Жылыойда күнде той немесе алты айда 264 неке қиылды

«Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» деген ғой. Жаратылыстың бәрі де жұп-жұбымен жаратылған. Адам ата мен Хауа анамыздан бері келе жатқан табиғи құбылыс адамзат баласына тән.

Ислам дінінде отау көтеріп, үй болу сүннет болып саналады.

Ал қоғамымызда отбасы болудың игіліктері көп. Жұбайлар қуанышы мен мұңын бөлісетін, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге тататын жанына жақын адамын тағдырлық серік етеді. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегендей, жас отаудың иелері бірлесіп тіршіліктерін бірлей бастайды.

«Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деген тағы бар. Екі жастың арқасында екі рулы ел жақындасып, жекжат-жұрағат көбейеді. «Өрісі кеңіді, қолы ұзарды» деген содан шықса керек.

Ал «Адамның бір қызығы бала деген», отбасында перзент дүниеге келсе, әке-шеше, жақын-туыс қуанышқа бөленіп, ұлан-байтақ жеріміздің азаматы қатарға қосылады. Осы қуаныштардың әрқайсысы қазақ даласын дүбірлі тойға бөлейді емес пе? Мінекей, жаз маусымының қақ ортасына да келіп жеттік. Демек, елде той көбейді деген сөз, тойханалар лық толатын, шашулар шашылатын кезең. Бұл тұрғыда біз биылғы алты айдағы неке қидырып, шаңырақ көтерушілердің нақты санын білген де едік. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің сектор меңгерушісі Анар Ақбердиеваның мәліметінше, жыл басынан бергі алты айда 264 жас неке қиған екен. Ал былтырғы жылы осындай кезеңде 297 жұп отау көтерген.

С.ӘЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521