Жылыойдағы аламан бәйге

Өткен сенбіде Жылыой ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұлттық аламан бәйге өтті.

Өткен сенбіде Жылыой ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұлттық аламан бәйге өтті.

Аламан десе арқасы қозатын кіл мықтылар байрақты бәсекеде бақ сынады. Бұл сайысқа еліміздің әр аймағынан келген шабандоздар қатысты. Шын жүйріктер ұлттық спорттың екі түрінде топ және аламан бәйгеде бақ сынасты. Топ бәйгеде 9 тұлпар 18 шақырымға шапса, аламанда 3 жастан жоғары 18 жылқы 30 шақырымды бағындырды. Бәйгенің басталар алдында сәйгүліктердің жарыс жолына құрметті қонақтар ақ батасын берді.

Жарыстың жүлде қоры да салмақты. Ауданымыздан шыққан кәсіпкер азаматтардың қолдауымен екі жеңіл автокөлік тігілді. Сайыс қорытындысы бойынша, топ бәйгеде Маңғыстау облысының атынан қатысқан Нүредин есімді шабандоздың «Көк теңі» атты жүйрігі бірінші келді. Жүлделі екінші орынды Атырау қаласынан келген Елдар есімді шабандоздың «Торы» атты жүйрігі иеленді. Үшінші орын Батыс қазақстан облысының, Сырым ауданынан келген Бисұлтан есімді шабандоздың «Қаракер» атты жүйрігіне бұйырды. Құйрық тістескен аламан бәйгеде Батыс Қазақстан облысынан келген шабандоз Берік Муслиннің «Күрең» атты тұлпары тұңғыш болып мәрені кесті. Ат жаратушы Марат Мұхтаров болатын. Мәре сызығын екінші болып Батыс Қазақстан облысының Ақ Жайық ауданынан келген Бисұлтан есімді шабандоздың «Сұңқар» атты тұлпары кесті. Үшінші орынды Бейнеу ауданынан келген Бағытжан есімді шабандоздың «Ханторы» атты жүйрігі еншіледі.

Жеңімпаздарды марапаттау үшін сахна төріне аудан әкімі Азамат Бекет, Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы және белгілі кәсіпкер Төкен Жұмағұловтар шықты. Аудан тұрғындарын мерейлі меркемен құттықтаған Алимұхаммед Құттұмұратұлы топ бәйгенің бас жүлдесі «Нива» автөкөлігін жеңімпазға табыс етті. Сонымен қатар, екінші орынға 500 мың теңге, ал үшінші орынға 200 мың теңге сыйлық берілді. Баршаны меркемен құттықтаған Төкен Танаұлы аламан бәйгенің жеңімпазына өзінің атынан тігілген «Nissan Terrano» автокөлігінің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, екінші орынға мотоцикл, үшінші орынға 300 мың теңге көлемінде сыйлық табыс етілді.

Қ.Нұртайұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521