Жылыойда қанша аңшы бар?

Өткен жылы ақпан айында Жылыой аудандық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамдық бірлестігі құрылған болатын.

Оның төрағасы болып осыған дейін облыстық Аңшылар мен балық аулаушылар қоғамының ауданымыз бойынша аға қорықшысы болып жасап келген Сабыр Қанатбаев сайланған-ды. Жақында аталған қоғам төрағасымен кездесіп, әңгімелескен болатынбыз.

-  Сабыр Ерқуатұлы, өзіңіз басқарып отырған қоғам өткен жылы құрылғанымен, оның негізі облыстық аңшылар қоғамы екенін білеміз. Сол облыстық Аңшылар қоғамы туралы қысқаша әңгімелеп өтсеңіз.

-   Жалпы, Атырау облысындағы Аңшылар мен балық аулаушылар қоғамы 1958 жылы құрылған. Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі басқа облыстарда көптеген аңшылар қоғамы тарап кетті. Сол тоқырау жылдары басшылық қызметте жасаған Есен Тасқынбаев ағамыз - Атырау облыстық Аңшылар мен балық аулаушылар қоғамын сақтап қалуға қолдау көрсеткен азамат. Бүгінде облыстағы Аңшылар қоғамы кеңесінің белсенді мүшесі.

-  Ауданымыз бойынша аңшылыққа рұқсат етілген жер аумағы қандай? 

-  Бүгінде Жылыой мен Мақат аудандарының 1 млн 357,5 мың гектар жері аңшылық шаруашылығына берілген. Осы аумақ біздің қоғамдық бірлестікке қарайды. Қоғамда 1 аға қорықшы, 2 штаттан тыс қорықшы қызмет етеді. Жалпы осы белгеленген жерлерде 4 аңшылар ұжымы құрылған. Атап айтсақ, 45,0 мың га жер «Кристал ЛТД» ЖШС-на бөлінген, ол жерде 3 қорықшы бар. «Панжев С.Б.» жеке кәсіпкерлігіне 16,0 мың га бөлініп, ол жерде 2 қорықшы қызмет етеді. «Қапаш» аңшылар ұжымына 20 мың га жер тиесілі. Онда 3 қорықшы жұмыс жасайды. «Өнім» жеке кәсіпкерлігінде 5 мың га жерде 4 қорықшы қызмет етуде.

-   Ауданда қанша аңшы бар?

-   Қазіргі кезде біздің қоғамға 600 адам тіркеліп тұр. Оның белсендісі 400-ге жуық. Қалғандары тіркеуде болғанымен, аңшылықпен айналысып отырған жоқ десек те болады.

-  Оларға аң атуға рұқсат беру мәселесі қалай жүргізіледі? Жалпы, бізде қандай аңдарды атуға рұқсат етілген? 

-  Аңшыларға аң ату үшін рұқсат белгіленген кезеңде арнайы жолдама арқылы беріледі. Әр жылдағы аңның көбею немесе азаю санына байланысты атуға рұқсат етілетін аңның саны да әртүрлі болады. Мысалы, 2018 жылы біздің қоғамға қарасты аумақта бір аңшыға 50 құс, оның ішінде 5 қаз, 15 шіл және қасқалдақ атуға рұқсат берілді. Құсқа аңшылық құру мерзімі қыркүйек айының алғашқы сенбісінен басталып, 30 қарашаға дейін болды. Келесі жылдан бастап бізге бөлінген жер оңтүстік аймаққа ауысуына байланысты құсқа аңшылық маусымы 15 желтоқсанға дейін ұзартылады. Осы жерде айта кететін мәселе: біздің аумақта құсты атуға тыйым салынған көлдер бар. Бұл - құстардың балапан өргізетін жерлері. Біздің қоғамнан алған рұқсаттың ерекшелігі: еліміздегі басқа облыстарындағы көлдерге барып, құс атуға болады. Еліміздегі басқа облыстарда ондай рұқсат жоқ. Кейбір облыстарда әр көлге бөлек рұқсат та берілетін көрінеді. Өткен жылы аудан бойынша 45 қабан атуға рұқсат етілді. Оның аңшылық құру уақыты қыркүйек айынан 31 желтоқсанға дейін болды. Қоян ату аңшылық маусымы 15 қазаннан басталып, биылғы жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады. Әр аңшыға 5 қоянға дейін атуға рұқсат беріледі. Осы аталған аңдар мен құстарға аңшылық жасауға рұқсатты біздің қоғам береді. Жолдамалар ақылы. Ал қасқыр атуға жыл бойы рұқсат етілген. Терісін тапсырған адамға облыс арқылы ақысы да төленеді.

-   Қорықшылардың міндеті туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

-   Қорықшылардың негізгі міндеті - өздеріне белгіленген жер аумағында аңшылық құрушылардың рұқсат қағаздарын тексеру, аңшылық қаруды қолданғанда қауіпсіздікті сақтауды және аңшылық құратын жерлерде санитарлық тазалықты қадағалау. Қызыл кітапқа енген аңдар мен құстарды атпауын, сонымен қатар сиреп бара жатқан сексеуіл және тағы да басқа өсімдіктерді шаппауын қадағалайды. Табиғатты қорғау заңдылығын бұзған тұлғаларға тиісті хатамаларын толтырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына жолдайды.

-  Сіздің қоғамдық бірлестікте аңшылармен қатар балықшылар да бар шығар. Оларға рұқсат беру мәселесі қалай жүргізіледі?

-  Балық аулаумен айналысу үшін біздің қоғамға тіркеліп, рұқсат алу міндетті емес. Жалпы әр адам 5 қармақпен 5 киллограмға дейін балық аулауға құқы бар. Ал одан көп мөлшерде және аумен аулау үшін арнайы мекеме болуы керек. Тағы бір айта кететін мәселе: Жылыой ауданы бойынша су объектілеріндегі рекреациялық балық аулау аймақтарын белгілеу туралы 2017 жылдың 30 қарашадағы «Кең Жылой» газетінің 48-нөмірінде аудан әкімінің қаулысы және қала әкімінің шешімі шықты. Онда аудан аумағындағы балық аулауға болатын көлдердің атаулары мен координаттары көрсетілген. Жалпы балық аулаушылар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы№ 18-04/148 бұйрығымен бекітілген балық аулау қағидаларын бекіту туралы заңының аясында әрекет етуі керек. Осы заң аясында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының кәсіпшілік мөлшері көрсетілген. Дегенмен оның ішінде біздің Жем өзені мен көлдердегі балық аулау мөлшері нақты жазылмаған. Онда тек «Атырау облысының шегінде Жайық-Каспий бассейнінің балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері» деп жазылып, ол жерде ауланатын балық мөлшерін жазған. Сондықтан облыстағы балық аулауға тыйым салу маусымы кезінде Жем бойы мен аудандағы көлдерден балық аулайтын жергілікті тұрғындар мен құқық қорғаушылар арасында түсініспеушілік туындап жатады. Осы мәселені халық дұрыс түсінсе деген оймен айтып отырмын.

Әңгімеңізге рахмет.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521