Ғимараттың құрылысын жүргізген - «ЭКОПЛАСТ» мекемесі.
Жылыой аудандық сотының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына облыстық сот төрағасы Бауыржан Жұмағұлов, аудан әкімі Халел Жамалов, облыстық соттың судьялары, Соттар әкімшісінің және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. ⠀
Ғимараттың құрылысын жүргізген - «ЭКОПЛАСТ» мекемесі. Нысан екі қабаттан, 17 кабинеттен тұрады. Сонымен қатар фронт-офис, күту залы, бейнебайланыспен жарақтандырылған мәжіліс залдары, медиаторлар, прокурорлар мен адвокаттарға арналған кабинеттер орналасып, судьялар мен сот қызметкерлеріне барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Ғимарат алдында автокөлік тұрағы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар орнатылған. ⠀
Бүгінгі таңда құқықтық реформаның негізгі құрамдарының бірі – сот реформасы деген пікір қоғамның сана-сезімінде терең ұялаған. Себебі өркениетті және демократиясы дамыған мемлекетті пәрменді сот жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Қазақстанда мемлекеттік биліктің дербес тарауы, тәуелсіз және мықты тарауы ретіндегі және өз өкілеттіліктерін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық тәртіпті қорғау үшін жүзеге асыратын сот билігін орнықтыру жөніндегі қажетті шаралар кешені қазіргі таңда жүзеге асырылып отыр. ⠀
Салтанатты түрде өткен тұсаукесер рәсімде аудан әкімі Халел Жамалов құттықтау сөз сөйледі.
⠀ - Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні тұсында аудандық соттың жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтаймын! Конституцияның сенімді кепілі ретінде сот жүйесін реформалау аясындағы заң үстемдігі, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық мемлекет құру негізгі мақсат болып табылады. ⠀
Сондай-ақ мемлекет басшысы сот жүйесінің материалдық-техникалық жай-күйін назардан тыс қалдырған емес. Бүгінгі сот ғимаратының ашылуы - осының айқын бір дәлелі. Ғимарат сот істері қаралатын нысандарға қойылатын нысандарға сәйкес келеді. Мұнда судьялар мен мамандардың жұмысы үшін барлық жағдай жасалған. Ендігі кезекте Жылыой аудандық сотының ұжымы жаңа ғимаратта ерекше қарқынмен еңбек етеді деген сенімдемін. Өйткені сот саласының мойнында үлкен жүк бар. Ол – абыроймен сот әділдігін іске асыру. ⠀
Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылғалы отырған жаңа ғимарат сот ұжымының жұмысына тың серпін береді деп ойлаймын. Сіздерді жаңа ғимаратқа кірулеріңізбен құттықтай отырып, еңбектеріңізге еселі табыс, әрбір жаңа бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, - деді. ⠀
Салтанатты іс-шараға қатысушылар жаңа сот ғимаратын аралап, сот ұжымының жұмысымен танысты.
Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі