Жылыойда қоқыс өңдейтін цех ашылды

Дәл осындай жоба таяуда Құлсары қаласында іске асты.

Еліміздің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан 2050 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтардың 50 пайызын өңдеуге қол жеткізу жөнінде алдына мақсат қойып отыр.

Ал Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда республика көлемінде жыл сайын 5 млн. тоннадан астам лас-қоқыстар тасталады екен. Оның 10 пайызға жуығы ғана қайта өңделіп, кәдеге жаратылатын көрінеді. Бұл - еліміздің экологиялық ахуалы айтарлықтай зардап шегіп жатыр деген сөз.

Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселеге бизнес құрылымдарын тартып, тұрмыстық қалдықтарды игілікке жарату жобаларын жүзеге асыруды міндеттеді.

Дәл осындай жоба таяуда Құлсары қаласында іске асты. «Бақай» корпорациясына қарасты «Промэкология» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін цехтың тұсауын кесті.

ekozavod1

Расында да, бұл цех аудан жұртшылығы үшін ауадай қажет еді. Онсызда экологиялық ахуалы ақсап жатқан ауданда тазалық мәселесі де өз алдына бір төбе болып көтеріліп жүргені жасырын емес. Енді тұрғындар бұл түйінді тарқатып, тұрмыстық қатты қалдықтарды «Промэкология» серіктестігіне тапсырып, туған қаласының, ауылының тазалығын сақтауға өз септігін тигізуге мүмкіндік алды.

Дәл осындай жоба таяуда Құлсары қаласында іске асты.

Цехтың ашылуында алқызыл лентаны қиған «Бақай» корпорациясының президенті Мейіржан Балжігітов жаңа жобаға сәттілік тіледі. Мейіржан Қапанұлының айтуынша, бұл жобаға 250 млн. теңгеге дейін қаражат жұмсалған. Құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында басталып, биылғы жаз қарсаңында аяқталды. Күні бүгін мұнда 20 шақты жұмысшы еңбек етуде. Алға қарай цех толық қуатында жұмыс жасаған жағдайда олардың қатарын 100-ге дейін жеткізу жоспарда бар. Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан дәл осындай жоба Атырау қаласында жүзеге асып жатқанын, ондағы цех 50 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, өңдейтінін мәлім етті. Ал құлсарылық цехтың жылына 30 мың тоннаға дейін шикізат қабылдауға күші жетеді.

Эколог Қабижан Балжігітовтің және өзге де мамандардың көрсетуімен цехтағы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу процесімен таныстық. Жалпы мұнда сақталатын жарамсыз қалдықтардың мөлшері цехқа жеткізілетін шикізаттың 10 пайызын ғана құрайды деп күтілуде.

Қазіргі таңда «Промэкология» аудандағы бірнеше мекеме-кәсіпорындармен келісімшартқа отырып үлгерген. Болашақта аудан тұрғындарынан да қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын болады.

Қазір қарап отырсақ, Құлсары қаласында қара темір қалдықтарын қабылдайтын орындар көп. Соның арқасында қаламыздан да, даламыздан да шашылып жатқан темір қалдықтарын таппайсың. Сол секілді болашақта көшеден қоқыс қалдықтарын да сарылып іздеп жүретін күнге де жетіп қалуымыз ғажап емес. Оған қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін «Промэкология» ЖШС цехы мұрындық болады. Бұл сөзіміздің жаны бар. Өйткені Швеция мемлекеті өздерінен тұрмыстық қалдықтар таба алмай, Норвегиядан тасымалдайды екен. Бизнестің осы түрі жолға қойылса, онда біздің де сондай дәрежеге жетеріміз анық!

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521