде Жаңа Қаратон кентінің №2-6 кварталындағы тұрғын үйлерге 33,4 шақырымдық газ құбырын тарту, Жаңа Қаратонға 300 орындық мәдениет үйінің құрылысын салу, кенттегі 7,238 шақырымға созылған көше жарығын қайта жаңғырту, балалар ойын алаңы бар шағын футбол алаңын салу бар. Сондай-ақ кенттегі кәріз желілері мен кәріздік сорғы станцияларын қайта жаңғырту да жоспарда тұр.
Сонымен бірге Ақкиізтоғай ауылына жаңадан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілетін жерлерге электр желілерінің құрылысын жүргізу, осы жерлерге ауыз су мен газ желілерінің құрылысын жүргізу қарастырылған және Ақкиізтоғай ауылының электр желілерін қайта жаңғырту да бар. Дәл осы тектес электрмен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары, Қосшағыл, Тұрғызба, Шоқпартоғай және Майкөмген ауылында да атқарылады.
Алдағы уақытта Құлсары қаласының орталығы мен «Болашақ» ықшам ауданына дейін көше жарығы жүргізіледі. Аталған қалашықта жаңадан салынған тұрғын үйлер орналасқан жерлерге кварталішілік автокөлік жолдарын салу жұмысы жалғасын табады.
Құлсары қаласының 51,4 шақырымдық электр желілері қайта жаңғыртылып, электрмен жабдықтау объектілері салынады. Сондай-ақ қаланың «Атырау» ықшам ауданындағы қалаішілік 22,2 шақырымдық автокөлік жолдары қайта жаңартылып, былтырғы көктемгі тасқыннан зардап шеккен 5-учаске мен «Достық» ықшам ауданын жалғайтын автомобиль көпірін қайта жаңғырту құрылысы аяқталады.
Майкөмген мен Шоқпартоғай ауылында мектеп ауласынан спорт алаңын салу жоспарда бар. Ақкиізтоғайда да ауылішілік жаңа автокөлік жол құрылысы жалғасын табады. Алғашқы кезеңінде 3 шақырым жерге асфальт жол төселеді. Дәл осы тектес жол құрылысы Қосшағыл мен Тұрғызба, Майкөмген, Шоқпартоғай ауылында да жүзеге аспақ. Оны «Казкомсервис», «Армандастар-Атырау» мекемелері қолға алады. Қосшағыл ауылындағы зираттарды қоршау жұмысы қолға алынады. Құлсары қаласындағы әлеуметтік маңызы бар ғимараттардың алдына 24 автотұрақ салынып, 11 әмбебап балалар ойын алаңының құрылысы қолға алынады. Сондай-ақ көп қабатты ықшам аудандардағы 30 аула абаттандырылып, №1, №8, №9, №16, №18 орта мектептердің аулаларында спорт алаңдары бой көтереді.
Әрине, мұның барлығы – алдағы уақыттың еншісінде атқарылар жұмыстар. Аудан басшысы, сонымен бірге, қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен 7 жаңа нысанды атап өтті. Атап айтқанда, Құлсары қаласында 4-кезең бойынша 75,2 шақырымдық қалаішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. «Ақмешіт» мәдени-тарихи кешеніне автомобиль жолын қайта жаңғыртуға тиесілі қаражат бөлінді. Құлсарыдағы су тазарту станциясын және көтергіш сорғы станциясын орнату да қолға алынып, қалада жаяу жүргіншілер тротуары мен веложолдарын салуға қаржы қаралды. «Барлаушы» ықшам ауданына дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын, мал өлекселері моласын (скотомогильник) салуға, Құлсары қаласындағы Ұ.Әбдірахманов, И.Тайманов көшелері бойында орналасқан автомобиль көпірлерін күрделі жөндеуге қаржы бөлінген.
Ербол ҚОШАҚАНОВ,
Диана ІЗБАСАРОВА