Жылыойдағы колледж жатақханасы провизорлық стационарға айналды

Ауданымыздағы еріктілер тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалысты

Құлсары қаласындағы С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледж ауласынан қос қабатты 60 орындық жатақхана ғимаратының құрылысы аяқталған болатын. Ауданда қауіпті індетті жұқтырушылар қатарының көбеюіне байланысты жақында аталған ғимарат күдікті науқастарды оқшаулауға арналған провизорлық стационар ретінде пайдалануға берілді.

Оны стационарға айналдыру үшін, әрине, әзірлік жұмыстары өткен аптада-ақ басталып кеткені белгілі. Міне, сол сын сәтте медицина қызметкерлеріне аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған Ерікті жастар тобы көмекке келді. Олар барлық санитарлық сақтық шараларын қолға алып, жаңа емдеу орнының ішінің әлі де бітпеген жұмыстарын аяқтауға жәрдемдесті. Тазалық жұмыстарын жүргізіп, қазіргі заманға сай жарақтандырылуына көмектесті. Бұл ретте Қосшағыл ауылының биыл мектеп бітіргеніне 20 жыл толған 1983 жылғы түлектердің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олар гипсокартон, профиль, аристон, насос секілді ішкі жұмыстарға қажетті құрылыс және басқа да заттарды өз қаражаттары есебінен алып беріп, стационар жұмысының іске қосылуына атсалысты.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрбек Үкібаевтың айтуынша, стационар, негізінен, 52 орындық, қосымша 10 адамға арналған жан сақтау (реанимация) орны да қарастырылған.

Бұдан басқа Құлсары қаласының Махамбет даңғылының бойындағы 5-учаске тұсынан да күндізгі стационар ашылды. Оған бос тұрған бұрынғы қос қабатты жеке клиника ғимараты пайдаланылып отыр. Бірақ оған қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құрылғылардың жетіспеушілігіне байланысты жұмысы біраз кешеуілдеген еді. Жақында аудан кәсіпкерлерінің демеушілік көмегінің арқасында осы олқылықтың орны толтырылып, стационар өз жұмысын бастап кетпекші.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521