ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және 1 қыркүйек – Білім күніне орай Құлсары қаласында 580 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шараға Жылой ауданының әкімі Х.Жамалов, Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы С.Есенғалиев, «ТШО» ЖШС-нің үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Р.Артығалиев, ардагер ұстаздар қатынасты.
Жылыой ауданының әкімі Х.Жамалов жаңа ғимараттың ашылуында: «Бүгінгі күн жылыойлықтар үшін өте маңызды болмақ. Себебі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бүгін көптен күткен білім ордасы №6 жалпы мектептің жаңа ғимаратының құрылысы толықтай аяқталып, халық игілігіне табыс етіледі.
Осыған орай Сіздерді жаңа оқу жылында жаңа мектептің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!
Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «Игілік» бағдарламасы арқылы бой көтерген 3 қатарлы 580 орындық мектеп заманауи талаптарға сай спорт зал, акт зал және асханамен қамтылған.
Сәулеті жағынан да қалаға көрік беретін білім ордасы болмақ.
Жаңа мектеп жаңаша жұмыс жасайды, нағыз білімнің ордасы болады деген ойдамыз. Осында оқитын оқушылар заман талабына сай жақсы, терең білім алады деп сенеміз.
Оқушыларға осындай мүмкіншіліктерді қолдана отырып - жақсы оқып, белсенді және қайратты, адал және жауапты болуын тілеймін. Халқымыз бен мектебіміздің құндылықтарын, жақсы дәстүрін сақтап қана қоймай оларды көбейтуге үлес қосады деген сенімдеміз»- деді.
Ғимаратта 23 оқу кабинеті бар, соның ішінде 3 кабинет арнайы жабдықталған.
Барлығы интереактивті тақта, интернет жүйесіне қосылған және де арнайы оқу залы бар, үлкен кітапхана, 250 орындық мәжіліс залы, ағылшын тілі, информатика, еңбек, тігін кабинеттері, асхана, одан бөлек спорт залы, қысқы бақ, ойын алаңдары, бөбектерге арналған алаңдармен қамтылған.
Сонымен қатар, керамика, металл мен ағаш өңдеу шеберханаларына, маталарды өңдеуге, тамақ дайындауға арнайы орын бөлінген және олар толықтай жабдықталған.