Жылыойда алдағы бес жылда 13 мектеп салынады

Өткен аптада мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жолдаған Жолдауындағы тапсырмалар мен міндеттерді талқылау мақсатында аудан активінің отырысы өтті.

Актив жиынына төрағалық еткен аудан әкімі Жұмабек Қаражанов 5 бағдардан тұратын Президент Жолдауының айқын бағыттарына тоқталды. Әлеуметтік-экономикалық саясатты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және саяси реформаларды іске асыру жолындағы мәселелер мен тың идеяларды қамтылған Жолдаудың маңыздылығын да атап өтті. Отырысқа  қала, кент, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер басшылары, қоғамдық кеңес, қоғамдық келісім, ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, білім және денсаулық сақтау ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиналыста аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов, аудандық «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Шынаргүл Темірбаева, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Зәуреш Қалмұханова, «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ақылбек Едігеев, аудандық білім бөлімі басшының орынбасары Гүлжансара Таңатарова  Жолдауға қатысты ой-пікірлерін білдірді.

Мемлекет басшысының халыққа жолдаған Жолдауында көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелер қамтылды. Бес бағдардан тұратын бұл Жолдаудың қазіргі жағдайда  алдымызда тұрған маңызды міндеттерді шешудегі рөлі аса зор екені белгілі. Өйткені, айтылған мәселелердің бәрі де халықтың сұранысы, халықтың айтқаны, халықтың күткені. Президент Үкіметке де, жалпы мемлекетке де  нақты міндеттер жүктеді. Еліміздің әр саласына көңіл бөлінді. Соның ішінде мемлекеттік басқару ісінің қайта жаңғыруға арналған бағдарламалар халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға ықпал етеді деп ойлаймын. Сондықтан Президенттің жаңа стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігін құру туралы тапсырмасы мемлекеттік органдардың өздерінің стратегиялық жоспарларын дер кезінде орындауын бақылап отырмақ. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне де баса назар аударылды. Қоғамдық кеңестердің, Пәтер иелері кооперативтерінің,  мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін оңтайландыру- уақыт талабы. Олардың атқарған жұмыстарына халықтың көңілінің толмайтынын мемлекет басшысы ашып айтты. Қазір халық бос сөзден, құр уәдеден шаршады. Мемлекеттік басқаруға жаңа формациядағы басшылар қажет. Ең бастысы, Президент Жолдауындағы 4 бағдар биліктің өзгерістерге дайындығын және ол өзгерістерді билік өзінен бастайтынын дәлелдейді. Аудандық мәслихат депутаттар корпусы сайлаушылармен жоспарлы кездесулерінде Президент Жолдауының аспектілерін түсіндіріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстармен таныстырады.

Құрметті жиынға қатысушылар! Жолдауда  айтылған мәселелер, нақты берілген тапсырмалар жарқын болашаққа жол ашады. Енді сол міндеттерді бірлесе орындауымыз қажет, - деді аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов өз баяндамасында.

Келесі сөз кезегі аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысына берілді.

Жолдауда Мемлекет басшысы экономикалық даму,  мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, мәдениет, бизнес, жастар мәселелеріне айқын тоқталды. Президент өз сөзінде жастарға жан-жақты қолдау көрсету- мемлекетіміздің  басты міндеті екенін айтты. Сондай-ақ, еңбекпен қамтудың түрлі шаралары арқылы келесі жылы 100 мың жастың жұмыспен қамтылатынын тілге тиек етті. Жас буын өкілдерінің кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіп, оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2 жарым пайыз болатын шағын несие беруді айтып өтті. Аталған шаралардың бәрі де әділетті жолмен жүзеге асуы тиіс екендігін ескертті. Бұл - қазақтың ойлы жастары үшін зор қуаныш. Мемлекет басшысының осындай реформалары жастардың болашаққа деген сенімін күшейте бермек, - деді баяндамашы А.Едігеев.

Президент Жолдауының үшінші бағыт-бағдары білім саласына арналған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген мағыналы сөзбен бастаған мемлекет басшысы өз сөзі арқылы ойын ел-ертеңі – білімді жастардың қолында екенін айқын білдіргендей. Жолдаудың білім саласына қатысты тұстарын аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Г.Таңатарова саралады.

Білім саласындағы бесіктен басталатын тәрбие мектепке дейінгі ұйымдардың бағдарламасына сәйкес келеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде, біздің еліміздегі 6-дан 2-жасқа дейінгі балалардың жартысы ғана балабақшамен қамтылғанын атап өтті. Біздің ауданымызда 21 мемлекеттік, 2 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Президент атап өткендей ауданымызда 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың тек 54 пайызы мектепке дейінгі мекемемен қамтылған. Кейбір кемшіліктерді түзету мақсатында 2022-2026 жылдарға арналған ауданның даму бағдарламасының аясында Жылыойда 7 балабақша құрылысы салынады деп көзделуде. Егер бұл жоспар орындалса, біз 1900-дың үстінде бүлдіршінді балабақшамен қамтамасыз етпек ойымыз бар. Ендігі мәселе – осы балабақшаларда жұмыс істейтін тәрбиешілердің жалақысын көтеру. Сондай-ақ, тәрбиешілердің білімін арттыру мақсатында аттестациядан өтуі. Білім саласының қызметкерлері мен педагогтар мұны да қолдап отырмыз. Келесі саты – орта білім. Орта білім – біздің болашағымыз екені нақты айтылды. Жолдауда айтылған ерекше бағдар - «Жайлы ұлттық мектеп» бағдарламасы. Бұл – оқушыларды заманауи талаптарға сай, жаңа технологиямен, санитарлық талаптар сақталған мектептермен қамту. Ал қазіргі таңда ауданда 20 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Өкінішке орай, сол мектептердің көпшілігі өткен ғасырдың 70-ші, 80-ші жылдары бой көтерген. Соның салдарынан заман талабына сай  қызмет көрсете алмай отырғанымыз да жасырын емес. Ауданымыздың 5 жылға арналған даму бағдарламасында ауданда 13 жаңа мектептің ғимаратын тұрғызу жоспарда бар. Сонда біз 6 мыңнан астам оқушыны бүгінгі заман үлгісіне сай мектептерде оқыта аламыз, - деді аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары.

Жолдау жүктейтін міндеттер мен алда осы бағытта атқарылатын жұмыстарды саралаған жиналыста басқа да көптеген ойлар, ұсыныстар айтылды.

 

 

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521