Жылыой ауданында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында 60 орындық жаңа жатақхана ғимараты ашылды.
⠀ Жылыой ауданы Құлсары қаласында Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің жаңа жатақханасының ашылуы өтті.
Жатахана толықтай жаңа жиһаздармен, төсек орынмен, сонымен қатар тоңазытқыш, теледидар, бейнекамера, студенттерге арналған кітапхан залы, асхана, демалыс залы, сыртқы демалыс орны және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында спорттық алаң салынған.
Жатақхана сондай-ақ толықтай жылу жүйесімен, электр энергиясымен, ыстық және салқын суымен толық қамтамасыз етілген. ⠀
Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов салтанатты рәсімнің ашылуымен құттықтады. ⠀
-Бүгін біз үшін ерекше күн. Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының арқасында Сафи Өтебаев атындағы колледждің жаңа жатақханасын ашып жатырмыз. Осы қуанышпен бәріңізді құттықтаймын! Енді студенттеріміз келешекте жақсы оқып, жақсы маман болып шығып, тау шыңынан көрінсе біз соған қуанамыз. ⠀
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толымды табыс тілеймін,- деді Халел Жамалов.
Жаңа жатақхананың символикалық кілтін «Оңдасын Строй» ЖШС-нің бас инженері Ақан Нұрахметұлы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Марат Ибраевқа табыстады. ⠀
Сонымен бірге аудан әкімі Халел Жамалов ардагер ұстаз Хазен Бухиевпен бірге ғимараттың тұсаукесер лентасын қиды.
Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі