Жылыойда 17,5 кг қарбыз өсірілді

Жыл сайын Жем бойына бақша салатын шарушалықтар көбейіп келеді. Биыл олардың қатарына «Ерназар» шаруа қожалығы да қосылды.

Жай ғана қосылып қана қойған жоқ ерекше салмақты қарбыздар өсіріп, аудан тұрғындарын бақша өнімімен қамтып отыр. Жақында «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің директоры Қуаныш Аязбаев редакцияға хабарласып, аталған шаруашылықта ерекше үлкен қарбыздар өсіріліп отырғанын айтты.

Бұл хабардың анық-қанығын білмек болып ауданымыздағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерболат Төлендиев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерлан Нұрғановтармен бірге «Дүйсеке ата» көпірі маңында орналасқан егістікке жол тарттық. Бақша басында «Ерназар» шаруа қожалығының жетекшілері ағайынды Нұрмұхан мен Әлім Байжановтар қарсы алды. Шаруашылық бұрыннан төрт түлік мал өсірумен айналысады.

Ал биылдан бастап Жем бойынан 5 гектар жерге қауын, қарбыз және қияр еккен екен. Қарбыздың «Бомба», «Продюссер» атты тұқымдарын салыпты. Өсірілген қарбыздарының салмағын байқап өздері де таңғалыпты. Еігіншілермен бірге бақша ішін аралап ерекше үлкен қарбыздардың бірін таңдап, пәлегінен үзіп алдық. Оны әкеліп таразыға салған кезде 17,5 кг салмақ тартқанына куә болдық. Ауылшаруашылығы мамандары ауданымызда бұған дейін өсірілген үлкен қарбыздардың салмағы 10-12 кг төңірегінде болғанын айтады. Бұл әрине біздің аудандағы шаруалардың бақша салуда машықтанып, өнімнің сапасын арттыруда ізденіп жатқандығындығын көрсетеді.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521