Жылыойда қонақ шақырудан жарыс болып жатыр ма?

Коронавирус ауруының бар екендігіне мүлдем сенбеген скептиктер де аз емес-ті.

Бүкіл Жер шарына аз ғана мерзімде қорғаныш бетперде ( маска) кигізген коронавирус кеселінің адамдар арасынан кеткісі жоқ. Ғаламтордағы соңғы статистикалық мәліметтер көз қуантып, көңілді тоғайтпайды. Әлемде коронавируспен ауырған адамдар саны 34 миллионнан асты. Дәл қазір... Еуропа сақтық шараларын қатаңдатуда. Израиль жалпыұлттық карантинді 14 қазанға дейін ұзартты. Испанияда 6 мың дәрігер жетіспейді, өйткені медициналық колледждерде білім алып жатқан студенттер Франция, Германия, Ұлыбританияға қашып жатыр. Ауруханалары лық толы. Ресей БАҚ құралдарының хабарлауынша, 2020 жылдың 6 қазанындағы мәлімет бойынша Түркияда Ковид-19-ды жұқтырғандар 326 046-ке жеткен. Коронавирустан қайтыс болғандар - 8 498 адам, қайтыс болу деңгейі 2.61 пайызды құрайды, толық жазылып шыққандар -286 370 адам. Бұл - Түркиядағы 2020 жылғы 6 қазандағы соңғы мәлімет.

Пандемия 213 мемлекетті шарпыды. Әлемде ковид мүлдем таралмаған 12 ел ғана бар. Олар: Солтүстік Корея; Түрікменстан; Соломон аралдары; Вануату; Самоа; Кирибати; Микронезия; Тонга; Маршалл аралдары; Палау; Тувалу; Науру. Алайда бұл цифрларға күмәнмен қарайтындар көп. Эпидемиологтар мен эксперттер «кейбір елдер, мәселен Түрікменстанда коронавирус болғанмен, оны жасырып отыруы кәдік» деп есептейді. Ауру көп тараған елдер қатарында Ресей де бар, қазір Ресей шетелдіктерге шекара қақпасын жауып жатыр.

Карантин мерзімі ауданымызда да ұзартылды. Теңіш кенішіндегі вахталық қалашықтарға кіріп-шығуға тыйым салынған. Естеріңізде болса, Жылыой ауданындағы ковид ауруының таралуы осы Теңіз кенішінен басталған болатын. Бір сөзбен айтқанда тәж тажал әлі де кезекті бір құрбандығын аңдып адамдардың арасында жүр. Бірақ соңғы кездегі жағдайдың сәл-пәл тұрақтанғанын байқаған аудан тұрғындары арқасын кеңге салып, қайтадан жайбарақаттық пен бейқамдыққа көшті. Оның бір дәлелі- қонақжайлылық.

Аудандық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Клара Яровамен әңгімелескенбіз. «Қазір қоғамдық орындарда, базарлар мен дүкендерде сақтық шаралары қолға алынып, қатаң бақылануда. Оларда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, желдетіліп, тұтынушылар тек маскамен ғана кіргізіледі. Сондықтан бұл жерлерде ауруды жұқтыру қаупі, әлгіндей сақтық шаралары арқасында біршама төмен. Ал ковидті үйде, той-садақаларда жұқтыру қаупі өте жоғары. Себебі үйге қонақ шақырғанда бір бөлмеге көп адамдар жиналатындықтан ауа тарылады. Қонақта адамдарға дастархан басында маскасыз отыруға тура келеді (маскамен отырып тамақ жей алмайды ғой енді) . Өте тығыз әрі тар ауада, тығыз қарым-қатынастағы адамдар ауруды бірден жұқтырады. Сондықтан көпшілік шараларға, той-садақаларға, қонаққа мүлдем бармау керек»,- деген еді ауданның инфекционист дәрігері.

Шынында да қазіргідей бүкіл әлемді дерт меңдеген өліара кезеңдегі қонақжайлылық нағыз дарақылықтың өзі деп едік. Маусым-шілде айларында Атырау облысында, соның ішінде ауданымызда ковид жоғары шыңына жетті. Сол кездегі қалыптасқан аса қиын жағдайды қайталап көзге елестетудің өзі ауыр. Аурудың бұлайша өршуіне сол кезде де қонақжайлылығымыз ықпал еткен. Майкөмген ауылында құдалықта бірнеше адам ауырған еді.

Құлсары қаласында қызы тұрмысқа шыққан бір отбасы үйіне думандатып той жасап, оған тыйым салынғанына қарамастан жүздеген адам шақырған. Тойдың соңы топалаңға, яғни адамдардың жаппай ауруына соқтырған. Үй иелерінен бастап, келген қонақтар қызулап ауырған. Ал бұл кезде індет өршігендіктен ауруханада орын болмай, дәріханаларда дәрілік препараттар тапшы бола бастаған кез еді. Ауылда туысын жерлеймін деп жиналған бір отбасында бірден бірнеше адам ауырып, кейін сол марқұм ағасының садақасына қатысқан қарындасы-жас әйел қайтыс болды. Бұл кезде ауру жұқтырып, төсек тартып жатқан жасы егде апалары туған сіңлілерінің жаназасына қатыса алмады. Сөйтіп айналдырған бір айдың ішінде екі ағайынды адамның қайтыс болуы үлкен трагедия болатын.

Жұрт жаппай ауырған кезде ғана жылыойлықтар етек-жеңін жинап, сақтық шараларына көшті. Статистика бойынша, ауданымызда 1078 адам коронавирус жұқтырған. Аудан тұрғындарының ішінде жеңіл-желпі қызулағандар, танаулары бітелгендер, дәм мен иіс сезуден қалғандарды (коронавирустың жеңіл түрімен ауырғандар) қоспағанда, ауыр өкпе пневмониясымен ауруханада орын болмай сенделіп, дағдарғандар қаншама еді! Сол қиын-қыстау шақта А. есімді құлсарылық бір тұрғынның айтқан әңгімесі сай-сүйекті сырқыратқандай еді. «Сексендегі анам қайтыс болды. Қой сойып, күтіп отырдық, бірақ ешкім үйге бас сұққан жоқ. Тек бауырларыммен өзіміз ғана жерледік. Сол кезде ұялғаннан ба, бірге жүрген екі-үш құрдасым қазаға көңіл айтуға келгенде қуанғаным есімде»,-дейді аты-жөнін атамауды өтінген А. Мұндай сұмдық, мұндай нәубет қазақтың басында бұрын болған ба еді?! Тағы бір танысымыздың жетпістегі әкесі қайтыс болды. «Әкем жаз айындағы аптап ыстықта тоңазытқыштан суық су ішкен еді. Іле-шала ауырды. Содан соң үй-іші түгел қызулап ауырды. Ал әкем оншақты күн ішінде жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмды»,- деп еңіреген еді танысым. Әлеуметтік желідегі Фейсбук парақшасын ашуға қорқатын едік, себебі ашып қалсаң, бір қаралы хабар есітетінсің.

Коронавирус ауруының бар екендігіне мүлдем сенбеген скептиктер де аз емес-ті. Белгілі журналист Виктор Сутягин фейсбукте ковид-19-бен ауырып жатқан облыс тұрғындары туралы мәліметтерді жариялап отырды. Бұл оның журналистік міндеті еді. Осы посттарды оқығандар «Қайдағы ауруды айтып отырсың?», «Бұл өтірік, ойдан шығарылған жалған ақпарат», «Біреу саған тапсырыс беріп жаздыртып отырған жоқ па?» деген сықылды комментарийлермен Викторекеңді төпелеп, тіптен сыбап та жатты. Кейін індет өршіген шақта В.Сутягиннің жазбаларын әрмен қарай да оқып жүрдім, бұл кезде сонау маусым айында журналисті сыбап, індеттің бар екендігіне де сенбеген скептиктердің комментарий жазуға да шамалары келмей қалған. Себебі олардың індеттің бар екендігіне нақты көздері жеткен еді, ал Виктор болса сол салқынқанды да сабырлы қалпында мәліметтерді одан әрі жариялап жатты... адамдарды қауіпті тажалдан сақтандыру үшін.

Біз биылғы жылдың маусым-шілде айларында болған ауыр оқиғаларды еріккеннен еске алып отырған жоқпыз. Ауру біршама азайып, ауруханалардағы кереуеттер босап қалғаны рас. Алайда бұл тәж тажал біржола қол бұлғап қош айтысып кетті деген сөз емес. Оған жоғарыда мысалға келтірген әлемде болып жатқан статистикалық деректер дәлел.

Соңғы кезде тағы да тойханалардағы әркім байлығын көрсетіп қалуға тырысатын аста-төк тойларды аңсайтындар көбейді. Дәл солайша аста-төк той жасамаса да, тығылып той жасағысы келетіндер пайда болды. «Тығылып» демекші, олар кімнен тығылады, әрине, жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайларға орай құрылған штабтардан тығылады. Солайша сақтық шараларын белден басқысы келеді. Сондайда сол той иесі мен тойға шақырылған қонақтардың денсаулығы әкімдік пен штаб мүшелеріне ғана керек пе екен деп қынжыласың. Екі жас бас қосты делік, мұндай ауыр кезеңде ешкім олардың ата-анасын «сіздер неге аста-төк той жасамадыңыздар?» деп кіналамасы анық.

Той-садақаны былай қойғанда, аудан тұрғындары сәл нәрсені сылтауратып қонақ шақырғысы кеп тықыршып отыратын әдетіне қайта басқысы келетіндей. Той жасап, қонақ шақырғысы келген қазаққа сылтау көп: 1 жасқа толған баланың туған күнінен бастап тойланатын туған күндер, 40, 50, 60, 70, 80, 90, 100 жасқа толған мерейтойлар, құрсақ той, шілдехана, сәбиді қырқынан шығару, ит қуу, бесікке салу, тоқымқағар, айдар шашын алу тойы, сүндет той, мектепке барған той, мектепте марапат алған той, мектеп бітірген той, мектеп бітіргендерге 10,20,30,40,50,60 жыл болған тойлар, диплом алған той, әскерге аттанған той, әскерден келген той, медаль алған той, атақ алған той, жаңа қызметке орналасқан той, зейнетке шығарып салу тойы, қоныс той, көлік алған той, басқа жерге көшсе қоштасу тойы, ерулік беру, немерелі болған той, қыз ұзату тойына қатысты қыздың құрбыларына бастаңғы жасауы, қыз жасауына көрімдік той, ұзатылар қызға ағайындарының шай беруі, құдалық, ұзатылу тойынан соң қызды туыстарына әкелгенде дастархан жаю, ұлдың үйлену тойына қатысты толып жатқан жөн-жоралғылар бұдан да көп...осылай жалғаса бермек. Бұған кісі өліміне қатысты жасалатын барлық жоралғылар мен ас берулерді қосып отырғанымыз жоқ, онда тізім едәуір ұлғаяры хақ. Әрине, қонақжайлылық – қазақтың ең жақсы қасиеттерінің бірі боп саналады. Еуропа не батыс елдері тәрізді туған әкесіне қара суды сығымдап сатып беретін сараңдықтан сақтасын. Дегенмен, не нәрсе де шектен шықса, мысалы дархандық дарақылық пен даңғойлыққа айналатынын ұмытпайық. Сондықтан жоғарыда біз санамалап, кейбірінің атауын есімізге түсіре алмағандықтан мысалға келтіре алмаған отбасылық шаралар - шектен тыс шашпалық пен мақтаншақтықтың көрінісі ғана. Бірде ауылдағы бір ағайынның үйіне бардық. Кітап сөресінде тұрған фотоальбомды ақтардық. Әлгі альбомдағы ең көп сурет не дейсіз ғой- үй иелерінің тойларда түскен сан алуан фотолары. Осыған қарап қазақтың бүкіл өмірі той тойлаумен өтетінін көруге болады. Тек той қуалап кеткен адамның ой қуалауға уақыты қалмайды. Ой қуалап дегенде кітап оқу, білімін кеңейту, рухани орындар- театрлар мен суретшілердің көрмелерін аралау тәрізді мәдени демалысты айтып отырмыз. Үнемі той қуалай берген адамның ойы, яғни интеллектуалдылық деңгейі төмендейтіні белгілі. Мәселен, Жылыой ауданына гастрольдік сапармен Астанадан белгілі бір дәстүрлі әнші келсе залға көрермен жинай алмай, мәдениет үйі қызметкерлері сабылып жүреді. Кітапханаға бас сұғатындар сиреген. Суретшілер көрмесіне келетіндердің қарасы аз. Халықтың интеллектуалдық деңгейін құлдыратып, ішіп-жеуді ғана білетін тобырлық мәдениетке жол ашатын шектен тыс тойшылдық ойшылдыққа соққы беруде. Ата-анасы той тойлап, ішіп-жеуден басқаны білмейтін отбасынан білімді, қайраткер, данышпан адам шығады деу қиын. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы солай жүреді». Сондықтан пандемия кезінде тойханалардың жабылып, тойлардың азайғанына зиялы қауым қуанбаса ренжіген жоқ.

Коронавирус әлі де әлемге қауіп төндіріп тұрғанда сәл нәрсені сылтауратып, қонақ шақыруды доғарған жөн емес пе?! Жалпы жоғарыда санамалаған тойлардың біразын қысқартып, оның орнына қазақ неге қаржысын оңды-солды шашпай , жинақтамайды? Сөйтіп індет Жер шарынан мүлдем жойылған соң саяхатқа шығып, ел мен жерді аралап, шет елдердегі әлемнің кереметтерін неге тамашаламайды? Әрине, ұлттық салт-дәстүрлеріміз молынан көрініс табатын тойлар керек-ақ, дегенмен олар даңғойлығымыз бен даңғазалықтың белгісіне айнамауы тиіс.

Айтпақшы, көпшілігімізде қорғаныш маскасын тағуды ұмытып кете беретін әдет пайда болды. Ал тәж тажал әлі де әлемді қазыққа арқандаулы аттай айналып жүр.

С.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521