Жылыойда 17 адам газға уланды

Өкінішке орай тұрғындар маңызды ескертпелерге көңіл бөлмейді.

Күз келіп, күн суыта салысымен жылыойлықтар жылыту қазандығын іске қосып, қыстың қамына кірісуде. Десек те, сақтық шараларының қатаң сақталмауының салдарынан өртену, табиғи газдан улану оқиғалары жиі орын алып жатады. Осыған сәйкес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері еріктілермен бірігіп, қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бастады. Олар үй-үйді аралап, тұрғындарға түсіндіру шараларын жүргізді. Басты мақсат – өрт кезіндегі қайғылы оқиғалардың алдын алу.

Жыл басынан бері аудан бойынша жиырма үш өрт дерегі тіркелді. Оның үшеуі тұрғын үй секторында орын алған. Он бір оқиға автокөліктегі өртену-жану дерегі болса, қалғаны кәсіпкерлік нысандарының ғимаратында тіркелген. Дегенмен, өрт сөндіру қызметі мамандардың тынымсыз еңбегінің, жауаптылығының арқасында өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш төмендеді. Пеш пен жылыту қазандығын іске қосу - жауапты іс. Құрылғыларды іске қоспас бұрын, ең алдымен, жарамдылық мерзімін тексеріп, бойындағы ақауды анықтау қажет. Құбырдан газ кету, мұржаның бітелуі, жылыту жүйесінде ауаның болуы, мұржаның тиісті стандартқа сай қапталмауы, бөлмеде булықтың болмауы және тез тұтанатын, жанғыш заттардың қалып қоюы, электр насосының ақауы – осының барлығы өрттің шығуына себеп болады.

Өкінішке орай, тұрғындар осындай маңызды әрі ұсақ-түйек ескертпелерге көңіл бөлмейді. Сақтық шараларын қатаң сақтамаудың соңы көптеген қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыруда. Дәстүрге айналған іс-шара барысында мамандар басты назарды ауыл тұрғындарына аударуда. Оның ішінде халықтың қорғалмаған тобына аса қатты мән берілді. Өйткені, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, зейнеткерлердің өмір қауіпсіздігі өте маңызды болып саналады.

- Өртену-жану жағдайлары елді мекендерде орналасқан тұрғын үйлерде жиі тіркеледі. Мәселен, ағымдағы айдың ортасында Қара-арна ауылдық округіндегі Жаңажол көшесі, №126 үйдің пеш мұржасы бітеліп, ішке кеткен түтіннен 17 адам газға уланып қалып, аудандық ауруханаға жеткізілген. Оның он төрті – бала, үшеуі ересек адам. Қазір бәрінің де жағдайы қалыпты, - дейді мамандар.

Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нариман Өтешовтің сөзінше, іс-шаралар жоспары жылыту маусымының аяғына дейін толықтай жүзеге аспақ. Сондай-ақ жергілікті полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп автокөліктердегі өрттің алдын алу үшін рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521