Жылыойда ауыл көшелеріне жол салынады

Таяуда өткен аудандық Ардагерлер кеңесінің ІІ пленумында кеңестің жаңа төрағасы болып Гайдар Арыстанов сайланған еді. Ол ауданға қарасты округтерді аралап, ауылдағы ардагерлер кеңесінің мүшелерімен танысуды бастап кетті.

Өткен аптада кеңес төрағасы Қосшағыл ауылына барып, ондағы белсенді де сыйлы ақсақалдармен, бастауыш ұйымының өкілдерімен  кездесіп қайтты. Басқосуға округ әкімі Саян Баселов, округ әкімі аппараты жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жексенғали Имаш пен өзге де кеңес мүшелері қатысты.

Қосшағыл ауылдық округі әкімі С.Баселов ауылды дамыту үшін қосшағылдық  ардагерлер кеңесінің қосып жатқан үлесінің зор екендігін  айтты. Сондай-ақ, ауылда жасалып жатқан  істер туралы, алдағы уақытта  Жылыой ауданының 5 жылдық даму жоспары аясында ауыл көшелеріне жол салынып, жарықтандырылатынын жеткізді. Жалпы, Қосшағылда ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Ал сол жұмыстардың жүзеге асуына өзекті проблемаларды қозғап, шешілу жолын қоса ұсынып, әкімге бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып отыратын ардагерлер кеңесінің де үлесі айтарлықтай екен.

Жиналыста көптеген мәселе көтеріліп, ардагерлер өзара саралап, талқыға салды. Президенттің халыққа жасаған «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы елең етер жаңалықтарға ризашылықтарын білдірді. Қазірде ауылда ардагерлер кеңесіне бөлінген арнайы баспана жоқ. Олар мәдениет үйінің ішінде, спорт мектебінің ғимаратында бас қосып жүр. Көргені мен түйгені көп ардагерлерге қай жерден де орын табылар. Дегенмен, олардың ғана өзіне лайықталған, бос уақыттарын өткізетін, келелі кеңес құратын,  ішінде барлық жағдайы жасалған заманауи бір орын керек-ақ...

Ел ішіндегі тәртіп пен татулықтың ұйытқысына айнала білген қарияларды ең алдымен, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жастардың жайы да алаңдатады. Келешек ұрпақтың біліміне, тәрбиесіне, қоғамдағы орнына алаңдаушылық танытады. 

Өзіңіз айтқандай ізімізді жалғап, артымыздан еріп келе жатқан жастарымыздың тәртібі мен тәрбиесін әлбетте, бірінші орынға қоямыз. Өйткені, «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген ұлағатты сөз бар. Бүгінде имандылық пен білімді бойына қатар сіңіріп келе жатқан жастар көп. Ауылда бірде-бір өзге ағымның жетегіне еріп, адасқандар жоқ. Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Олар – білімнің бұл күндегі маңызын жақсы түсінеді. Түсініп қана қоймай, жүзеге асырып та келеді. Алда ауылдан екі қабатты мешіт тұрғызылмақ. Бұл мешіт – қос қабатты құлшылық орны болмақ. Ауыл мешітіне найб имам келді. Бұрынғы кездегідей емес, ауылда көп жаңашылдықтар байқалады. Біраз ілгерілеушілік бар. Тек осы бетімізден таймасақ, ауылымызды жан-жақты көркейтуге жұмыстана берсек, - деді ауылдағы мешіт имамы Т.Айдарбекұлы.

Басқосу кезінде ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Аманқос Иманғалиев ақсақал  сөз сөйледі. Қарияны ауыл шаруашылығы саласының ертеңгі күні ойландырады. Жылдан жылға азайып бара жатқан су мәселесі толғандырады. Нарықтағы қымбатшылықтың  әсері қарапайым халықтың қалтасына салмақ болғанын да жасырмады.

Елдегі кемшін қалып бара жатқан дүниелер тізбегінде ортаға салды.

Қазір техниканың, әлеуметтік желінің, смартфон мен ұялы телефонның заманы десек те, үлкендердің  басым бөлігі газет-журнал оқиды. Ал осы жыл сайын жазылып, оқуға асығатын сүйікті басылымдарының уақытында қолдарына тимеуі үлкендерді ашындырады. Жиналыста мерзімді басылымдарды таратушы «Қазпошта» мекемесінің қызметі де сынға алынды. Қатысушылардың баспасөзге қатысты қойған сұрақтарына да тиісінше жауап қайтарылды. Жиынды қорытындылау үшін соңғы сөз аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Нұрдәулет Ақназаровқа берілді.

 

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521