2025 жылғы 26 қазан — Жылыой ауданы үшін маңызды саяси күндердің бірі. Өйткені бүгін аудандық мәслихаттың шығып қалған депутаттарының орнына таңғы сағат 7:00-де сайлау басталды. Дауыс беру рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалуымен салтанатты түрде ашылды.
Бұл сайлау – жергілікті өкілді органның құрамын жаңартып, аудан тұрғындарының өз өңірінің дамуына белсенді араласуына мүмкіндік беретін маңызды демократиялық қадам. Дауыс беру процесі үш сайлау учаскесінде өтуде. Оның бірі — №5 жалпы орта білім беретін мектептегі №96 сайлау учаскесі, ал қалған екеуі Жаңа Қаратон кентіндегі №22 және №23 білім ордаларында орналасқан №103 және №104 сайлау учаскелері болып табылады. Сайлау учаскелерінде барлық қажетті жағдай жасалған. Дауыс беру барысын байқаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдері қадағалауда. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға да үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Алғашқы үш сағаттың қорытындысы бойынша барлығы 6 сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл көрсеткіш — тұрғындардың саяси белсенділігінің аз екенін көрсетсе де, түстен кейінгі нәтиже жақсы боларына сенім білдіреміз.
Жылыой аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы жергілікті басқару жүйесін жетілдірудің, халық пен билік арасындағы байланыстарды нығайтудың нақты көрінісі. Бұл сайлау арқылы аудан тұрғындары өз сенім артқан өкілін таңдап, туған өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алады.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



