Қазақта «Алыстағы ағайыннан, іргедегі көршің артық» деген керемет нақыл бар. Осы бір қанатты сөздің растығына қазақ топырағына табаным тигелі көз жеткізіп келемін. Себебі менің тума-туысқандарым Ресейде, Өзбекстан республикасында тұрады. Оларға қарағанда маған Атыраудан, соның ішінде Жылыой жұртынан тапқан достарым мен әріптестерім жақын секілді.
Иә, қазақ халқының мен дегенде әркез құшағы кең, жүрегі ыстық, көңілі дархан. Ағайындай араласып, шаңырағында болып, төрінде отырып, ақ дастарханынан талай дәм таттым.
Негізінен, Атырау қаласында тұрсам да көп жылдан бері қызмет бабымен Құлсарыда жұмыс жасап келемін. Ұжымдас қыз-жігіттердің барлығы жылыойлық қазақтар. Бірі «апа», енді бірі «жеңеше», қатарласым «құрдас» деп жақын тартып тұрады. Мұның барлығы бауырмалдықтың белгісі.
Өткен жылы шаңырағымда үлкен қуаныш болды. Ұлым Әлібек үйленіп, Айда атты келінді болдым.
Құдаларым қазақ болған соң, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен құда түсіріп, тойды беташармен бастап, барлық жөн-жоралғысымен өз деңгейінде атқардым. Барлығы Құлсары мен Атыраудағы ұжымдас достарымның ақыл-кеңесімен жүзеге асты. Тоймен бірге құдалық та шақырып үлгердім. Келініме сырға салып, алып келу үшін құдалардың ауылына бас құда қылып мені «жеңеше» деп жақын тартатын жылыойлық Сәтбек Қожағұлов пен келіншегі Гүлзаданы жібердім.
Жақында немере сүйіп, оның атын азан шақырып Сафия деп қойдым.
Тойым тойға ұласып, сүйкімді Саян немереме кішкентай Сафиям қосылып, қазір анам Венера екеуміз шаңырақ шаттығы мен ұрпақ қызығына бөленіп отырған жайымыз бар.
Әрине, мұның барлығы Қазақ еліндегі бейбітшілік пен татулықтың арқасы. Қазақ халқы, соның ішінде атыраулықтар, әсіресе Жылыой жұрты әрқашан бауырмал, қонақжай екеніне тағы бір мәрте куә болдым. Сондықтан да барша отандастарыма, достарым мен ұжымдастарыма өзімнің және отбасымның атынан шын жүректен шынайы алғыс сезімімді білдіремін. Шаңырақтарыңнан шаттық, дастархандарыңнан бақ-береке, үйлеріңнен мереке кетпесін дегім келеді.
Юльфия Сунчилиева,
татар ұлтының өкілі