Дана халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген. Осы тұста тәрбие мен білім берудің алғашқы баспалдағы бала бақшадан басталады десек қателеспейміз.
Балақандарды ес біле бастағаннан өнегелі тәрбиелеу үшін ата-аналар білімді педагог тәрбиешілерінің көмегіне жүгінеді. Бүгінгі күнгі мектепке дейінгі мекемелер заманауи технологиялармен қамтылғаны баршамызға белгілі. Десе де, ата-аналар онда балалардың немен шұғылданатынын, ішкі жағдайын біле бермейді. Осыған байланысты таяуда ауданымыздағы «Әйгерім» бала бақшасында жаңа оқу жылы бағдарламасына сәйкес, ата-аналар үшін ашық есік күні болып өтті.
Бала бақшаның күнделікті өмірімен, іс-шаралардың өту барысымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шараға ата-аналар шақырылды. Олар күн тәртібіндегі әр түрлі кезеңдер бойынша топ тәрбиешілерінің жұмыстарымен танысты. Әрі қарай ертегі еліне саяхаттап, бөбектерге арналған көркем әдебиеттермен танысты. Топ тәрбиешілері қуыршақтың көйлегін салу, дидактикалық қимылды ойындарды көрсетті.
Сондай-ақ ата-аналар тамақтану, түскі ұйқы, серуен кезіндегі балалардың көңіл -күйіне бақылау жүргізді.
А.Таубай